Әдебиеттер:
1 Әл–Фараби. Әлеуметтік–этикалық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1975. – 163 б.
2 Даналардан шыққан сөз: нақылдар жинағы / Құрастырған Ұ. Асылов. – Алматы: Мектеп, 1987. – 162
б.
УДК 82-1:821.512.122
МАХАМБЕТ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ АЖАРЛАУ МЕН ҚҰБЫЛТУДЫҢ ТҮРЛЕРІ
Кульбаева М.М. - А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің
практикалық лингвистика кафедрасының аға оқытушысы, филология магистрі
Түйін
Бұл мақалада Махамбет Өтімісұлы поэзиясына тән белгілер сараланып, салыстырулар
жасалған.
Аннотация
В данной статье рассмотрены основные аспекты поэзии М.Утемисова и проведен
сравнительный анализ.
Summary
This article is devoted to examination stem aspect of the poetry M.Ytemisova and taking comparative
analysis.
Махамбет поэзиясының тілі - шын мәнінде халықтық тіл. Ақын өз кезіндегі қазақ халқының тіл
байлығынан қажетінше ала да, оны өзінің керегіне жарата да білген. Тілінің байлығы жағынан және
оны шебер қолдана білу жағынан Махамбет атақты сөз ұсталарының қайсысынан болсын кем
түспейді. Махамбет тілінің асқан көркемдігі, анықтық дәлдігі, әр алуан поэтикалық тілдің элементтерін
(троп, фигуралардың түрлерін) жеке де, өзара байланысты түрде де өте шеберлікпен қолдана
алуында ғана емес, ең алдымен, оның өлеңдерінде кездесетін сөз образдарының өмір шындығына
дәл келетіндігімен, сөйлем құрылыстарының ішкі логикалық байланыстарының беріктігінде [1].
Махамбет - асқан рух иесі. Сондықтан да оның өлеңдері асқақ. Біріншіден, ол ноғайлы заманында
өмір сүріп, жыр-толғаулары ауызша жеткен жыраулардың шығармаларына өзге рух қосып, жаңа заман
күйіне лайық, ерлік рухын ала келді. Екіншіден, Махамбет жырларындағы биік рух «Қырымның қырық
батыры» сынды халық батырларын ардақтаған жырлардың өршіл рухын өшірмей біздің заманымызға
жетуіне әсерін тигізді. Бұлай дейтін себебіміз: Махамбет жырларын біздерге жеткізген Мұрат
Мөңкеұлы - «Қырымның қырық батырын» жырлаған атақты жыршы. Сондықтан Махамбет
поэзиясының рухы жыршының шығармашылығына әсер еткен деп санауға әбден болады [2.134-135].
Махамбет шығармаларының тілі әрі көркем, әрі образды, әрі өткір, әрі күшті болуымен қатар, әр
сөзі орынды. Оның тілінің күштілігі, көркемдігі мазмұнға бағыныңқылығында. Мысалы:
«Мұнар да, мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн» - деген үзіндідегі «мұнар», «шұбар» деген эпитеттерді алсақ, бұл
эпитеттердің батырлардың өз бастарына және ел басына түскен ауыр халдерін суреттеп беруде
үлкен мәні бар. Хан мен билердің ел басына туғызған қара күні, басқа күндерден айрықша көрсету
үшін, ақын сол күннің бейнесінде оқырманның көз алдына елестету үшін күн деген сөздің алдына,
«шұбар», «мұнар» деген эпитеттерді қолданған. Осы үзіндідегі:
«Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн» - аралас келген поэтикалық контраст тамаша шебер қолданылған. Өз
дәуірінің асқақ лексикасы - жауынгерлік фразеологизмдерді шешен тілдің тірегі еткен Махамбет өз
кезіндегі ұрыс-соғысты эпикалық жырдағыдай көтеріңкі рухта суреттеп баяндайды. Батырлар
жырындағы қару-жарақ, сауыт-сайман атаулары тұрақты эпитеттермен өзгеріссіз қолданылады: егеулі
найза, толғамалы найза, сұр жебе, қозы жаурын оқ, алты құлаш ақ найза, балдағы алтын құрыш
болат, ақ семсер т. б. Бұлар - сандаған ғасырлар бойы атадан балаға мирас боп, ердің ері асынған
қару-жарақтар.
Махамбет бір найза сөзіне бірнеше эпитет сөз тіркестіреді: толғамалы найза, қоңыраулы
найза, қималы найза, алты құлаш ақ найза, жасаулы найза, егеулі найза, болат найза. [2.110]
Махамбет өлендері, негізінен, ерлік, жауынгерлік стилінде туған өлеңдер. Осыған орай,
Махамбет қолданатын эпитет, теңеу, метафоралар да осы стилді қабатты құрайтын үлгіде жазылған.
