Қызыл жебе
шыңдары; Дауылбай тоқалдықка тартып алған Әсем қыздың
жәудір көзі; жылқышы Рысқұлды көргенде алаулап ала жөнелетін
сол Әсемнің алма беті... бәрі де көз алдында. Бұл көріністерді
надзиратель еш уақытта да, мылтықпен де, найзамен де қуып
шыға алмас.
Тас қапастың құрсауында отырғанның өзінде адамның
көкірегінің терезесіне темір тор қаға алмайсың. Одан күнді де,
аспанды да, жасыл жапырақты да тасалай алмайсың.
– Тұрсаңшы, Тұрар!
Бала ұйқысын қимай, ыңырсып, бүрсиіп жатады.
– Қазір, көке.
Түрме камераларының бәрі мұндай емес. Бұдан бір мысқал
болса да тәуірлері бар. Бірнеше кісілігі де, тіпті бір қора тұтқын
жататыны да бар. Тұп-тұтас тастан емес, қыштан, тіпті домбаз,
қам қыштан соғылған камералар да кездесер.
Рысқұл камерасы – санаулы тас абақтының бірі еді. Мұнда тек
аса қауіпті тұтқындар, патша тіршілігіне барынша зиянкес, зор
қылмыскер ғана отырғызылады.
Сондай қылмыскердің бірі Шілмембет Шымырдан шыққан
Рысқұл Жылқайдарұлы еді. Аяқ-қолын кісендеп, алғаш осы тас
қапасқа жекелеп кіргізгенде мың да тоғыз жүз бесінші жылдың
басы болатын.
Осы түрмеден бір рет қашып шыққан әдісіне салып абақтының
астын теспекке әрекет жасап, қараңғыда іргеге тырнақ салып
көріп еді, көбесі сыдырылып түсе жаздады. Саусақтары мұп-
мұздай тасқа тиіп, көбесі жапырылып, шып-шып қан шықты.
Ертеңіне надзиратель оны дәретханаға шығарып бара жатып
саусағындағы қанды байқап қалып:
– Байқа, бәлем! Бұл саған өткен жолғы камера емес, – деп
айызы қанғандай қарқ-қарқ күлді.
Бұл жолы түрме қызметкерлері сақ болды. Рысқұлдың кім
екенін танып қалған, қой қораға қамап қойсаң, абақты осы екен
деп, тырп етпей жата беретін аңқау қазақ болмай шыққанына
көздері жеткен.
Тас камераға қамалған соң-ақ Рысқұл ісінің оңалмасын сезген.
Жаза жарлығы көп ұзамас деп те күткен. Өлім жазасы бола ма,
134
Қызыл жебе
каторга бола ма, көп кешікпес деп еді. Бірақ жарым жылдан асты,
іс әлі шешілмей жатыр. Екі иығына екі кісі мінгендей шомбал,
қолдан құйғандай шымыр, өте қарулы еді, абақты сорып тастады.
Қызыл-күрең жүзі басындағы тозған ақ қалпақтың түсіндей
күннен-күнге қуарып барады.
Ақ қалпақ демекші, оның жаны сірі екен. Қанша жыл болған,
құдай-ау, туған жері Түлкібастан кетер жылы Қатшагүл жеңгесі
тігіп беріп еді. Топырағың торқа болғыр, сол Қатшагүлдің де
сүйегі әлдеқашан қурап қалды. Рысқұл енді ойлап тұрса, тұла
бойында туған жерден қалған жалғыз белгі осы тозған қалпақ
екен. Басқа ештеңе сақталмаған. Еш белгі жоқ. Бәрі тозған,
бәрінің күні озған. Енді, міне, басынан бұлт арылмай ауырдан
да ауыр күндер туды. Ноқта сыймас қайран бастың енді қай
шұңқырда қаларын, ақ қалпақтың қайда шірірін бір құдайдың өзі
біледі.
Сірә, әкімдер оны осы тас камераның ішінде шірітер. Сотты
тым созуларына қарағанда, бәрі ықтимал.
– Тұра ғой, Тұрар. Мен саған жағдаятты түгел айтып берейін
де. Мына жендеттер мені бір жайлы қылатын уақыт келіп қалды-
ау деймін. Сен бәрін естіп алғаның жөн.
Кірі ашылмаған бөздей болып аспанның сәл-пәл ағара
бастағаны байқалды. Енді сәлден кейін надзиратель келіп, темір
есікті теуіп ашып, Тұрарды алып кетеді. Қаршадай бала таң
қараңғысынан қора сыпырады. Одан кейін күймеге ат жегіп, түрме
бастық Приходько мырзаның балаларын гимназияға апарып
салады. Одан оралған соң Приходько мырзаның отынын жарып,
күлін шығарады. Күні бойы тынымсыз жұмыстан қалжырап,
камераға қайтып келгенде, әкесінің әңгімесін тыңдауға шамасы
келмей құлайды.
– «Ұйқысын қимай аяғанмен, құдай аямаса, адамдар аямаса,
бәрібір қор болмай ма?! Одан да бұған мен істің мән-жайын, түп
төркінін түгел айтып қалуым керек қой. Бәлкім, ертең кеш болуы.
Менің хикаямды әйтеуір, бір адам білуге тиіс қой. Кейінгілер бұл
шытырман-шырғалаң істі соттың қағазынан емес, өз баламның
аузынан білуі абзал шығар.
135
Достарыңызбен бөлісу: |