Әдеби KZ анық. Оның үстіне менде қай шама бар дейсің. Көзім жасқа толып, бақырып жіберуге әзер
шыдап тұрмын. Сарт-сұрт еткен таяқ өз денеме тигендей түршігіп барамын. Сай-сүйегім
сырқырайтын сияқты. Жабыла талап жатқан тобырдың әділетсіздігіне күйінемін.
Әйелдер шулап, азан-қазан болды да кетті. Жұлқысып, алысып ырсылдаған ерлердің
қырылдақ үніне, әйелдердің бажылдаған ойбайы қосылып күңірентіп барады.
Кенет көкем қарсыласып, біреуінің таяғын тартып алды да, қоршаудан сытылып шықты.
Сөйтті де кілт бұрылып, Аққұл тобына қырғидай тиді. Көкемнің бойына әлдеқандай
күшқұйылғандай құлшынып шыға келді. Әлгілерді бет қаратпай шетінен сулатып жүр.
Олардың қолдарындағы қаруын қағып түсіреді де, өзі шүйлігеді. Қарсы жақтың жігіттері
жауырыны қайқаң етіп, шоқиып қала береді. Ең соңында Аққұлдың ұлы Жақсыбай да
жалпасынан түсті. Бәрі де топырақ қауып, тырманып жатыр. Жаңа ғана өн бойым дірілдеп,
қорыққанымнан не істерімді білмей алақтап тұр едім, енді мәз-мәйрам болып қалдым.
Мына қорлыққа Аққұл шыдай алмады білем. Баласының сулап жатқаны сүйегіне батты
ма, кенет қолындағы таяғын көтеріп, көкеме қарай кәрі арыстанша айбат шеге ұмтылды.
Көкем бұл жолы қорғанбады. Қолындағы келтегін лақтырып тастап, екі қолын артына
ұстаған күйі ашулы шалдың алдында тұра берді. Қанша қағалсу көрсе де, үлкенге қол
көтермегеніне менің де ішім бір түрлі жылып сала беріп еді. Бірақ көзі қарауытып кетті ме,
әйтеуір Аққұл шал әдепке тосылған жоқ. Қолындағы таяқпен көкемнің қақ маңдайынан
періп жіберді.
Жарылған бастан қара қан бұрқ ете қалды. Бетін қан жауып кетті. Аққұл таяғын тағы сілтей
беріп, кілт тоқтай қалып, мұңайып төмен қарады да, еңсесі салға кеткендей бұрылып,
соңына қарамастан бүкірейіп, кібіртіктеп басып өз аулына тартты.
Жеңілген жігіттер оның соңынан бөкселерін сүйретіп, бастарын салбыратып бара жатты.
Көкем қанын сорғалатқан күйі бықсып жатқан ошақ қасына келді де, текеметтің шетінен
кесіп алып, жарылған жерге киіз күйдіріп басты.