Қызыл жебе
«Орыстарын жинап, Қара Иван жүз қол көтерсе, мен бір жүз
қолды атқа мінгізсем. Алматыны алар ма едік? Бірақ зеңбірегі бар-
ау, дәйістердің... Зеңбірек болса... Шіркін-ай, баяғы Байзақтың
қол астында жүзбасы болған Әлімбек бабамдай шайқаста жүріп
шейіт болғанның арманы бар ма! Қоқанның тағын қалтыратқан
сол батырлардан бізге мұра болған қасиет қалмағаны ма? Бірақ
Қоқанның ханы мен орыстың патшасы тең бе? Пішту... Қайда ол!
Арасы жер мен көктей. Орыстың патшасы жердің жүзін билеп
тұрған жоқ па? Әй, халық қаһарланса, кім біледі... «Көп түкірсе
– көл» деген. «Халықты көтеретін күш қайда, құдай! Ал патша
құлады. Одан ары не болмақ? Атасына нәлет!».
Одан ары не болары мына қар аралас бұлыңғыр сияқтанып
кетті де, Рысқұл селк етіп, төмендегі жол бойына үңілді.
Бұл отырған тұстан төменде кетіп бара жатқан аттының үстіне
қарғып түсуге болар еді. Ара жақын, мылтық мүлт кетпейтін,
таяқ тастам жер. Бір қаупі бар. Болыс бұрынғы салты бойынша
өзге топтан ат бойы алда жүре ме, әлде шоғырдың ішінде бола
ма? Шоғыр-дүрмектің арасында болса – қиын.
Шамалайды, түс ауып кетті. Күннің көзі көрінбейді. Арғы
беттегі қарағай, шыршалар ақ жамылған әруақтардай боп тұр.
Табандағы алқынған судың сарыны да бәсеңсігендей. Әлде
құлаққа әбден сіңісті болған соң солай шығар.
Жел саябырлап, қар енді қалбаңдамай, біркелкі мамырлап
түсіп жатты. Күні кеше күн жылы еді. Сол жылу әлі бойынан
қашпаған бұталар қарды лезде ерітіп, жұтып жіберіп жатыр.
Бұл тәпе-тәннен жауған қар Алланың алғысы ма, қарғысы ма –
беймағлұм. Оң қол жақтағы жалаңаш жартасқа қар жұқпай, беті
суланып, қарауытып, қалың ойға кеткендей мелшиіп қалған.
Қар түскен сайын шөп сыбырлайды. Миллион сыбыр, ұлан-
ғайыр ұран дауысқа ұласқандай әсер етеді. Дүние күңіреніп
бара жатқандай көрінеді. Болмашы сыбыр көбейсе боз боран
тұрғандай екен.
Қар толастар емес, мая шөбі сансыз сыбдырмен сыбызғы
тартып, жүрек жылататын мұңлы бір ұзақ күйге ұласты. Алда
күтіп тұрған ажалды оқиғаның азалы батикасы сияқты. Бұл күйден
кейін Рысқұл бір мезгіл мылтықтың өңешінен оқты суырып алып
96
Қызыл жебе
тастағысы да келді. «Бір болыс о дүниеге кетер, одан бұл дүниеде
не өзгереді? Баяғы зар заман сол заман қалпында қалар. Әттен
дүниеде не көп, мен сияқты зорлық көргендер көп. Құлақ кесті
құл болып жүре бермей, бәрі де үдере көтерілер күн болар ма?
Әне, сонда әділетсіздік артын қысар еді. Менікі не? «Бөлінгенді
бөрі жердің кері емес пе»?
«Жоқ! – деді ол пішендегі шашыратқының қураған көк гүліне
қол соза беріп». – «Біреуге шұқыр қазсаң – алдыңнан ор шығады»
деген қайда? Болыс маған деген шұқырды терең қазып, аямастан
итеріп жіберді. Жазығым не? Бауыздарда лақ та бақырады. Лақ
құрлы болмай, тұяқ серіппей кете беру керек пе? Жоқ! Саймасай
алшаң басып, аранын ашқан дүниеде маған орын жоқ. Атасына
нәлет!»
Жүресінен отыра берген соң аяғы талды. Аяғын созып
жіберіп, ақжұлық болған шоқай етігіне қарады. Қыс болса келіп
қалды. Аяқ киімнің сиқы мынау. Мая болмаса, үстіндегі жұқа
шекпеннен қазірдің өзінде суық өтетін түрі бар. Тұлабойындағы
киім атаулыдан жанға себі – тозығы жеткен киіз қалпақ.
Көптен бері ыстық ішпей, шекесі құрысқан. Бас аурудың
үстіне мына меңіреу, бұлыңғыр тыныштық қосылып, миын шаға
түскен.
«Балалардың да киімі тозық. Тұрар жалаң аяқ еді. Мына қарда
тобанаяқ, далаға шыға алмай, мүсәпір болып, көзі жаутаңдап
отыр-ау... Аяғы күйген тауықтай азап кешкен қу өмір. Бүйтіп
өмір сүргенше, алысып өлген жақсы. Саймасай әділ болса, біз
аш-жалаңаш қалармыз ба? Жоқ! Оны аяудың керегі жоқ. Азды
аяған, көптен құр қалады. Саймасай жойылса, бәлкім, басқа
болыстарға ақыл кірер, тәубасына келер, елге жеңілдік болар...
Әй, атасына нәлет!».
Қақпанға түскен қасқырдай, ызалы көздері қанталап бара
жатты. Тұрардың жалаң аяқ, жертөледен шыға алмай отырғаны
тағы елестеді. Көзінен шоқ шашырағандай болды. Бірақ оны
мына меңіреу түкпірде ешкім көрген жоқ, көрсе шошыр еді.
Көңілінен Тұрар кетпей қойды. Оның ар жағынан Түйметай
мен Ізбайша буалдыр көрінеді. Тұрар тура қарсы алдында бетпе-
бет тұрғандай. «Көке-ау, мені де ала кет», – деген үні құлаққа
|