«Қыз Жібек» жыры «Қыз Жібек» жырына өзек болған оқиға – Қыз Жібек пен Төлеген арасындағы шынайы махаббат.
Кейіпкерлері: Қыз Жібек пен Төлеген – негізгі кейіпкерлер.
Жібек – Сырлыбай ханның қызы.
Базарбай – Төлегеннің әкесі.
Қаршыға – ханның ақылшысы, уәзірі, әрі шешен, әрі ақын қыз.
Шеге – Төлегеннің досы, ақын жігіт. Ағасы өлген Сансызбайды жұбататын, Жібек пен Сансызбайды елге алып келетін де, Төлегеннің ата-анасын қуантып, Жібекті Сансызбайға қосатын да осы – Шеге ақын.
Бекежан – Төлегенді атып өлтірген қарақшы.
Сансызбай – Төлегеннің туған інісі.
Қысқаша мазмұны: Тоғыз ұлынан айырылған Базарбайға Аллаһ нәсіп етіп дүниеге Төлеген келеді. Ол еліне сыйлы азамат болып өседі, үйленер шағына жетеді. Қалыңдық іздеп, көп жерді шарлағанмен, өзіне лайықты жар таба алмайды. Еліне келген бір саудагер оған Ақ Жайық сұлулары жайлы айтқанда, Төлеген қасына 80 жігіт қосшы, 15 жігіт басшы алып, анасының қарсы болғанына қарамай, жүз күндік болса да ауыр жолға бас қояды.
Ақ Жайыққа 25 жорға ал келген ол «жас қызы болса, әкеліп көрсеткен адамға алсам да, алмасам да, бір жорға беремін», - дейді. Дәмеленген жұрт «қыздарын көрсетсе де» ешбірі жігітке ұнамайды.
Сол кезде қыз іздеген Төлегеннің келгенін естіп, Қаршыға жігітті іздеп жолға шығады. Қаршыға: «Мен Төлегенді көрейін, маған ұнаса, Қыз Жібек те ұнатар», - деп ойлайды. Төлегеннің келісті келбеті, парасат-пайымы ұнаған Қаршыға жігітке сұлу Жібек жайлы айтады. Өзіде сұлу да ақылды жігітті іздеген Қыз Жібекті көрсетпек болып, Төлегенмен бірге хан еліне жолға шығады. Қаршыға екі жастың бір-біріне қосылуына, бақытты болуына өзінің бар шешендігін, ақылын қолданып, көп тер төгеді.
Ақыры, олар жайлауға көшіп бара жатқан ханның ұзақ көшіне жетеді. Әр көштің басындағы сұлу қызды «Қыз Жібек осы шығар» деп, бәрін қарап шығады, бірақ әрбірінде Қаршыға олардың Қыз Жібек еместігін айтып отырады. Сөйтіп, 11 көштен кейін ғана бұлар Қыз Жібектің күймесіне жетеді. Жабулы тұрған күймеге келіп, жігіт үш мәрте қызды шақырса да, Жібектің бір мінезі ұнамай артқа бұрыла бергенде, артынан Қаршыға келіп қалады. «Үш шақырсам да, ақымақ адамдарға ұқсап жауап бермейді бұл Жібегің» деген жігітке Қаршыға Жібекке бұған дейін ешкім бұлай дауыс көтеріп сөйлемегенін айтып, жігітті сабасына түсіреді. Жібек басында «жалғыз атты жолаушы», «қаңғырып өскен бір қу бас» деп, Төлегенді менсінбеген мінез танытады. Қаршыға «еңбегім еш кетпесін» дегеннен кейін ғана, «бұған көрінбесем ұят» болар деп, бетін бір ашып, бір жарқ етіп көірініп амандасады да, қайтадан жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп жатып қалады. Оның сұлулығына еліктей түскен Төлегеннің бар аңсары сұлуға ауады, онымен қосылуды армандайды. Қыз Жібек Төлегеннің тілегіне