Махамбет эпитет жасауда өзіне дейінгі жыраулардан ұзап кетпеген. Оның өлеңдерінде кездесетін
эпитеттердің көбі - білтеліге доп салу, беркініп садақ асыну, қорамсаққа қол салу, ақ алмасын суару,
жаңбырдай оқ жаудыру, қанын судай төгу, қанды көбік жұтқызу, қамалды-бұзу сияқты халық жыр-
өлеңдерінде кездесіп отыратын эпитеттер. Көрнекті ғалым Р. Сыздықова: «Ақынның сөз қазынасында:
«Тауда ойнаған қарт марал, қарақұстан туған қалықпан, суаруы қанық көк сүңгі, темір қазық
жастану біздің қайсар батыр, мынау жалған сұм дүние, адыра қалған қу Нарын» т.б. сияқты өзі
жасаған тың образдар сол дәуір поэзиясы үшін жаңа дүние еді», - деп айтады. [3.182-183] Махамбетте
көркемдегіш сөз бедерлерінің ішінде теңеу сөздер айрықша мол. Бұл сөз айшығын қолдануда
Махамбет өзінің алдындағы Бұқардан көп ілгері тұрады. Бұл теңеу сөздер өзінің сипаты жағынан да,
қарт жырауда бар теңеу сөзден бөлекше. Мұнда толық заңдылық бар. Махамбеттің Бұқарға қарағанда
тақырып өрісі кең және түр жағынан мол. Махамбет Бұқардай дидактикалық толғау өлеңдер
шеңберінде қалып қоймаған, ол ерлік-азаматтық, жауынгерлік өлеңдерді көбірек шығарып айтқан.
Махамбет қолданған теңеулердің бір тобы эпостық- батырлық жырларға тән дәстүрлі теңеу сөздер:
«Күшіктей даусын қыңсылатып,
Аш күзендей белін бүгілтіп,
Бөліне көшкен еліңді
Бөріккен қойдай қылармын
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен».
Сол сияқты, батырды табиғат құбылысына, аңға, құсқа салыстыра теңеу де эпостық жырларға
ежелден тән тәсіл. Махамбет те осы дәстүрді берік ұстанған. Исатайдың ерлігін көрсетейін деген
жерде оны арыстанға балайды:
«Арыстан еді-ау Исатай,
Бұл фәнидің жүзінде
Арыстан одан кім өткен?» -
деп, оның ерлігін метафора арқылы көрсетеді. Арыстан - ел ұғымындағы ең күшті аң. Біреуді мықты
етіп көрсетпек болса, елдің арыстанға, жолбарысқа балап теңейтіні бізге мәлім. Сөйтіп, ол Исатайды
арыстанға баласа, өздерін апатқа ұшыратқан жауын ел ұғымындағы ең оңбаған айуанға балайды,
Баймағамбетке: «Сендей нарқоспақтың баласы» дейді. Өйткені, балап отырған түйесі - түйенің ең
жаман түрі. Мал шаруашылығымен күн көрген, әсіресе, көшпелі елдердің түйе малы ішінде ең жақсы
көретіні бір тума нар, қас жампоз, онан кейінгісі қоспақ, ең жек көретіні - гүрт, жарыбай, сұлама,
нарқоспақ. Міне, Махамбет жауын жексұрын етіп көрсету үшін Баймағамбетті қор туған нарқоспаққа
балайды. Махамбет - теңеу сөзді қолдануда барынша шебер. Өзге көп көркемдік тәсілдерді түйдектеп
қолданылатыны сияқты теңеу сөздерді де тобымен, тізбекті қатармен қолданады:
«Тағыдай таңдап су ішкен,
Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген,
Тағысынды жан едік.
Кермиығым кербезім,
Керіскендей шандозым,
Құландай ащы дауыстым
Құлжадай айбар мүйізім,
Қырмызыдай ажарлым,
Теңіздей терең ақылдым,
Тебіренбес ауыр мінезім.
Метафора мен теңеу өзінің жасалу жағынан бір-біріне өте жақын. Олар бір негізден
жасалынады. Метафора да заттың, құбылыстың өзі ұқсата балама ретінде алынса, теңеу де сол зат
пен құбылыстың әрекеті ұқсатпа теңеме болады: яғни бірінде екі зат теңдікте алынса, бірінде, екі
заттың әрекет қимылдары теңдікте алынады. Мысалы: «Ол - арыстан» және «Ол арыстандай
ақырды».
Ақынның тіл шеберлігін көтерілісшілерді бейнелеген өлеңдеріндегі образды сөздер де
айқындайды. Халық қамқоры болған өздеріндей ерлерді ол бірде мамығын төгіп, балапанын
бауырына басып қорғайтын қыранға, бірде көлін қорғап безек қаққан қызғыш құсқа ұқсатады. Халық
батырларының бойларына тән асыл қасиеттер, олардың жан тазалығы, басына түскен ар азаптары
табиғи құбылыстарға баланып суреттеледі. Адал азамат - ақ сұңқар құстың баласы, асқар таудың су
бүркіті ретінде көрсетіліп, өлексе аңдыған күшігендерге қарама-қарсы қойылады.
«Ақ сұңқар құстың баласы,
Қасқыр тартқан жемтікке,
Aғармай көзі қонар ма?!
Асқар, асқар, асқар тау,
Асқар таудың су бүркіт,
Ылдидың аңын шабар ма?!»
Махамбет қазақи тәрбие алып, қазақи өнеге көріп, қазақ топырағында кіңдік кесіп, кір жуған
ақын. Coндықтан оның жырларындағы образдар мен теңеулер негізінен төрт түлік мал (аруана, мая,
жампоз, арғымақ, қазан ат, айыр, нар, жабы, тарланбоз, бөлек, бура, буыршын т.б.), аң-құс (тарпаң,
бұлан, киік, қызғыш, серек, қу, қумай, жолбарыс, арыстан, марал т. б.) қатарлылар болып келеді.
