Қызыл жебе
Шені бар орысты көрсе шыбындаған жылқыдай бас шұлғи
беретін қу мінез біткен қазақтың атқамінерлерінің бірі Таубай
старшын:
– Әй, міне, ақыл, табылған ақыл. Әуелі әкесін қолға түсіріп
алайық, күшігі құтылмас. Мақаш, балаға сен ие бол. Ұқтың ба?
– деп қопалақтап, қайтадан приставқа бұрылды. – Өте тауып
айттыңыз, мырза. Рақмет Сізге, спасибо, спәсибә...
* * *
– Ол ағаштар алдақашан шіріп кеткен. Ол ағаштардың
түбінде сол күні тұрған адамдардың да көбінің сүйегі баяғыда
қурап қалған. Бірен-саран тірі жүргендері де бар. Қазір сол көзі
тірілер сол кезде бала болатын. Енді қаудырап, қаусаған халге
жеткен. Содан бері жетпіс жылдан асты ғой. Бұл уақиғаның сол
соңғы тірі куәлері күннің шұғыласын, айдың нұрын, аспанның
көгілдірін көріп жүре бергей...
Ол ағаштар алдақашан шіріп кеткен. Егер бар болса,
ғажайыптан тіл бітсе, сондағы аяғынан асылған адамдардың
ғаламат сезімдерін, жан-дүниесінің сұрапыл күйзелісін бізге
жеткізер еді. Ағаш екеш ағашта да сезім бар. Тамыры жердің
сөлінен нәр алып, жапырағы күннің сәулесінен әл алып тұрған
кезде ағаш әулие құстың әніне, желдің уіліне, жұлдыздың
жарығына, күннің қызуына елтіп, жасыл жапырақтары зүмірет
қадаған жанардай жайнаңдар еді. Жаңа туған бөпеге бесік болуға
жараған тал өзін бақытты сезінер. Жаңа отаудың шаңырағы мен
уығына шабылған сәмбіде де өкініш жоқ. Омаш сақаның тісіне
жараған ағаш та мені балта кесті-ау деп қайғырмас.
Дүниеде дар үшін соғылған ағаштың соры қалың.
Ол ағаштар әу басында кәдімгі бақан еді. Тау-Шілмембеттің
маңдайындағы екі-үш құрым киіз үйдің ескі бақандары болатын.
Заманның заманында, әлі Сәлік-Сарының тоз-тозы шықпаған
аманында, бұл бақандар сонау Талас Алатауының құйымшағында
жатқан Ақсу-Жабағылының жәннатты орманынан шабылған.
Кейін 1880 жылғы үдермеде жиырма үй Сәлік-Сары қолына
іліккен осы ағаштарды азып-тозған азғана көшімен бірге мына
Іле Алатауына ала келген. Іленің Алатауында ағаш жоқ деді ме
екен, жарықтықтар.
102
Қызыл жебе
«Кірме» атанған аз ауыл да ауық-ауық әу деп ән салып,
шілдехана, некеқиярда ойын-сауық құрса керек. Содан әлгі
бақандардан алтыбақан соғылатын.
Сол алтыбақан Тау-Шілмембеттің кәрі мен жасына сирек
кездесетін қуанышты күндердің куәсіндей, суық бұлттың
арасынан, анда-санда бір жылт ететін күннің көзіндей көріне ме
екен, кім білген, әйтеуір қаңтар қысқа дейін жығылмай тұрған.
Алыстан қараған жанға ол адамдар алтыбақандарға мойнынан
асылғандай, арқанды аяз қарығандай үрейлі көрініс береді.
Ал шындығында Молдабек те, Шыныбек те, Қорған да
мойындарынан емес, аяқтарынан асулы тұр еді.
Пристав пен старшын әуелі оларды жәй тергеуге алған.
Жалғыз сұрақ:
– Рысқұл қайда?
Рысқұлдың қайда екенін әлгілер білмейді.
– Білмейміз, – дейді.
Одан болмаған соң, үшеуін де жығып салып, сирақтарын
қосақтап буып, бастарын төмен салбыратып, алтыбақанға
аяқтарынан асып қойған.
Таубай старшын Ахатты да аспақшы еді, пристав тыйып
тастады. Басқалардың үрей болуы үшін мына үшеуінің асылуы
да жетеді. Қалғаны өз жандарынан қорқып-ақ шынын айтуға тиіс.
Тау-Шілмембеттің қатындары бастарына қара орнына
шапандарын жамылып, тамұқтағы отқа шыжғырылған
сорлылардың зарын қылып, кеудесінен әлі жаны кетпеген
азаматтарына жоқтау айтып сай-сүйекті сырқыратқан.
Азан-қазан азынаудан, беттеріне тырнақ салып, қан жоса
болған қатындардың түрінен шошынған, тұтқындардан жөнді
жауап ала алмай шаршаған пристав бір мезгіл Мақаштың
шеңгелінде тұрған Тұрарға назарын салды.
Бала қар үстінде бір аяғын көтеріп, бауырына қысып алған
балапан сияқты екен. Бір аяғын екінші аяғының балағына қысып
жылытпақшы болады. Жердегі аяғының бармақтары барбиып,
үсіген картоптай талаурап кеткен екен.
Жарық келінің үстінде отырған орнынан тұрып, пристав
Тұрардың жанына барды. Бала «ұрады екен» деп жасқанып
103
Достарыңызбен бөлісу: |