Әдеби KZ —Япыр-ау, бикеш-ай, бізді масқара етпекпісің шынымен. Өз ықтиярың болған соң келмеді
ме ол екеуі. Енді көргенсіз ел атанбайық, —деседі жеңгелері.
Үбиан сол ызаға булығып қасарысқан қалпынан қайтпапты.
— Немене, ерке қыз дегенге, шолжаң болғың келе ме сонша. Ел рәсімінен, бұрынғының
жолынан аттап қайда бармақсың. Бүйтіп бізді қорлама. Есті қыз өйтпес болар. Біз де
өзіңдей қыз болғамыз, — десіп енді жеңгелері ашуға көшеді.
Ақыры таң алдында Үбиан күйеу бала отырған отауға баруға келісіпті. Бұл кезде кеш бойы
сөзден жығылып, терлеп-тепшіп қысылған екеуі әбден қалжырап, оның үстіне
қалындықтың соншама кешігіп, көңілдері қобалжып отыр екен. Осындай толқу үстінде
тоқырап отырғанда, Үбиандар кіріп келіпті. Адамның берекесі бір кетсе, аяғы тайғанай
беретін әдеті емес пе. Аюбайлар тағы жаңылыс басады. Қалыңдық кіргенде, күйеу жағы
ізет көрсетіп, орнынан тұрып қызды аялап қарсы алатын салтымыз ғой. Аюбайлар
абыржып оны да ұмытқан көрінеді. Әпкемдер кіріп келгенде, орнынан тұрып қарсы ала
алмапты.
Оң босағада отырған қызға бұдан артық қорлық болсын ба, онсыз да ызаға булығып
келген әпкем лезде тәкаппарланып кеткен екен. Жігітке қол ұсынбақ түгілі мінін бетке
басады.— Жатыстарыңызға береке берсін. Жау қайтарғандай қалжырап қалған екенсіз,
мазаларыңды алмайық. Қызға сөз салардан бұрын, сөз мәнісін түсінер болар еді. Сөз
қадірін ұқпаған, өз қадіріне қалай жетпек. Кешіріңіздер, — деп бұрылып жүре береді.
Енді Аюбай намыстанып, ашулы аттанбақ болады. Жеңгейлер мән-жайдың тігісін
жатқызып, жігіттің шымбайына батыра ақыл айтып, ашуын тоқтатып аттандырады. Оңдас
кешірім сұрап, бұл оқиғаның елге жайылып кетпеуін өтініпті. Салт бойынша күйеу жағы
таң атпай, ел көзіне ілікпей ауылдан аттануы тиіс. Екеуі лезде жүріп кетеді.
Ертеңіне Үбиан әпкем тігілген киім-кешектерін лақтырып, жасауларын шашып қатты
ашуланды. Сонан соң мұңайып бір түрлі тұңғиыққа түскендей жүреді. Үй-іші басу да
айтқан жоқ, ашу да айтқан жоқ.