Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет51/123
Дата28.07.2023
өлшемі1,34 Mb.
#104870
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   123
Байланысты:
1. Қызыл жебе - I кітап Шерхан Мұртаза (8 сынып)

Қызыл жебе
қалды. Балағына тығып тұрған екінші аяғын жерге түсірді. 
Қолымен бетін жасқап кейін шегіншектей беріп еді, Мақаш 
желкесінен жұлқып қалды.
– Тыныш тұр, бәтшағар!
Приставтың қалың табанды хром етігінің астындағы қар 
сықырлады. Түсін жылытқан болып, ақырмай-жекірмей ақырын 
сөйледі.
– Атың кім?
Бала бедірейіп тіл қатпады.
– Атың кім?
– Айт! Айт! – деп екі жақтан Мақаш пен Таубай старшын 
түйіп-түйіп жіберді.
– Тимеңдер, – деді пристав оларға алара қарап.
– Атың кім?
– Тұрар, – деді бала приставтың ала шапыраш суықтау көзіне 
тіке қарап.
– Кімнің баласысың?
– Рысқұлдың. – Бала приставтың тінткі көзінен көзін 
тайдырып әкетіп еді, аяқтарынан асулы тұрған үшеуді көрді. 
Үшеуінің де беттері көнектей болып кеуіп, ісініп кеткен екен. 
Көздері бұған шарасынан шыға атырыла қарап қалыпты.
– Сен бұларды жақсы көресің бе? – деді пристав алтыбақандар
жақты көздеп.
– Иә,–деді бала мұрнынан аққан суды жеңімен сүрте беріп.
– Жақсы көретінің рас болса, әкеңнің қайда жасырынып 
жатқанын айт. Сонда оларды босатамын.
Тұрардың көзі аяқтарынан ілінген үшеуге тағы түсті. Өздерінің 
тағдыры Тұрардың қолында тұрғандай, үшеуі де бұған телміре, 
жалына қараған сияқты. Үшеуінің қасында мылтық кезеген үш 
солдат. Оларды босатпақ болып, Ахмет, Омар тағы бірер адам 
ұмтылып еді, солдаттар тойтарып тастаған. Енді олар екіншілей 
беттей алмай «апыр-ай, апыр-ай, иә құдай, иә әруақ, өзің жар 
бола гөр!» – десіп, шарасыз өлі мен тірінің арасында қалған.
Үшеуінің ішінде Тұрар әсіресе Қорған жәкесін жақсы көруші 
еді. Өз баласы Арманнан кем көрмей, Қорған Тұрарды үнемі 
үйіне ертіп апарып, тақыл-тұқыл тамағын бөліп ішер еді. Бұған 


104
Қызыл жебе 
кішкентай қол шана істеп бергені де бар. Сол шанаға Оразбақ 
таласатын. Тұрар мен Оразбақ шанаға таласып жатқанда 
Молдабек өз баласына бүйірі бұрып, Тұрарды шет қақпайлай 
берер еді. Содан да Тұрар Молдабекке аса іші жылымайды. Ал 
Шыныбек жәкесі шақылдаңқырап қалғанмен балажан, базардан 
ылғи тәтті әкеліп, балаларға тең бөліп беретін. Үйден гөрі түзде 
көп жүретін Рысқұлды жоқтатпауға тырысып, кейде басқа 
балалардан гөрі Тұрарға бүйірі тартыңқырап тұратын.
– Кәне, айта ғой, әкең қайда жасырынып жатыр?
Приставтың үні жылы. Тіпті бір рет басынан да сипады. 
Баланың домбығып кеткен аяғына көзі түсіп, бір солдатқа 
айқайлап, тон алдырып, Тұрарды соған орап қойды.
Тұрар есі енді кіргендей, бейбіт күн туып, баяғыша ойнағысы 
келгендей, қаһарлы топтың арасынан өзінің достары Арман мен 
Оразбақты іздеді. Олар көрінбеді. Бала біткен қазір ініне кіріп, 
төсектің астына тығылып, қоянның көжегіндей үрейлері ұшып 
жатқан. Сонда да, баламысың деген, сырттағы сойқанды көргісі 
келіп, тығылып жатып, тысқа бұқпалап қарайды.
– Қызыл Жебені сойғалы жатыр, – дейді Оразбақ үні әрең 
шығып. – Жаңа ана дәу пышағын суырып алды ғой.
– Иә, соймайды, – дейді Арман ақырын. – дәу оны сояйын 
дегенде анау бастық орыс сойғызбай қойды ғой.
– Менің Қызыл Жебе болмағаным жақсы болды, ә? – дейді 
аңқау байғұс Оразбақ. – Мен – Шолақ Шабдармын, ә? Шолақ 
ІІІабдарды олар соймайды, ә?
– Ей, қойшы, оттай береді екенсің – деп жақтырмайды Арман 
үлкендерден естіген сөз аузына түсіп.
– Рас айтам, – деді таңқы Оразбақ. – Қызыл Жебе деген атты 
сойды ма – сойды. Енді мына Қызыл Жебені де сояды. Өзі ғой 
«мен – Қызыл Жебемін, Қызыл Жебемін» деп мақтана беретін.
– Ей, кетші-ей, содан дейсің бе? Қызыл Жебенің көкесі 
болысты өлтірген. Білдің бе? Соны да түсінбейсің бе?
– Иә, Қызыл Жебенің көкесі жаман. Соған бола енді біздің 
көкелерімізді өлтіретін болды-е-е, – деп Оразбақ аңырап қоя 
берді. Әкесінің халін ойлап Арман қосыла жылады. Арман тысқа 
шығайын деп еді, Оразбақ етегінен тартып жібермеді.


105


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   123




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет