7. ТАҚЫРЫП ЕЖЕЛГІ ҮНДІСТАН Табиғат жағдайлары. Азияның оңтүстігіндегі үшбұрыштана теңізге сұғына еніп жатқан үлкен түбек Үндістан түбегі деп аталады. Үндістан түбегінің оңтүстік бөлігін Үнді мұхитының теңіздері мен шығанақтарын қоршап жатыр. Орталық бөлігінде Декан таулы үстірті орналасқан. Мұнда бірнеше шағын өзен бар. Олардың көбі батыстан шығысқа қарай ағады. Үндістанның солтүстік бөлігі ежелден-ақ адамдардың өмір сүруіне қолайлы аймақ болды. Мұнда басын биік Гималай тауларынан бастайтын екі ұлы өзен бар еді. Біреуі елдің солтүстігінен басталып, оңтүстік – шығысқа қарай ағатын Ганга өзені. Оған көптеген шағын өзендер келіп қосылып, үлкен өзенге айналады. Ал түбектің солтүстік-батыс бөлігін алып жатқан ірі өзен – Үнді өзені. Өзеннің жоғары арнасына бес өзен ағып келіп қосылады. Сондықтан бұл аймақты Пенджаб - «Бес өзен елі» деп атайды. Үнді өзенінің төменгі ағысы бойы ежелден Синд деп аталған екен. Бұл атау Үнді өзенінің атынан туындай отырып, кейіннен бүкіл түбек пен оның халқының атына ұласса керек.
Жалпы алғанда ауа райы жылы, жаңбырлы болды. Мұның бәрі тіпті кейбір өсімдіктердің жер бетінің басқа аймақтарынан бұрын осында пайда болуына әсер еткен. Еуропалықтар қантты «сахар» дейді. Ал ол ежелгі үнділіктердің қант құрағын «сахари» деп атауынан шыққан. Малдардың көптеген түрлерін қолға үйрету де ерте дамыды. Әсіресе пілдерді қолға үйретіп, шаруашылық және әскери мақсаттарға пайдалану алғаш осы Үндістанда пайда болған.
Үндістанда әр түрлі тастардың, металл кендерінің, ағаш өнімдерінің көп болуы шаруашылықтың еркін дамуына мүмкіндік берді. Үнді және Ганг өзендерінің бойында егістік алқаптары жатты. Мұнда негізінен суармалы егіншілік дамыды.
Ең ежелгі қалалары. Археологтар Үндістаннан алғашқы тас ғасырына тән бірнеше қоныстың орнын тауып, зерттеді. Сөйтіп, Үндістан түбегін адамдар өте ерте замандардан-ақ мекен еткені айқындалды. Тас ғасырының соңына қарай ірі өзендерінің бойын мекендеген адамдардың шаруашылығы жетіле түсті. Дәл осы аймақта Үндістандағы алғашқы қалалар мен ірі елді мекендер дүниеге келді. Бұл б.з.б. II мыңжылдықтың басы еді. Хараппа және Мохенджа-Даро қалалары Үнді өзені бойынан табылды. Ол қалаларды археологтар қазып зерттеді.
Бұлар кең көшелі, дұрыс жоспарланған қаланы көз алдыңа елестетеді. Үйлер әдетте екі қабатты болды. Ондай үйлер тас тұғырға тұрғызылды. Іргелері күйдірілген жалпақ кірпіштерден қаланды. Сумен қамтамассыз ету мен лас суды арнаулы тоспаға ағызып жіберу бір жүйеге келтірілген. Көшелерде құдықтар орналасқан. Суды көше жақтан да, ауладан да алуға болатын еді. Әрбір үйде хауыз (бассейн), қойма болған.
Қоймалардан бидайдың, арпаның, құрманың, әр түрлі көкөністердің қалдықтары табылды. Бұлармен қатар, әр түрлі үй жануарларының – қойдың, түйенің, тауықтың, балықтың сүйектері көптеп кездесті. Кейбір мөрлерде мүйізтұмсықтың, пілдің бейнелері бар екен. Мұның бәрі мал шаруашылығының дамығанын дәлелдейді.
