КЕТБҰҒА ЖЫРАУ (XIII ғ.)
Қызметі: жырау, күйші, аңыз кейіпкері.
Орта жүз құрамындағы Найман тайпасының Бағаналы тармағынан шыққан. 14 ғасырда жазылған «Шәжарат әл-атрак» («Түрік шежіресі») атты кітаптағы деректер мен ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Жошы хан аң аулап жүріп қаза тапқанда, Шыңғыс ханға қаралы хабарды жеткізуге ешкімнің батылы жетпейді. Сонда Кетбұға бас кетер ауыр міндетті өз мойнына алады. Әуелі: «Теңіз бастан былғанды, кім тұндырар, а, ханым? Терек түптен жығылды, кім тұрғызар, а, ханым?» - деп толғап, Шыңғыс ханды қаралы хабарға әзірлеп алады да, баласы Жошының өлімін күймен естіртеді. «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі осылай туыпты-мыс.
Бүгінгі күнге Кетбұғаның осы күйі және күй шығарар алдында айтқан бірнеше жол өлеңі ғана жеткен.
15 ғасырдың аяғы мен 16 ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген Доспанбет жырау Кетбұға биді құрметпен атап, оның сөздерімен өзінің таныстығын білдіреді. Халық өлеңдері мен аңыз әңгімелерінде де Кетбұға ел қамқоры, дана ақсақал ретінде бейнеленген2.
СЫПЫРА ЖЫРАУ (XIV–XV ғ.ғ)
Қызметі: Ноғайлы дәуіріндегі көптеген эпикалық жырлардың бірден-бір авторы.
Жырлары бізге оның өз атымен сақталып жетпеген. Жыраудың толғаулары әр алуан аңыз-әңгімелер («Құбығұл», «Едіге би», «Тоқтамыс ханның хикаяты», т.б.) мен эпикалық жырларда ( «Ер Тарғын», «Едіге батыр») ғана сақталып қалған. «Ер Тарғын» жырында Сыпыра жырау туралы «өз өмірінде толғау айтып, тоғыз ханды түзеткен кісі» делінген, ал «Телағыс» жырында ол ноғайлы ішіндегі өзара қырқысты өршітпей, ел арасындағы беделімен тегеуірінді жырымен жауласушы жақтарды бітістіріп отырған тұлға ретінде көрінеді.
Сыпыра жырау – ноғай, қарақалпақ, башқұрт, татар, қырым ұлыстарына ортақ тұлға. Қазақ халқы оны «Сыпыра», «Сып жырау» деп таныса, ноғайлар «Сыбыра иырау», қарақалпақтар «Сыпыра жырау», башқұрттар «Сыбырай иырсы», татарлар «Сафардау» деп атайды.
Бұл елдер әдебиетінде Сыпыра жырау бірде 120, енді бірде 180 жас жасап, көпті көрген тәжірибелі қарт кейпінде суреттеледі.
«Қырымның қырық батырын» жырлаған әйгілі Мұрын жырау өзін Сыпыра жыраудың ұрпағы санаған.