кекірейе қарап, паңдық мінезінен қайтпайды. Бар ойы қызға ауған Төлеген қыздың әкесінің алдына барып, Жібекке қосылмақ көңілін білдіреді. Адам тани білген хан келісімін береді. Қаршыға да бұл жерде шешендігімен де, абырой-беделімен де кіріседі. Жібекті Төлегенмен кездесуге көндіреді. Жібек те Қаршыға мақтаған Төлегенді көрмекке асығады. Жігітті көргенде, еркелігін ұмытып, оны бір ауыз сөзбен сынағанын айтып, кешірім сұрайды. Әлқисса, Төлеген мен Жібек үш ай қалыңдық ойнап, бақыт шуағына бөленеді. Енді елге қайтатын шақта, Жібек жаман түс көріп, жеңгесі арқылы Төлегенге «мен бүгін жаман түс көрдім, тілімді алсаң, жүрмегін» дегенді жеткізеді. Төлеген айтқан бетінен қайтпай, алыс сапарға, еліне аттанады. «Олай-бұлай болып кетсем, Сансызбай атты інім бар. Аман болсам, көктем шыға келемін», – деп қош айтысып кете барады. Жібек көрегендік танытып, сол жолы Төлегеннің ата-анасының аты-жөнін, жай-күйін, артында Сансызбай атты бауыры барын біліп қалады.
Уәдеге берік Төлеген көктем шыға атасының «келер жылы бар» деген тілегіне қарамай, жалғыз өзі Ақ Жайыққа аттанып кетеді. Төлегеннің жан бауыры Сансызбаймен қоштасқан жері сүйекке қатты батады.
Төлеген орта жолда Бекежан бастаған қара ниетті қарақшылар қолынан қаза табады. Қу Бекежан жекпе-жекке түспей, тығылып жүріп атып өлтіріп, өзінің сұм-сұрқия мінезімен көрінеді. Жібекке айтқан «өзім батыр болған соң, кімді аяйын» деген сөзі құр мақтан ғана.
Жырдағы Төлегеннің әуеде ұшып бара жатқан 6 қазбен қоштасуы аянышты тұстардың бірі.
Жібек Төлегеннің атын мініп келген Бекежаннан кек қайырмақ болып, алты ағасын қайрайды. Олар Бекежанды мойнына арқан салып, сүйреп өлтіреді.
Алайда бақытсыздыққа ұшыраған Қыз Жібектің басына тағы бір пәле тап болады. Оның сұлулығына елтіген қалмақ ханы Хорен мыңдаған әскерімен Сырлыбай хан еліне келіп, «қызыңды маған қалыңдыққа бересің, бермесең, еліңді түгел қырамын» деп қоқан-лоққы көрсетеді. Мұншама қалың қолға қарсы тұра алмаған Сырлыбай амалсыз көнеді, қызын бермек болады. Қыз Жібек бұл жерде де ақыл тауып кетеді. Хорен ханды қырық күн ойын-той жасауға көндіреді. Ондағы ойы «сол елде сері жігіт жоқ па, тәйірі, жесірін іздеп келіп неге алмайды?!» деп үміттеніп, кешіктіре тұрмақ. Жібек қайткенде де Хорен қалмақтан құтылмақ болып, Хореннің екі тұлпарының бірі – Сандалкөкке мініп, жарының аруағына адалдық жасап, Төлегеннің еліне аттануға бел байлайды. Өзінің алдына келген Жібектің сұлулығына мас болған Хорен Сандалкөкті өзі ерттеп береді. Тіпті Жібек Хорен ханның тығулы он бес құлаш ақ семсерін де «ішінен беліне байлап алады». Хорен қыздың қармағына түсіп қалғанын да байқамайды. Сөйтіп, Қыз Жібек Сансызбай мен Шегеге қосылып, Жағалбайлы еліне жол тартады, арманына жетеді.