8. Осы күнгі ерікті ұйқастар
Біз өлең құрылысын тексергенде, қазақ өлеңдерінің көпшілігі-ақ 11 буынды
өлең және 7-8 буынды өлеңмен жазылғандығын айттық. Шынында да, солай болды.
Абайға дейінгі 11,8,7 буынды өлеңдерден құралды. Өзгешеліктер бола қалса, әнге салынып айтылатын өлеңдерде ғана болды. Бұлардың жай 11 буынды өлеңдерден айырмасы - он бір буынды өлең тармақтары 3 бунақтан құралса, бұлар 4 бунақтан құралады. Он бір буынды өлеңнің буынынан тыс не екі буынды, не үш буындыбунақтар қосылады. Сол әннің ырғағына қарай түрлі ұйқастар болады. Мысалы, «Жар-жар» осыған жатады. «Жар-жар» өлеңіне бір бунақ қосылған. Мұны біз бұрын айтқанбыз. Ұйқас өзгешелігі - «Жар-жар» деген жолдың аяғы да «р» дыбысымен тынады. Екі буыннан өз алдына бунақ, тармақ жасалады.
Мысал үшін бірнеше үзінділер келтірелік:
Жаңа өмірде адамға адам қастық бітпек,
Адам бірлігін мықты тас қып алған соң,
Табиғатқа бұйда тағып,
Жалған тәңір орнынан болмақ бастық.
(Сәбит)
Бұл өлеңнің құрылысы бұрынғы өлеңдерден өзге. Бұндағы ұйқас қастық - тас қып - бастық деген сөздер. Бірақ арасына сөз кіргізіп бөліп-бөліп жібергендіктен, ұйқассыз өлең сықылды болып тұр. Шынында, бұл өлеңде ұйқас бар. Жүйесін тауып дұрыс оқығанда, ұйқассыз өлең сықылды бет-бетімен кетпейді. Сөйтсе де бұрынғы өлеңдердің ұйқастары сықылды кіл аяқта келіп отырмайды. Аяқта келетін ұйқасымды Сәбит
қалаған жеріне қояды. Ерікті түрде ұйқастырады. Бұл үзіндідегі бунақ, буын
сандары да өзгеше келеді.
29-Мектеп оқушыларына арналған драмалық шығармалар.
Қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір саласы – қазақ балалар драматургиясы. Қазақ әдебиеті ғылымында аз зерттелген сала қазақ балалар әдебиеті екені белгілі. Ал, сол аз қарастырылған ішінде мүлде назар аударылмай келген бір сала бар. Ол – қазіргі қазақ балалар драматургиясы.
Қазақ әдебиетінің: эпос, лирика салаларына қарағанда драма, оның ішінде балалар драмасының кенжелеп тууы да бұл сала зерттелуінің кешеңдеп қалуына әсер етті. Қазақ драматургиясының алғашқы қадамын 1914 жылы Семей қаласында Абайға арналған кеште қойылған “Біржан мен Сара” айтысының инсценировкасы дер едік. 1917 жылы Семей облысында Әйгерім үйінде қойылған М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек” пьесасы қазақ драматургиясының басы деуге негіз болады. Қазақ балалар драматургиясының тууын, қалыптасуын зерттеуші Ш.Ахметов 1946 жылы қазақ балалар театры ашылып, сонда алғаш қойылған М.Ақынжановтың “Алтын сақа” пьесасын қазақ балалар драмасының басы ретінде таниды. Расында да, балаларға арналған драмалық шығармалардың көбейе түсуі балалар театрының ашылуымен тығыз байланысты еді. Әйтсе де бұған дейін
І.Жансүгіровтің 1934 жылы балаларға арнап жазған “Мектеп” атты пьесасының болғанын ұмытпау керек. І.Жансүгіровтің “Мектеп” пьесасы балаларды оқуға, білімге шақыру тақырыбына арналған. Балалар өмірін бейнелеген шығармаларды саралау үшін алдымен сол туындыларды баланың жас ерекшелігіне байланысты жіктеген жөн дегіміз келеді. М.Горький өзінің “Балалар әдебиеті туралы” мақаласында белгілі ортаға арналмаған “адрессіз” шығармалардың үлкенге де, балаға да қажетсіз болып қалатыны туралы айтқан .