Aқын осылардың барлығын жырларында теңеу, астарлау, айқындау қатарлы тілдік шеберлікке
қолданып, жырдың ұлттық бояуын арттырады, сезімді дәлме-дәл, нақтылы образбен өрнектеп, сөзді
ажарландырып, ой тереңдігін айшықтайды.Ақынның асқан шеберлігі жайында тоқталғанда
Х.Сүйіншалиев мырза: «Ақын табиғат көріністерін айтқалы отырған ойларына шебер ұштастырып,
қайталанбас образ жасайды, әр тұста opынды ой орамын тауып, келісті шендестірулер қолданады» -
деп тұжырымдайды. Бұл әрине оң көзбен шолып айтылған орынды пікір. [4.150] Әдеби тілді ажарлау
аз, құбылту керек. Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлілігі үшін де орасан қажет тәсіл - құбылту
немесе троп (грекше tropos - иін, иірім) - сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында
қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп, кейде тіпті өңін
айналдырып айту. Бұл ретте әдеби тілді ажарлау оны құбылтудың ең қарапайым түрі деуге болады.
Құбылтудың түрлері көп. Әдеби тілдегі ең басты құбылтудың түрі ауыстыру, яки - метафора (грекше
metapҺora - көшіру) - сөз мәнін өңдендіруде өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты
айқындай ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау. Сөйтіп,
суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту.
[5.214]
Лирикалық «Мен» автор өзінің тұлғасын поэтикалық көркем бояулы бейнелеулермен
өрнектеуде ең үздік сапалы заттарға, құбылыстарға баламалап жырлайды. Мысалы:
1. Мен ақсұңқардан туған құмаймын,
Бір сұңқарға жұбаймын.
Түбін қазған мен бәйтерек
Толқуменен құлаймын.
2. Мен ақсұңқар құстың сойы едім.
3. Мен - тауда ойнаған қарт марал,
Табаным тасқа таяр деп,
Сақсынып шыққан қиядай.
Махамбеттің «Еңселігім екі елі» атты өлеңі - тұтастай поэтикалық автопортреттік шығарма. Он
бес тармақтан құралған өлеңнің композизиялық құрылымы көріктеу-бейнелеу сөздердің шоғырлана
жинақталған қалпымен ерекшеленеді. Өлең тармақтарында өзара үйлесімділікпен тіркескен эпитет,
метафора, теңеу сөздердің өрілімі ақындық шеберліктің суреткерлік табиғатын аңдатады:
Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі,
Жараған теке мүшелі
Жауырыны жазық, мойны ұзын
Оқ тартарға қолы ұзын,
Дұшпанына келгенде,
Тартынбай сөйлер асылмын,
Құла бір сұлу ат мінген,
Құйрық жалын шарт түйген,
Құм сағыздай созылған,
Дулығалы бас кескен,
Ту түбінен ту алған,
Жауды көріп қуанған,
Мен Өтемістің баласы,
Махамбет атты батырмын».
Автопортреттік көркемдік жинақтау жүйесінде ақынның мінез-құлық сапасын құрайтын барлық
қасиеттер тыңдаушыларына, оқырмандарына психологиялық тұрғыда ұғындырылады. «Белгілі туған
ер едім» өлеңінен автопортреттік бейнелеудің аса әсерлі үлгісімен танысамыз:
«Белгілі туған ер едім,
Беліме садақ асынған.
Біріндеп жауды қашырған,
Мен келелі қара бұлтпын,
Келе жаумай ашылман,
Қарсыласқан дұшпанға,
Найзағай менен жасылмын». [6.78-79]
Белгілі академиктер Қ.Жұмалиев пен З.Қабдолов Махамбет өлеңдерінде екі тарихи тұлғаның -
Исатай мен Махамбеттің көркем әдеби бейне (образ) болып сомдалғанына баға береді. Махамбеттiң,
Исатай батырдың тарихи-әдеби бейнесін жасаудағы бейнелілік өрнектеріне жоғары баға бере келіп,
академик З.Қабдолов ақынның өлеңдеріндегі көркем автопортреттерге былайша пікір айтады: «Батыр
ақын, батыр қолбасының сөз өнеріндегі мәңгілік бейнесін осылай сомдады да, буырқанған күшке, бұла
қайратқа, шиыршық атқан жігерге, ызалы ашуға, ақылды нақылға толы өлең-жырын тұтастай алғанда
өзінің автопортретіне айналдырады. «Махамбеттің өз образы» деген сол! Өйткені оның «қорғасыннан
құйылған» ап-ауыр әр сөзінен ӨЗІН танимыз. Көнеретін архаизм да емес, жаңаратын неологизм да
емес, нақ екі арадағы екеуіне бірдей етене еркін, еспе мағыналы ерке де серке сөздерді қайдан ғана
іздеп тауып, қалай ғана ағыл-тегіл, ақпа-төкпе өлеңге өріп жібергеніне таң қаласыз. Контекстегі әр сөз
әрін де, нәрін де келтірген орнын дәл тауып, ойнап тұр. Ақындық шеберлік деген сол ғой!» [7]
Ақындық тілдің өте бір толық түрі, ақынның шеберлігін керек ететін, суреттейін деген өмір
құбылысын айтып беру үшін мәні күшті ауыстырып айтатын сөздердің бір түрі - метонимия
(алмастыру). Махамбеттің:
«Қой мойынды көк жұлын ...
