78. Портреттің түрлері мен адам бейнесін жасаудағы рөлі. «Қыз Жібек» жырындағы арудың портретін бейнелеу тәсілдері Халқымыздың қыз сұлулығы туралы ежелден қалыптасқан талғам түсінігі, «Қыз Жібек» жырында былайша жырланады:
Қыз Жібектің ақтығы,
Наурыздың ақша қарындай
Ақ бетінің қызылы,
Ақ тауықтың қанындай.
Осындай жырдың стилінен хабар берген лебіздердің тізбегін соза беруге болады.
Жырда ару бейнесінің ең көркем суреттелген тұстарының бірі бұл Төлеген мен Қаршығаның Жәбекті іздеп шыққандағы көштегі қыздар мен Жібектің суреттелулері.
Қаршыға менен Төлеген
Жағалай салды өзенді.
Сол уақытта алдынан
Бір көш шықты түбектен.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Толған айдай толықсып,
Ақ сазандай бұлықсып,
Бұралып кетіп барады,
Неше алуан қылықсып.
Қыздың толған айдай әдемі екенін «сазандай» деген теңеулер арқылы береді.Ал Төлегеннің көштен Қыз Жібекті тауып келуіндегі Жібекті былай суреттейді:
Көш алдындағы сұлуддың
Он қыз нөкер қасында.
Өзі он бес жасында.
Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында.
Қырық нарға жүк арттырған.
Қамқа зерлі кілемді,
Жүк үстіне жаптырған
Казинелі қырық нарға
Жібектен арқан тарттырған.
Дүрия бешпент белсеніп,
Бұл дүниені кең салып,
Алтынды қамшы қолға алып,
Абжыландай толғанып,
Бұралып кетіп барады.
Осы екен деп Қыз Жібек.
Осылайша Жібектің портретін, сырт бейнесін, киім- киісін түрлі эпитет, теңеу арқылы суреттейді.
79. Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романында символдық образдар қызметін талдау Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының көтерген тақырыбы – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Арал теңізінің экологиялық тағдырының ел тағдырымен сабақтастығы. Символ кескіннің өзіне сәйкес келмейтін басқа мағына бар екенін айтады, оған бірдей емес.
Романда оқиғалы ішкі монологтар мен авторлық баяндаулар көп. Бұлардың әрқайсысын романның құрылымынан бөліп алып, микроновеллалар не әңгімелер күйінде оқып, қабылдауға да болады.
Осындай монологтардың ішіндегі бастысы – Жәдігердің монологы. Балық колхозының қарапайым ғана бастығы болғанымен, Жәдігердің ойы ұшқыр, парасаты биік, жоғары білімді азаматтың сезімі де сергек, селкеусіз, таза. Жәдігер монологының автордың ой-сезімімен, ақыл-парасатымен, интеллектісімен қабысып жатуы шығармашылық болмысқа тән заңдылық. Автор өзінің кейбір ойларын Жәдігердің аузына салған. Сондықтан романдағы Жәдігер тағдыры Арал тағдырымен ұштасып баяндалатыны сезіліп тұрады. Шығармадағы экокеңістік мұз үсті болса, сол мұзға түскен Жәдігердің ізі, ізіне қарап тұрып «аяғы дүниенің ырың-жырың» деген әкесі айтқан сөзді еске алуы және өз тағдырын өз ізімен салыстырып ойлануы, қанатты сөздің Жәдігердің монологы ішінде бірнеше рет қайталанып берілуі оны романның лейтмотиві сияқты көрсетеді.
Жәдігердің бейнесі нағыз патриот азаматтың, жеке бас қамын емес, халық қамын ойлайтын ұлтжанды ұлдың бейнесі дәрежесіне көтеріліп жасалған. Оның ойы терең, ниеті түзу, пейілі кең, қарапайым еңбек адамы бола тұра, көп нәрсені байыбына бара отыра, кеңінен ойлайды. Адал, әділетті.
«Соңғы парыздағы» Жәдігер, Бәкизат, Әзім аралары күрделі психологиялық драмаға құрыла отырып, оқырмандардың ойын он саққа жүгіртеді. Өзінің өмір жолын адал еңбек етуге арнаған Жәдігердің сүйген жардан опа таппағаны, әрине өкінішті. Қалай болғанда «Соңғы парыздағы» Жәдігер трагедиясының ең бір қоюлана түсетін тұсы Бәкизат пен екеуінің отбасылық өмірі. Жәдігерді жарға жыққан да осы ит ырқылжың отбасылық өмір.