С. Ричардсон (1689-1761) өзін әдебиетші ретінде дайындаған жоқ еді, ол тіпті әдеби атақ туралы да ойламаған болатын, оның жазушылық шеберлігі кездейсоқ ашылады. Ағаш ұстасының ұлы болған Ричардсон жас кезінен-ақ типографияға қызметке тұрып, оның иесінің қол астында өседі де, кейін оның қызына үйленіп, өзі де баспа ісінің қожайыны болады. Сол кезде жеке хат жазысу жоғары деңгейде болғандықтан, хат үлгісіндегі кітапшалар да кең сұраныста болады. Ричардсонға да осындай бір дайын хат үлгілер жинағын басып шығару қажет болатын. Қолайлы мәтіннің болмағандығынан, Ричардсон оны өзі жазып шығаруға бел буады. Ыңғайлы болу үшін сюжеттік ертегі құрастырады. Автор қатты қызығып, эпистолярлық жанрдың алғашқы үлгісі болған бірнеше хаттардан тұратын «Памела немесе сыйға бөленген ізгілік» (1740) атты роман жазып шығарды. Осылайша, 50 жастағы типограф әлемге жазушы ретінде танылады.
«Памелада» Ричардсон «төменнен» жоғары қарай көтерілудің идеалды жолын суреттейді. Романның атының өзі-ақ оның ақыл берушілік бағытта жазылғандығын аңғартады. Онда бейнеленген қайшылық әлеуметтік сипатта болып, адамгершілігі мол, инабатты Памела есімді қызметші қыз бен оның жас қожайыны арасындағы күрес асқан шеберлікпен суреттелген.
Ричардсонның шебер туындысы болып табылатын «Кларисса» романында жанры мен стилі жағынан әр қилы хаттар кездеседі. Роман қайталауларға толы болғандықтан, «Кларисса» ағылшын тілінде жазылған романдардың ішінде ең ұзақ туынды болып табылады. Ричардсон романдары, әсіресе «Кларисса» Еуропаның ағартушылық әдебиетінде өшпестей із қалдырады. Ричардсон шығармалары кейінгі сентиментальды прозаның ұлы туындыларының (Ж.Ж. Руссо «Жаңа Элоиза», Гете «Жас Вертердің қайғысы») жарыққа шығуына негіз болады.
Сентименталист-жазушылар әдебиетке үлкен үлес қосқан. Олардың шығармашылықтары классицистердің шығармаларынан әлдеқайда өзгеше болатын. Трагедиялық сюжеттер ұлы адамдар мен ұлы оқиғалар тақырыптарынан құралады. Ал сентименталистер қарапайым, қуғынға ұшыраған, әлсіз адамдардың образдарына жүгінген.