Көк жұлынды жетелеп»-деген екі жолындағы метонимия әрі орынды, әрі шебер болып шыққан.
Сол сияқты:
«Көптер көзін тіккендей,
Көп соңыма түскендей,
Көптің несін алыппын?
Тыңда, халық, әлеумет,
Көп кісіден анықпын» - деген жолдардағы «көп» сөзі алмастыру болып табылады. [5.221]
Махамбеттей Исатай батыр халықтың қорғаушысы болғанда, жалпы халық қорғаушысы емес, соның
ішінде еңбекші халықтың қорғаушысы:
«Айқайласа белдік байланған,
Астана жұртын айналған,
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен»
Бұл жердегі «жұртына» деген сөзге хан, сұлтан, би, феодалдардың ортағы жоқ. Ақын синекдоха
арқылы жалқы ұғымның орнына жалпы ұғымды қолданады. Айтайын дегені - езілген жұрт, еңбекші
халық. Құбылтудың бір түрі - мысқыл, яки - сарказм (грекше sarkasmos масқаралау). Қазақ
жағдайында Махамбет те үлкен реалистің бірі болды, Махамбет шындықты сүйді. Хан оны өз
жыршысы етіп алмақшы болып, «тәрбиелеп» жүргенде де ол Жәңгірге:
«Хан емессің қасқырсың,
Қас албасты басқырсың,
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның келіп басқа ұрсын.
Хан емессің ылаңсың.
Ысқырынған жылансың.
Хан емессің аянсың
Айыр құйрық шаянсың», - деген болатын. Бұл үзіндіде ханның ішкі-тысқы сипаты ешқандай
бүркеншіксіз тура айтылған шымыр, ширақ, улы Һәм уытты, мысқыл, масқара мазақ. Бұл жерде
қолданылған сарказм шығарма тіліне қылыш жүзіндей өткір сұс - тиген жерін тіліп түсер тегеурінді күш
бітіреді.Құбылтудың тағы бір түрі - ұлғайту, яки гипербола (грекше hyperbole үлкейтілген, қомақты) мен
кішірейту, яки литота (грекше litotes қарапайым). Бұлар да суреткердің тілі мен стиліне бірсыпыра бояу
қосады, сөздегі суретті түрлендіреді, өзгеше өрнектер төгеді, сөйтіп, көркем шығарманың оқырманға
әсерін арттыра түседі. [5.224] Мысалы: «Атқанда қардай боратқан, көк шыбығын қанды ауыздан
жалатқан ... », «Ай астында бір көл бар, Ат шаптырса жеткісіз, Ортасында алуа, шекер бар, Татқан
қулар кеткісіз», «Арғымақтан туған қазан ат, Шабуыл салса нанғысыз, қазанаттан туған қазмойын,
Күніне көз көрім жер шалғысыз». Сонымен, Махамбет бір нәрсенің ұлылығын айтпақ болса, не бір
нәрсені мақтамақ болса, көбіне әсірелеуді қолданады. Мысалы «Нарын» деген өлеңін алсақ:
«Қойды мыңға жеткізген,
Нарынның анау құмдары,
Түйені жүзге толтырған,
Көкпекті, шытыр жерлері,
Жатып қалған тайлағы
Жардай атан болған жер,
Жабағылы тоқтысы
Қой болып қора толған жер.
Балдырғаны білектей,
Баттауығы жүректей» - деп суреттейді.
Бір нәрсені мақтайын десе, не үлкейтіп көрсетейін дегенде әсірелеуді пайдаланса, бір нәрсені
кішірейтіп көрсету үшін, не істің оңға келмей қалғанын суреттеу үшін ол литотаны қолданады.
Өздерінің дегені болмай, жауынан жеңілген күндерін суреттейтін өлеңдерінің бір жерінде:
«Телегей теңіз шалқыған,
Қоғалы көлдер суалып,
Тізеге жетер-жетпес күн болған.
Тапанға біткен бәйтерек,
Жапырағынан айрылып,
Қу түбір болған, күн болған»-деп суреттейді. Қорытындылай келе, тақырыбы көбіне көп нақтылы
болғандықтан, Махамбеттің еншісіне сол нақтылыққа сай жаңа образдар мен жеке сөздерді әдеби
тілге қосу үлесі тиген. Бірақ, жаңа бағытты жеткізуде Махамбет өзіңе дейінгі қазақ поэзиясының, оның
ішінде жыраулар мектебінің ең күшті құрал-тәсілдерін кәдеге асырады. Бұл Махамбет поэзиясының
басты ерекшелігінің бірі болып табылады. Осы белгісі арқылы Махамбеттің әдеби тіліміздің даму
барысындағы орны да ерекше шығады: оны өзіне дейінгі поэтикалық дәстүрді жинақтаушы
(синтездеуші) ақын ретінде танытады.Махамбет - өзіне дейінгі қазақ поэзиясының ғасырлар бойы
қалыптасқан, шыңдалған, елек көзінен өткен табысын бір жерге түйіп тастап, оны әрі қарай жаңа
бағытта жалғастыруға бет алған суреткер.
Әдебиеттер:
1 Әбсадық А. Ұлттық рух.Ана тілі. 2003.№ 3.
2 Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері.Алматы:1958 ж
3 Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы Алматы. 1993 ж.