Демек, балаларға арналған драмалық шығармаларды олардың жас ерекшелігіне байланысты жіктеп, саралау қажет. Қазақ халқы баланың өсу, есею сәттерін сатылап бөліп, оның әр қайсысын өзінше атаған. Бұл жіктеу баланың жас ерекшелігімен сәйкес: нәресте, сәби, бөбек, бүлдіршін, ұлан, жеткіншек, жасөспірім деп аталған. Ал, қазіргі кезде балалар әдебиетін мектептегі сыныпқа бөлуді басшылыққа алып:
1) мектеп жасына дейінгі әдебиет;
2) бастауыш
сыныптарға арналған әдебиет;
3) орта сыныптарға арналған;
4) жоғарғы сыныптарға арналған туындылар деп жіктеу орын алған .
Осы жіктеулерді басшылыққа ала отырып қазақ балалар драматургиясын-дағы шығармаларды екі үлкен топқа бөлдік:
1) бүлдіршіндерге арналған драмалық шығармалар,
2) мектеп оқушыларына арналған драмалық туындылар. Әдебиет жанрларының ішіндегі ең күрделісі де, қиыны да –драматургия жанры. Себебі, сөйлеу тілімен ғана жасалатын туындының өз шарттары мол. Қазақ драматургиясының дамуын талдай келе зерттеуші Р.Нұрғалиев драмалық шығармалардың ерекшеліктері туралы былай дейді: “Әдебиеттің ерекше
түрі – драматургия театрды нысана етеді, сахнаға қойылу үшін жазылады.
Танымдық-тәрбиелік мәні бар, идеялық-эстетикалық әсері орасан күшті өнер драматургия тағдырлар тоғысуы, характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп аса қатал композиция талаптарын ескере отырып, ерекше көркемдік құрал-диалогтар мен монологтар арқылы болмыстың сан алуан шындықтарын ашады, өмір құбылысына баға береді, билік айтады”.
Олай болса, балаға арнап шығарма жазғандар алдымен қандай шарттарды орындауы керек? Ең бірінші – баланың жас ерекшелігіне сәйкес оның психологиясын ескеру қажет. Бала қашанда айналасындағы өтіп жатқан құбылысты білуге тырысып, тылсым дүниенің сырын ашуға асыға ұмтылады. Жас ерекшелігі ескерілмей жазылған шығармалардың баланың психологиясын бұзып, оны ерте есейтетіні туралы В.Г.Белинский былай деген: “Барлық мәселе оларға (балаларға) арналған кітапты дұрыс таңдауда. Дұрыс ұсынылмаған кітаптың зияны кітап оқымағаннан да асып түседі. Бала рухының мезгілсіз, ерте жетілуі аса зиянды, әрі қауіпті. Бала бозбала да емес, ересек те емес, бала болып қалуы керек”.
Балаларға арналған драмалық шығармаларды жіктеу, сараптау, кезінде ол туындылардың осындай ерекше белгілерін де басшылыққа аламыз. Баланың дүниетанымы әрі қарапайым, әрі күрделі. Бұл талаптар балалар өмірін жазу үшін В.Г.Белинский айтқандай: “балалар жазушы болып туу керек”,- деген пікірге әкеледі. Балаларға арналған шығармалардың тағы бір ерекшелігі оның тілі. Осы орайда белгілі ғалым З.Қабдоловтың драма тілі туралы: “Демек, драмадағы ең басты, ең шешуші, ең негізгі нәрсе тіл. Пьесаның күші де, әлсіздігі де тілде; пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, көздеген жеріне дір етіп тиердей дәл, көкейге саулап құйылардай таза, мөлдір, санаға мықтап дарығандай мағыналы, мәнді болып келуге тиіс. Драма тілі тұжырымды, қысқа, түйінді болады. Өйткені романда, бір беттесуреттелетін шындықты бір ауыз сөзбен беру қажет. Ал әр сөз, әр сөйлем шындықты ғана емес, сол сөзді айтқан кейіпкердің мінезін аңғартуы керек, әр адамның сөзі өзін танытуы шарт”,- деп айтқан пікірін басшылыққа ала отырып балалар драматургиясын-дағы пьесалардың тілдік, көркемдік жағынан саралап, талдауға мүмкіндік бар.