Металдардан алтын, күміс, мыс, қорғасын, қалайы табылды. Бұл ең алдымен кең көлемдегі айырбастың болғанын байқатады. Алтын негізінен Үндістанның оңтүстігінен келсе, күміс пен мыс солтүстігі көрші аймақтардан жеткізілді.
Қызықты дүниенің бірі – жазудың табылуы. Ол жазу 400-дей иероглифтік таңбадан құралған. Олардың толық сыры әлі ашыла қойған жоқ. Бірақ жазудың сол замандарда болуының өзі мұнда мәдениеттің біршама биіктеу сатыға көтерілгенін дәлелдейді.
Жазудың, жүйеленген қала құрылысының болуы, кең түрде айырбастың жасалуы Үнді өзені бойында б.з.б. II мыңжылдықтың басында алғашқы қауымдық құрылыстан жоғары сатыда дамыған қоғамның болғанын көрсетеді. Сондықтан да оны Үнді өркениеті деп те атайды. Бұл таптық қоғам мен мемлекеттің қалыптасу кезеңі болса керек.
Бірақ б.з.б. II мыңжылдықтың ортасында ол қоғам мен оның мәдениеті құлдырап, кері кетті. Б.з.б II мыңжылдықтың соңында Үндістанға солтүстіктен арнайы көшпелілері келіп кірді. Оларды кейде таза қанды, асыл текті адамдар – арийліктер деп те атайды.
Үнді мемлекетінің құрылуы.Ганг өзенінің жоғары және орта ағысының бойында шаруашылық дами түсті. Бұған әсіресе б.з.б. I мыңжылдықтың басында темірді пайдаланудың басталуы үлкен әсер етті. Темірден ауыр соқалар жасалды. Дәл осы кезде үнділіктер өсіретін ауыл шаруашылық дақылдары ерекше маңызға ие болды. Олар күріш, мақта және қант құрағы еді.
Мүліктік және әлеуметтік жіктелу тереңдей түсті. Бұрынғы ру-тайпалық құрылыс бірте-бірте мемлекеттік ұйымға айнала берді. Тайпалардың көсемдері өз биліктерін мұраға қалдырып отырды. Сөйтіп, раджа деп аталатын тайпа көсемдері дара билеушіге, әміршіге айналды.
Б.з.б. VI ғасырға дейін Үндістанның солтүстігінде бірнеше ұсақ мемлекет қалыптасты. Солардың ішінде Ганг өзенінің төменгі ағысы бойындағы Магадха б.з.б. VI ғасырдан бастап тез күшейіп, кеңейе түсті. Б.з.б. VI ғасырдың соңына қарай Магадха билеушілері бүкіл Ганг өзені бойын өздеріне бағындырды. Сөйтіп, Магадха ірі мемлекетке айнала берді.
Ганг бойындағы Магадха билеушісі сарайында бүлік болды. Онда Чандрагупта есімді сарай қызметкері билеушіні өлтіріп, таққа келмек болды. Бірақ оны патша біліп қойды. Патшаның жазасынан қорыққан Чандрагупта солтүстікке қашып кетті. Гималай тауларының бөктеріндегі тайпалардың көсемдерін біріктіріп, одақ құрды. Ол одақтың әскерлерін басқарып, Ганг бойымен Магадха жеріне келіп, елдің астанасын басып алды. Магадханың патшасын ақыры өлтіріп, таққа отырды.
Чандрагупта ежелгі Үндістан тарихында үлкен рөл атқарған жаңа билеушілер әулетін негіздеді. Ол Маурия әулеті деп аталады. Чандрагупта Үндістанның бүкіл солтүстігін Магадхаға қосты. Тіпті, Үнді өзенінің батысындағы кейбір аймақтарды өзіне бағындырды.
Бір орталыққа бағынған Үнді мемлекетін құру ісі Ашок есімді патшаның кезінде жүзеге асты. Ашок Чандрагуптаның немересі еді. Ол билік еткен б.з.б. III ғасырдың орта кезінде Үндістанның орталық және оңтүстік аудандары ғана болмаса, Үндістанның қалған барлық жерлерін біріктірген аса үлкен мемлекет құрылды.