4 Сүйіншалиев Х. ХІХ ғасыр әдебиеті Алматы. 1992 ж.
5 Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы. 1992 ж.
6 «Махамбет Өтемісұлы шығармашылығы және қазақ әдебиеті мәселелері» Fылыми жинақ Алматы:
Абай aтындaғы Алматы университеті 2003 ж.
7 Қабдолов З. Ерлік пен елдіктің өшпес рухы. Eгемен Қазақстан.2001 ж.№1.
УДК 82-1:821.512.122
М.ЖҰМАБАЕВ ПЕН С.СЕЙФУЛЛИН ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ САБАҚТАСТЫҚ
Кульмухамедова А.Б. - А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің
практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы
Түйін
Аталмыш мақала М.Жұмабаев пен С.Сейфуллиннің поэзиясындағы сабақтастықты
қарастырылып,ақындардың азаттыққа жету жолындағы шығармаларын зерттеуге арналған.
Аннотация
В данной статье автор рассматривает и исследует произведения М.Жумабаева и
С.Сейфуллина.
Summary
The author in this work describes analyses the independence country of works M.Djumabaev and
S.Seufylin.
Қай ұлт болмасын өз елінің, өз жерінің тәуелсіздігін қалайды. Туған Отанының бір уыс топырағы
үшін күш-жігерін аямай, сол жолда жанын құрбандыққа да шалады. Тәуелсіздік - жалпы адамзатқа ең
асыл, ең қасиетті сөз. Өйткені, тәуелсіздік киелі - еркіндік, азаттық, бостандық деген сөздермен
байланысып, ұштасып жатады. Қай елдің болмасын тарих қойнауына көз жіберсек, өз Отаны үшін
күрескен ерлерінің ерлігін жыр етіп, оны мәңгі жадында ұстап, ғасырлар бойы мақтан етеді. Өз
ұлтымыздың тарихының өткен ғасырларын алсақ, ел билеуші хан - сұлтандар, батырлар мен билер,
жыраулар мен ақындар, шешендер алдымен елінің еркіндігін, тәуелсіздігін тілеген. Жерімізді жаулаған
жаумен жағаласып, арыстандай айбар шегіп, жолбарыстай қайрат көрсетіп, бір сүйем жер үшін жан
беріп, жан алысқан.
20-жылдары қазақ халқы бастан кешкен өмірдің қиыншылықтары мен көшпелі елдің бірден
социализмге бет бұруының қайшылықтары да аз болмайтын. Аштық шаруаларды күштеп ұжымға
біріктіру, қуғын-сүргін, қашып-босқан ел тағдыры әдебиет үшін мол материал еді. Алайда кеңестік
әдебиет ол тақырыпқа бара алмады. Кеңес ақындарының осы олқылықтарын Мағжан Жұмабаев
(1893-1938) қана толықтыра алды. Большевиктер билігін қабылдамаған ол демократтық әдебиет
дәстүрін жалғастыра отырып, халық трагедиясын әрқилы көркем суреттер арқылы кең бейнеледі.
Коммунистік режимнің ұлттық дәстүр мен мүддеге қатал қарап, күштеу жүргізгенін ақын:
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай - алтын ана есте жоқ,
Батыр хандар, асқақ жандар ұмтылды, -
деген жолдармен бейнелейді. Ол өмірдің мұңлы жағын көп суреттеді, өкініш пен күйінішке бой
алдырды, бір мезгіл орыс декаденттеріне еліктеп өлеңдер жазды. Мағжанның мына өлеңдері
надандықтың құшағынан арыла алмай келе жатқан елінің кертартпа мінездерін сынға ала отырып,
өзге елдердің қатарынан қалмас үшін оқу-білім, өнерге талпыну керектігін айтып, айтып қана қоймай,
отаршылдықтың зардаптарын көріп отырған халқына «көретін күнің осы» деп ескертеді. Ал, ақынның
«Есімде тек таң атсын», «Бостандық», «Сағындым» өлеңдерінде романтикалық сарынмен жырлау
басым болғанмен, азаттық таңы бәрібір ататыны, халқының аңсаған арманы түбі орындалатынын ұлы
сеніммен жырлайды.
«Сорлы қазақ»
Қозғал, қазақ, білімге жүгір, кез келді,
Қылыш алып «надандық» саған кезенді.
Шетке лақтыр, тымақтай алып, тұра кеп,
Ертеңді-кеш басыңа мініп езгенді!
Кітап әпер, оқысын балаң, қолына,
Малды аяма оқу-білім жолына.
Өнер алып басқалармен қатар бол,
Жер жүзі бір адамзаттың ұлына
«Қазағым»
Қазағым, таянды ғой қылта мойын,
Жер, мал кетіп, бос қалды біздің қойын.
Қарашы өзіңе-өзің көз жүгіртіп,
Жараспас бұдан былай күлкі-ойын.
Бар жерді күннен күнге алып жатыр,
Хохолдар алып қала салып жатыр.
Қырылысып өзді-өзімен қазақ сорлы,
Жерінен аузын ашып қалып жатыр.
Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,
Отырайық жиылып, оңдалайық.
Мың жылғы өткен қуам деп ата заңды,
Өнерден кеш қалармыз, ойланайық.
«Жатыр»
Кең жері күннен күнге құрып жатыр,
Сұр жылан бар қан-сөлін сорып жатыр.
