126
Қызыл жебе
рұқсаты, бәлкім, тіпті Ресей империясының әскери министрінің
рұқсаты керек болар, – деп фон Таубе креслоға шалқая берді.
Кресло тұсында императордың үлкен суреті ілулі тұр.
Николай II қылыштың қынабына таянып алған. Мұрты едірейіп,
көзі бедірейіп, қай қырынан келсең де өзіңе тік қарайды. Жарты
құдай осы. Бәлкім, құдайдан ары болмаса, бері емес. Ұлан-байтақ
империяның жекедара монархы.
Губернатор фон Таубе патшаға еліктейтін. Шашын да
соныкіндей қырықтырып, мұртын да солай бастыратын.
Тіпті
қажеті болмаса да беліне қылыш асынады. Креслодан шалқая
бере сол қылыштың сабына таянып отырады. Бірақ осынша
айбынымен кішкентай бір «киргиздің» ісін өзі шеше алмауы
оязды қапаландырады.
– Ташкент пен Петербурды
мазаламай-ақ өзіміз ғана ың-
шыңсыз тындыра салмаймыз ба? – деп қалды ояз.
– Жоқ, Георгий Александрович, ойланбай айтасыз.
Рысқұлдың басын ала салу оңай. Одан ештеңе өнбейді.
Әңгіме сол жазаны жұртқа жария етуде. Ал жария ету үшін
жоғарыдағыдай санкция керек. Мәселенің өте маңызды екенін
айтып мен генерал-губернаторға хат жазайын. Жауабы қалай
болады іс солай шешіледі. Келістік қой, Георгий Александрович.
– Әңгіме осымен аяқталғанын
аңғарған ояз орнынан жылдам
тұрып, губернаторға басын иді.
– Сау тұрыңыз, Георгий Александрович, – деді губернатор
креслодан тұрмастан қолын созып.
Ояз
шығып кеткен соң, қоңырау қағып, адъютантқа:
– Осташкин мырза кірсін, – деді.
Вице-губернатор кіріп келіп:
– Слушаю Вас, – деп қалшиып тұрып қалды.
–
Михаил Захарович, енді «Рысқұл ісімен» тікелей сіз
айналысасыз. Менің атымнан генерал-губернаторға хат
дайындаңыз. Рысқұл Жылқайдаровқа әскери сот үкімін шығарып,
16-статьямен соттауға болар ма екен деп істің мән-жайын түгел
баяндап жазыңыз. Болыстардың арызы туралы да айтыңыз. Хат
дайын болған соң маған қол қоюға әкеліңіз.
– Құп болады! – деді вице-губернатор Осташкин.