Балаларға арналған пьесалар көпсөзділіктен аулақ, тілі нақтылы, түсінікті, көркем және бала психологиясына, ұғымына сай болуы керек. Сонымен бірге шығарма тілі жалаң үгітшілдіктен, құрғақ уағыз айтудан аулақ болуы шарт. Драмалық шығармалардың бір қиындығы осы тіл мәселесіне тіреледі. Жазушы үнемі шығарманың тілін баланың жас ерекшелігін ескеруге бағындырып отыруы керек.
Сондай-ақ, зерттеуші С.Ордалиев айтқандай: “драмалық шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқын, бойындағы бүкіл қасиеттерін, ішкі дүниесін, характерін ашатын оның тілі екенін де естен шығармау абзал” .
Драмалық шығармалардың негізгі шарттарының бірі – тез туып, жедел өрістейтін тартыстың болуы. Тартыссыз жазылған пьесалардаәрі бала өмірі көмескі тартады, әрі олар тартымсыз болады. М.Әуезов “Драма заңы туралы кейбір ойлар” деген мақаласында пьесадағы конфликт мәселесі драматургия-ның шешуші элементінің бірі екенін айтып кеткен .
Жалпы балаларға арналған әдеби шығармалар сияқты драмалық шығармалардың да бір сипаты оның тәрбиелік мақсатты көздейтінінде. Қазақ халқы ертеден баланы елдің болашағы санап, оның тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп отырған: “Қызға қырық үйден тыю” деп бала тәрбиесін тек ата-ана, туған-туысқан емес, бүкіл қауымға жүктелген міндет сияқты саналған. Әдебиеттің тәрбиелік мәні дегенде, белгілі қоғамдық ортада қалыптасқан адамның рухани өсуін, көркемдік дүниені қабылдау ерекшелігін ескереміз. Олай болса, әдеби шығармалар арқылы бала сезіміне әсер етіп, алдымен елін, жерін, адам баласын сүюге, ұлттық мұрағаттарды қастерлеуге тәрбиелеу, басшылыққа алынады. К.Чуковский: “Ертекшінің мақсаты– басқа. Ол қандай да болсын жолмен баланы адамгершілікке тәрбиелеу. Адамның бойындағы осынау біреудің тағдырына араша түсіп, біреудің қуанышы мен қайғысын бөлісуге ұмтылатын, біреудің тағдырын өз тағдырындай көретін асыл қасиетті дарыту”- дейді .
Қалай десек те балаларға арнап жазылған шығармаларда тақырыптық шектеу болмайды. Қай тақырыпта жазылса да, шығарма үнемі баланың жас ерекшелігінескеріп отыруы керек. Балаға арналған шығармаға “не туралы” жазу емес, “қалай жазуға” болады деген талап, өлшем үстемдік етеді. Қазақ балалар драматургиясындағы негізгі тақырыптарды шартты түрде былай бөлуге болады:
1. Кеңестік идеологияға негізделген тақырыптар
2. Ертегілік, қиял-ғажайып тақырыптар.
3. Халық бастан кешірген тарихи тақырыптарға арналған туындылар.
4. Табиғат туралы
5. Бейбітшілік тақырыбы
6. Жалпы ынтымақ, бірлік, еңбек, білім, ерлік, мейірім, ізгілік туралы
7. Мектеп өмірі, мектептегі балалар әрекеті.
Достарыңызбен бөлісу: |