Астана жұрт билеген адамдарды
Тәңірі күннен-күнге ұрып жатыр.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,
Күннен күн артқа қарай кетіп жатыр.
Сезінбей өз өлгенін, өзінікін
Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр!
«Есімде тек таң атсын!»
Мезгілше, мейлі келсін, тісі батсын,
Сұр жылан, өзі оятар, қатты шақсын.
Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,
Көрелік төңіректі, тек таң атсын!
«Бостандық»
Жер жүзін қан басқанда,
Көбігі шығып аспанға,
Жын жолдас боп адамға,
Туралық, теңдік ұмытылып,
Інжіл, құран жыртылып,
Жатқанда жерде - табанда.
Ақынның сонымен қатар «Мен жастарға сенемін», «...ҒА» өлеңдерін ақ патшаға қарсы жазылған
шығармалар цикліне жатқызуға болады.
Айбынды алаш елім дер,
Алтын арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін! - [1, 35-38] деп ақын «Алаш атын аспанға» шығаратын, өзінің қайдан
тарағанын танып білетін ұрпаққа ой тастайды. «...ҒА» - өлеңінде ақын «мейрімсіз тағдыр құрған торға
түсіп» жатқанда, сын бәйгеге басын тігіп, елін келімсектерден құтқару үшін күрескен ер-азамат туралы
жырлайды.
Патша заманында отаршылдық тепкі, ұлттық езгіні көрген, адамгершілік нормалар бұзылып,
кеңестік қанқұйлы қуғын-сүргін бұлты басына төнген Мағжан жүрегін қайғы басып, шерлі, мұңлы
жырлар төгілді. Әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа деген қарсылық, ақынның жағымпаздық,
келісімпаздық дертіне шалдықпаған жігерлі, қайратты ұят-иманды намысты толғауларындағы
сарындар «Батыр Баян» поэмасында бұрқырай тасқындады, қолы ғана емес, жаны, рухы, қызыл тілі
кісендеулі ақын сонда да, тапталып, жаншылып қалмай, бас көтереді, қарсылық білдіреді, атой
салады. Зорлық зомбылық, әділетсіздік басқанмен, бәрібір шындықты, ақынның асыл сөзін, келешекке
деген үмітін үзе алмайды, түптеп келгенде, ақын мәңгілікке, өлместікке, бостандыққа, еркіндікке
сенеді, сол рухты сезім, кісілікті ой алдында оқырманын имандай ұйытады.
Ақын оқырманға жан сырын ашып салады, жүрек тереңінде жатқан құпиясын ақтарады,
қоғамдық мұрат, әлеуметтік идеалды халқының өткен күндерінен, азаттық үшін күрескен ерлерінің
тағдырынан табады. Мағжан фольклорды игеруде соны жол, жаңа бағыт ашты, қайта жырлау, нәзира,
сарындау емес, түп-түгел тосын, биік, асқақ көркемдік жүйелер жасады. Ең бастысы ақын ықшамдық,
сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелік, суреттілік шарттарын бірінші қатарға шығарды:
«қойлыбайдың қобызында» фантастикалық күйлер, бәйгеге қобыз қосу көрінісі ғажап шебер
бейнеленеді; «қорқыт ата» өмір мен өлім арпалысы, мәңгілік үшін күрес, өнердің өлместікке апарар
киелі қасиеті жыр етіледі; «Жүсіпханда» тұлға мен тобыр, мансап пен ұждан диалектикасы, «Өтірік
ертекте» мысал, тұспал әдісімен берілген әлеуметтік тартыстар сыры бар; «Оқжетпестің қиясында»,
«Түркістан туындылары азаттық идеясын, түркі бірлігін жырлайтын шығармалар.
Ақын өлеңдерінде жалпы түрік бірлігі, шығысты пір тұту, шығыс елдерінің келешегінен үміт күту
сарыны мол байқалады. Бұл - ол кезде Еуропалық мәдениетке, жаңалыққа қарсы ұлтшылдық боп
саналатын. Сондықтан оның Тұран тарихы, шығыс халықтарының батырлық дәстүрі жайлы өлеңдері
ылғи сынға ұшырап отырды.
ХХ ғасыр басындағы қазақтың азаттық жолындағы күресіне елеулі үлес қосқан талантты
ақындарының бірі - Сәкен Сейфуллин (1894-1938) еді. Алғашқы шығармашылық еңбегін демократтық,
ағартушылық бағытта бастаған ол төңкеріс тұсында отаршылдық езгі мен ұлттық қанауға қарсы батыл
үн көтеріп, ақындық қызметін халықтық күреспен тікелей байланыстырды. Әлеуметтік төңкеріс
тұсындағы жолайырықта большевиктер партиясы сапына қосылып, солардың қатарында күрестің
азапты жолын басынан кешірді. Содан бастап ақын халықтың азаттығы мен тәуелсіздігі мәселесін
пролетарлық күрес идеясымен байланыстыра қарады. Езілгендер мен қаналғандарға теңдік әперіп,
қатарға қосамыз, қоғамның қожасы етеміз деген ұранға сеніп қызмет етті. Сондықтан да өзінің саяси
қоғамдық қызметімен де, шығармашылық еңбегімен де қазақстандағы социалистік құрылыс ісіне
берілгендік танытты және осы саясатты батыл жырлаушы болды.
