М.Әуезов: «Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет халық қамын ойлап, күңіренген қария – Асан...»
Толғаулары:
«Көлде жүрген қоңыр қаз» Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін!
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін!
БҰЛ ЗАМАНДА НЕ ҒАРІП? Бұл заманда не ғаріп?
Ақ қалалы боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған
Асыл шырын сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қариялар болар тез ғаріп.
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз-үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса, пір ғаріп.
Ата жұрты бұқара Өз қолында болмаса, Қанша жақсы болса да, Қайратты туған ер ғаріп.
ТАЗА, МІНСІЗ АСЫЛ ТАС Таза, мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады,
Таза, мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас –
Жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз –
Шер толқытса шығады.
ЕДІЛ БОЛ ДА, ЖАЙЫҚ БОЛ Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа,
Ақың болса біреуде
Айыбын тап та ала бер.
Ерегісіп ұрыспа.
Сенікі жөн болса да,
Атың шықпас дұрысқа.
Мінезі жаман адамға
Енді қайтіп жуыспа!
Тәуір көрер кісіңмен
Жалған айтып суыспа.
ӘЙ, ХАН, МЕН АЙТПАСАМ, БІЛМЕЙСІҢ (Жәнібек ханға арнап шығарған) Әй, хан, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Жайылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып қызып терлейсің.
Өзіңнен басқа хан жоқтай,
Елеуреп неге сөйлейсің?
Әй, Жәнібек, ойласаң,
Қилы-қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма?
Мұны неге білмейсің?
Қош, аман тұр, Жәнібек,
Енді мені көрмейсің!