Әдеби KZ Кешке әкем келді. Біз бәріміз тұс-тұстан дуылдап жанжал жайын айтып жатырмыз.
Көкем ұрыстың неден шыққанын өзі де білмейтінін әкеме барынша түсіндіріп бақты.
Бірақ әкем үнсіз отырып, «Әй, қайдам» дегендей басын шайқай беріп еді...
Қақтығысқа себепкер болған орынсыз күдік екен. Шөп шабатын көп сайдың біреуінде
шөбі белуардан асатын бір сай бар еді. Сол сайдың етегінде шөп жапырылып, тапталып
қалған шұңқырға біреудің көзі түседі. Ауылдың бір адамы осы арадан өтіп бара жатып: «Е,
мына жерге ғашық біреулер аунап-қунап, мейірлерін қандырған екен ғой», — деп
көңіліне күдік секем алады. Кім болды екен, адалды арамдап жүрген қай антұрғандар
екен деп әлек болады. Кенет ол жаңа келе жатқанда осы тұстан менің көкем өткенін, көп
ұзамай Жақсыбайдың әйелін алыстан көргенін есіне алады. «Демек солар ғой көзге шөп
сап жүрген. Шалғынға аунап, ұрлық сезімдерін осында қосқан екен-ау. Бәсе, жайқалған
шалғын бекерге жапырыла ма? Қой, бұл жүгенсіздікті көріп біліп тұрып айтпағаным күнә
шығар. Мына адал некелерін бұзып, қос қарғыс атқанды дер кезінде жөнге салу керек
екен», — деп әлгі кісі жерден жеті қоян тапқандай Аққұлдың үйіне тура тартады. Ұялмай-
қызармай өз ойын болған істей түгел баяндап береді.
Түндікті үйге мұнан артық масқара бар ма? Бетке шіркеудің үлкені де, жұртқа күлкінің шегі
де, шаңырақ абыройын айрандай төгу де осы емес пе? Өсек ойран салды дегендей,
байыбына барып болмай Аққұл әулетінің аттан салғаны да осыдан екен.
Сол бір қақтығыстан кейін екі қатар қоныстас ауыл қырғи-қабақ болды да қалды. Ағайын
боп араласып, алыс-берісі жүріп тұрған қос ауылдың арасына із түспей, құлаққа ұрған
танадай тынып еді. Аққұл ауылының ер-азаматы біздің жақта қайтпас есесі кеткендей
тістеніп жүр. Жайдары ауылды жабырқау зіл басты. Апта бойы екі ауылдың адамы ала
көзбен атысып жүрді.Күйеуі сілейте соққан сорлы әйел бір сырлас әріптесінің үйіне
тығылыпты. Қанына қарайып алған Жақсыбай шаңыраққа кіруден бата алмайды. Сөйтіп
әйелі осы үйде паналайды.
Аққұл әкеме адам жіберіпті. Мына қақтығыстың билігін өзі айтып, ұлы мен келінін
ажыратып берсін, адал некені былғаған күнәкәрларға үкім шығарсын деп сәлем айтыпты.