Кеңес өкіметінің орнығуы, коммунистік партияның езілгендер мен қаналғандарды жақтауы елдің
кедей шаруалары тарапынан қолдау тапты. Теңдік, әділдік ұрандары елді сендіре бастады. қазақ
қаламгерлерінің бір бөлігі осы идеяны мадақтап жырлар туғызды. Олардың басында Омбыда оқып,
орыс большевиктерімен тұрақты байланыс жасап келген қазақ ақыны Сәкен Сейфуллин болды.
Төңкеріс алдында халықтың азаттығы мен бостандығы идеясын қолдаған Сәкен бостандық, теңдік осы
жолмен келеді деп ұқты. Сәкеннің революция алдындағы шығармалары ақынның іздену, өсу жолы
халық жолымен бірге болғанын аңғартады. Халық мұңы мен азаттыққа ұмтылу арманы оны бұл
жылдары бұрынғыдан да гөрі көбірек ойландырады. 1915 жылы жазған «Көңіл» деген өлеңінде ол
революция қарсаңындағы халық көңіліндегі толқуды суреттейді. Лирикалық кейіпкерде іздену, жан-
жаққа шарқ ұрып, талпыну бар. Ақын көңіл талабына қосылады, оның мұратына жетуін қолдайды.
«Мұң» деген өлеңде ескі өмірден шаттық таппай күйінеді. 1916 жылғы халықтың ұлт-азаттық көтерілісі
кезінде жазған «Толқын» атты өлең көкіректі кернеген елдің қайғы-қасіреті толқынына толы. Ақын
сұрапыл соққан көп толқыны да, дүңкіп жарылған жер толқыны да басылар, бірақ халық ашуының
толқыны басылмайды деген оптимистік ой айтады. Шынында да, халықтың ұлт-азаттық көтерілісі 1917
жылғы революциялардың беташары болып, кейін ұлы күрестерге ұласты.Сәкеннің табиғат жырлары
өз елін оның табиғатын сүйген ақынның шын сезімін бейнелейді. Ол табиғатты ел өмірімен, олардың
тіршілігімен, халықтың азаттық тілеген арман-қиялымен байланыстырады. «Май айында» (1917) атты
өлеңдерінде ақын жаздың шығуы мен жаңа жылдың тууын символды түрде өмірдің жаңаруы, жаңа
заманның келуі туралы ойларымен ұштастырады. Күз туралы өлеңін ол «Өткен күн» деп атаған. Ақын
жазды жыл жастығы деп атаса күзді өтіп бара жатқан ұсқынсыз заман бейнесінде алады. 1922 жылы
Орынборда басылған «Асау тұлпар» жинағына жазылған алғы сөзінде Сәкен оны қоғамның жас
күштеріне арнай отырып:
Дүниенің құлдық шынжырын қиратып,
Әділдік, теңдік іздеген,
Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып,
Еркіндік, кеңдік іздеген, жастар!
Сендерге арналады бұл әндер!
Осы өлеңде ақынның сол тұста ұстаған жолы, шығармаларының идеялық эстетикалық мұраты
айқын көрінеді. Оның күрескер жырлары «әділдік, теңдік іздеуге» арналады. Ол халықтың азаттығы
жолындағы күреске ақын болып қана емес, солдат болып та қатысты. 1917 жылдың наурызында
жазған Сәкеннің «Асығып тез аттандық», «Кел, жігіттер» деген өлеңдері күрес дәуірі тудырған қазақ
әдебиетінің алғашқы сөзі, азаматтық, саяси лириканың басы. Бұл өлеңдерде ақын патшаның
құлауына қуаныш білдіре отырып, «атқан таңды қарсы алуға» асығыс жолға шыққан ерлердің ісін паш
етеді.
Таңды қарсы алмаққа
Тұлпарларды таптық біз.
Айдарына қызыл шоқ
Үкілеп, сүзіп тақтық біз ...
Күнге жайып құшақты
Шақырып бері шаттандық.
Қуантуға ел-жұртты
Асығып тез аттандық.
Азаттық өзінен өзі келмейтінін түсінген халықтың езілген, қан алған бөлігінен «топ» құрып,
оларды күреске үндеуі де осыдан.
Залымдық пен әділдіктің
Алысқанын айтайық,
Жер жүзінде
Бай мен кедей
Шабысқанын айтайық.
Кедей сүйер
Байлар күйер
Ауыздан от шашайық.
Салып ұран
«Кедей, құрал!»
Кедейден топ жасайық! - деп жар салады.
Бұл жырлардың бұған дейін жазылып келген жалпы халықтық, бостандық, азаттық деген
ұғымдардан елеулі айырмашылықтары бар еді. Сәкен халықты жалпы алмайды, оның езілген,
қаналған, кедей тобына іші бұра қарайды. Азаттық солар үшін деп түсінеді. Отаршылдықтан азат бола
отырып, бұқара халықты ұлттық езгіден босатуды қалайды. Ақын өлеңдерінің кейіпкері де осы
бағыттағы күрескер. Бұл - Сәкеннің қоғамдық шындыққа тап тартысы тұрғысынан қарай бастағанының
белгісі болатын. Осы дәуірден басталған Сәкеннің революцияшыл жырлары ұлттық әдебиетімізге
азаттық жолындағы күрес рухын кіргізді.Оның «жүген-құрық тимеген, алты жасар асуды»
революцияның бейнесінде алып, «кең даланы күңірентіп, қатты айғайлап ән салуы» да жаңа дәуірдің
үнін танытады. Ол оқырман алдына үлкен талап - заман талабын қоя сөйлейді. «Талай ерлер қасірет,
жапа шегіп, жалпы әлемге бақыт іздеп құрбан болған» тәуекел, күрес жолына үндейді [4, 112].
