Әдеби KZ Сондықтан қорқа қояр, жаси қояр жайым жоқ. Онан да әрқайсың күн сайын дікектей
бергенше, үлкен бастыққа хабарлаңдар. Не де болса, соның алдында жауап берейін, —
деп әкем белсенділерді беттетпеді.
Ұзамай үлкен бастық да келді. (Шамасы біздің болысқа қарайтын милиция бөлімінің
бастығы болса керек) Келуін келді-ау? Бірақ сорақысы енді басталды. Не болды дейсіздер
ғой. Тергеуге келген бастығымыз Үбианды көргенде, ақыл есінен адасқандай телмірді де
қалды. Көрген жерден көңілі кетіпті. Енді ол бастықша сөйлеуден қалып, басқаша сайрай
бастады. Сұмдығы сол — ол әпкемді тоқалдыққа алуға бел байлапты. Бұл жолда қыруар
қалыңмал шашып, қара басын саудаға салудан тайынбайтынын айтып кетті.
Ендіесігіміздің алдынан әлгі бастықтың көлігі кетпейтін болды. Келген сайын сөз салып
өзеуреп отырады да қояды. Алғашында қатты айтуға әдеп сақтап, жаймен түсіндіріп
жүрген әкем, бір күні морт кетті.
— Шырағым, оттап жүргенің не осы? Ел сенімінен садаға кеткір езбесің ғой өзің. Қатын
үсті ететін, сен сияқты ақымаққа кететін қызым жоқ. Сендер әділет жолын тұтынып
жүрмін дейсіңдер ме. Қой терісін жамылған қорқау неме. Сенің де зауалың табылар, —
деп бетіне тіке айтты.
Бастық мұндай жауап күтпесе керек, орнынан атып тұрып есікке беттеді. Аттанып бара
жатып әкемді қорқыта бастады.
Көп ұзамай әкем айтқандай-ақ, әлгі бастық кішірейіп, бөлімшемізден ауысты. Көршілес
қырғыз ауылдарына кетіпті. Ол жерде сәрсенбі сайын базар болатын. Бір базарда әлгі
бастықтың әкіреңіне шыдамаған бір топ қырғыз жігіттері дедектетіп жүріп сабапты.
Әділдікті сақтай алмаған, ел сенімін ақтай алмаған шолақ белсендіні өкіметіміз орнынан
алып, мұндай қызметтен мүлдем аластады.
Әкем бұл туралы тіс жарған емес. Шамасы, сондай солақайдың кетуіне себепкердің бірі
әкем болса керек.
Жасау жағы біткен соң, әкем енді қызын күзде Аюбайға ұзататынын жариялай бастады.