Әдеби KZ Үбиандар кеткен соң, ауыл енді бүтіндей той қамына кірісті. Көкем базардан базар
қалдырмай аралап, қоржын толтырып қайтады.
Ауыл жігіттері білек сыбанып қолғабыс көрсетіп жүр. Әкем зергерлік ісіне біржола беріліп
алды. Мен қасында тұрып,айтқандарын қалт жібермей зыр жүгіріп орындаймын.
Әкенің тапсырмасын орындағаннан артық не ғанибет бар дейсің, шіркін.
Әкем ең алдымен балшықтан өзіне қажетті ыдыс жасайтын. Оған күміс теңгелерді салады.
Оның үстіне жаңқа үйеді де, тұтатады. Біртіндеп шоқтанып бара жатқан ыдысқа қарап
тұрған қандай рахат. Әкем көсеумен көмірлерді аударыстырады. Мен ешкі терісінен
жасалған қол көрікті басамын. Бір кезде ыдыс бетін көгілдір жалын шарпиды. Сол кезде
еріген күміс сынапша толқып шыға келеді. Әкем оны аздап суытады да, алау түстес
ерітіндіні суық суға салып жібереді. Су быж етіп қайнап шыға келеді. Сонан соң
балқыманы қолына алып, әкем білезік соға бастайды. Өрнегін қаламмен сызып алады да,
ұстараның жүзімен кертіп қондырады.
Мұндай кезде үй-іші қыбыр етпейтін. Бәріміз демімізді тартып, әкемнің тесіле қараған
жанарына, аздап дірілдеген саусақтарына зер салушы ек. Өрнекті қондырып болған соң
әкем енді білезікті құммен жұмырлап ысқылайды да, түтілген жүнмен тазалайды. Сонан
соң үстіне ақ мүсәтір ұнтағын себеді де, аздап отқа ұстайды. Ұнтақ тұтанған кезде білезікті
оттан тартып ала қояды да, тізесіне ысқылап жібереді. Сол кезде білезік жарқырап шыға
келеді. Өз өнеріне деген сүйіспеншілігі шығар. әйтеуір әкем әңгіме айтқанда әшекей,
өрнек жайлы, оның нақыстары жайлы көбірек сөз ететін.
Әкемнің өнері өзге ауылға да белгілі еді. Алайда өзі үшін болмаса, өзгелерден ақы алып
ер-әбзел, зергер бұйымдарын жасаған емес. Әкемнің кейін қолдан мылтық жасағаны
есімде. Мылтықты әшекейлеп, өрнекті шүріппе жасады. Бірақ сынап көргенде мылтық
атпады. Сонан соң әкем ызаланды ма, әйтеуір ұңғысына дәрі толтырып біздің көзімізше
мылтықты талқандап тынып еді.