Осы өлеңдерден Сәкеннің өз басынан өткен күрес жолының шындығын да тануға әбден
болады. Патшаның құлауы мен азаттық жолындағы күреске ол жоғарыдағы өлеңдерімен үн қосса,
«Адасқандарға», «Қамаудан», «Тұлпарым», «Сағындым» тәрізді өлеңдерін контрреволюция
күштерінің қолында тұтқын болып жүргенде жазған. «Түрмеден қашып шыққанда», «Қамыққан
көңілге», «Бабаларыма», т.б. өлеңдерінде ақын тұтқыннан қашып шыққан күрескер азаматтың көңіл-
күйін бейнелейді. Ал «Жас қазақ марсельезасы», «Шөлде», «Қашқынның ауылы» - жауынгер ақынның
күрес жолына аттанған кездегі үні.
Бұл өлеңдерінде халықтың азаттығы ісіне басын тіккен, шын
күрескердің жалынды бейнесі жасалады. Лирикалық қаҺарманның бостандық сүйгіш көңілі жау
қолында да жасымайды, қайта күрес қиындығы оны ширатып, жігерлендіре түседі. Ол тұлпарына
мініп, жауға аттанар күнді аңсайды.
Темір торлы тас үйде
Көкірегім толды шерменен
Қанатты тағы тұлпарым,
Арқырап келші кермеден.
Құтқаршы мені қамаудан
Шынжырлап ерік бермеген.
Мініп ап, шүу деп кетейін
Жарысып соққан желменен.
Өңкей сорлы езілген
Көрісейін елменен.
Ақын қандай жағдайда жүріп, қандай қиыншылықты бастан кешсе де, езілген халық тілегінде
екенін білдіреді. Күрес мақсаты: Нашарларға болысып,
Күштілер бетін қайыру.
Тырнағынан олардың
Езілгендерді айыру, - екенін айтады.
Осы өлеңдерде айқын танылатын азаттық идеясы Сәкеннің күресшіл поэзиясын орыстың
классикалық әдебиетінің озық үлгілерімен туыстырады. Түрмеде жазылған «Қамауда» атты өлең
Сәкенді сезімтал, ойшыл лирик ақын есебінде танытады.
Отырмын күзет қамауда
Дұшпаннан тәнім жеңілді.
Жеңе алмас бірақ, еш пенде
Асау еркін көңілді, - деген өлең жолдарында лирикалық қаҺарманның табиғатпен тілдесіп, «шын
ғашығы - бостандық екенін айтады.Ақынның ендігі бір топ өлеңдері оның күрес жолына қайта аттанып,
елді азаттыққа шақырған жаңа үнін бейнелейді. Оның «Жас қазақ марсельезасы», «Жолдастар» өлеңі
сол кездегі қазақ ауылдарында революция гимнінің қызметін атқарады. Бүкіл дүниежүзіндегі
революциялық күрестің гимні «Марсельеза» мен «Интернационалдың» әсерімен туған екі өлең
мазмұны жағынан да солармен үндес. Ақын мұнда кедейлерді қол ұстасып, теңдік ұранын салуға,
қызыл тудың астында бірігіп күреске шығуға шақырды. Патшаның әділетсіз болғанын, ұлықтардың
парақорлығын, байлардың мейірімсіздігін әшкерелеп, теңдікті майданда алу керектігіне назар
аудартады.
Азамат жүнжіме жүрме бос!
Қол ұстас, бірігіп, тізе қос!
Ту ұстап дұшпанға барайық!
Теңдіктің ұранын салайық!
Тізесін батырған залымнан
Күн туды - біз теңдік алайық! - деп басталатын «Жас қазақ марсельезасы» шақыру, ұран
стилінде жазылған. Күрескерлер бейнесі Сәкеннің тек азаттық үшін арпалыстың от-жалынында туған
өлеңдерінде ғана емес, кейін жазылған шығармаларында да кең орын алады. Оның «Біз», «Қызыл
ерлер» атты өлеңдері де күрес адамының характерін нақты іс-әрекет үстінде бейнелеуге құрылған.
Жаңа заман адамының өсу жолын ақын «Біздің ұланда» қара баланың бейнесі арқылы ашады.
Әбілқайыр Досовтың өмірін негізге алып жазған бұл өлеңнің қаҺарманы «жалба-жұлба қойшы» - қара
бала «құстай түлеп ұшып», «Жер күңірентіп ұран салады», революция жеңісін қорғауға қатысады [2,
56].
Жаңа туған қоғамды, заманды Сәкен әділет пен теңдік заманы деп ұқты. Ескі тәртіпті қиратып,
жаңа социалистік принциптерді қалыптастыру жолындағы өкімет шараларын да ол қолдады [3,35].
Сондықтан оның кеңес тұсындағы жырларында жаңа тәртіпті, қоғамның даму беталысын бұрынғы
қазақ өмірінің мешеу көріністеріне қарсы қоя суреттеу анық байқалады. Жаңа өмірдің қарқынды
өзгерістерін, нақты образдар арқылы бейнелеуге ұмтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |