Александр Македонскийдің (Ескендір Зұлқарнайынның) Орта Азияға басып кіруі. Орасан зор парсы мемлекетінің әскерін талқандаған Александр Македонский шығысқа қарай бет алды. Б.з.б 330 жылы Әмудариядан өтіп, Соғды елінің астанасы ежелгі Самарқан қаласын басып алды. Басып алған жерлерді тонау, талау, ауылдарды өртеу, талқандау әрекеті жергілікті халықтардың наразылығын тудырды. Соғдылықтар көтеріліске шықты. Бірақ грек-македондықтардың саны көп, күші басым болғандықтан тауға шегінді. Адам баруы қиын, жартасты тауларға бекінген олар, ерлікпен шайқасты. Өз жері үшін өздерін-өздері өлімге байлап отырды. Грек-македондықтар көтерілісті үлкен шығынмен әрең дегенде басты. Тіпті, Александрдың өзі ауыр жараланды.
Бұдан соң Александр әскерлерін Сырдарияға қарай бастады. Бұл кезде Сырдарияның батыс жағында бірнеше үлкенді-кішілі қалалар болды. Ал дарияның шығыс жағында сақтардың көшпелі тайпалары өмір сүрді. Александр Сырдарияның жағалауына келіп тоқтады. Ондағы қалаларға әскери қосындарын орналастырды. Александр жергілікті ақсүйектер мен байларды өз жағына тартуға әрекет етті. Олар көптеген уәделер берді. Бірақ жергілікті ақсүйектер мен байлардың ешқайсысы да оған көнбеді. Билік пен байлық үшін өз халықтарының мүддесін сатпады. Өз елдері мен жерлерінің тәуелсіздігін өз өмірлерінен де жоғары қойды.
Кешікпей Сырдарияның жеті қаласының тұрғындары грек-македондықтарға қарсы көтеріліске шықты. Дарияның арғы бетіндегі көшпелі сақтар топталып, өзеннен өтіп, көмекке келуге дайын тұрады. Осы кезде бүкіл Соғды және Бактрия жерлерінде көтеріліс басталды. Бұл Орта Азия халықтарының грек-македондық басқыншыларға қарсы жаппай көтерілісінің басталуы еді.
Спитамен - тәуелсіздік үшін күрестің даңқты басшысы.Грек –македондықтардың басқыншылығына қарсы күрес бүкіл Соғды және Бактрия жерлерін қамтыды. Көтерілістің басты орталығы ежелгі Самарқан қаласы болды. Ол көтерілісті Спитамен есімді ержүрек қолбасы басқарды. Спитамен б.з.б. 329 жылы халықты ұйымдастырып, ежелгі Самарқан қаласына кірді. Мұнда Александрдың қалдырған әскери бөліміне соққы берді. Олардың көпшілігі қырылды, қалғаны қаланың орталығындағы бекініске барып тығылды. Жағдайды естіген Александр оларға көмекке әскер жіберді. Көмекке келе жатқан бұл топ қалаға жақындағанда, Спитамен шегінген болып қаладан шығып кетті. Оның соңына қуып келе жатқан македондықтардың көшпелі сақтар қарсы алды. Спитамен сақтардың көмегімен Александрдың әскерінің бұл тобын талқандады. Сөйтіп, Александр әскерлері бірінші рет үлкен жеңіске шығады. Оны естіген Александр баолық әскерін бастап Спитаменге қарсы аттанды. Спитамен болса, әскерін кең далаға шегіндіріп алып кетті. Көшпелі сақтардың жеңіліп, үлкен сабақ алған Александр Спитаменнің соңынан қумады. Бірақ ауылдарды өртеді. Қорқытып, күштеу арқылы бағыншта ұстауға тырысты. Бірақ оның асқан қатыгездік жазалауларына қарамастан, тіпті гректер мен македондықтардың өздерін таңғалдырған мынадай бір оқиға болды. Өлім жазасына кесілген 30 соғдылық ақсүйектер ажалды ерлік рухына толы әуезді әнмен қарсы алды.
Ал Спитамен болса, жауға бір күн де тыным бермеді. Атты әскерлер тобымен басқыншыларға жиі соқы беріп отырды. Б.з.б. 328 жылы, тіпті Соғды елінің астанасын азат ету үшін жорық жасады. Спитамен өз елі мен жерінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен қолбасы еді. Ол бүкіл Орта Азия халықтарының шетелдік басқыншыларға қарсы күресін шеберлікпен ұйымдастырады. Жарты әлемді дірілдетіп, қарсы келгендерді аяусыздықпен жазалап, қатыгездігімен аты әйгілі болған, бүкіл әлемді жаулап алуды көксеген Александрға бірнеше рет тойтарыс берген соғдылықтар, бактриялықтар мен сақтар болды. Олардың үш жылдан астам уақытқа созылған ерлік күресі Александрдың әскерін қалжыратты. Оның жауынгерлері мен қолбасыларының арасында соғысты тезірек аяқтап, елге қайту туралы пікір көбейді. Бұл пікір Индияға келген кездегі жұқпалы аурудың басталуы барысында күшейе түсті. Ақыры бүкіл әлемді бағындырмақ болған Александр кері қайтуға мәжбүр болды.