Қызыл жебе
бағып, күні-түні ат үстінде жүрген артық сияқты көрінеді де
тұрады.
Дүние шіркін, қилы-қилы. Біреу жарлы, біреу бай.
Дауылбайдың жылқысы Алатаудың алқымын түгел алып жатыр,
ал Рысқұл сияқты ер-азаматта аяқ лау боларлық жаман тай да
жоқ еді. Осы жақында ғана Корниловкадан өткен солдаттардың
бракқа шыққан бір атын амалдап қолға түсірген. Әскери ат
ақалтеке шалыс, мойны құрықтай, аяқтары сидаң жылқы еді. Аз
күн жем беріп, жоңышқаның көрпесіне арқандап байлағаннан
кейін ақалтеке атырылып шыға келді. Бісміллә деп оны Рысқұл
көкпарға да салып көрді. Додаға жоқ, шабысқа шайтандай жүйрік
екен.
Әке байғұс бала қызығын көрмей ертерек өтті-кетті.
«Балаларым Әлімбек батыр бабасындай күштілерден
қорықпайтын, мықтылардан ықпайтын асау болып өссе», –
деп армандаушы еді. Жылқайдардың әкесі Әлімбек Түлкібас
дуанына аты жайылған айтулы батыр, шабандоз, палуан бопты.
Бірақ жалғыз атты кедей екен. Ал Жылқайдар можантомпай,
момындау кісі еді. Батырдың баласымын деп шіреніп отырмай,
ағайыны Дауылбайдың қызметіне кірген. Кісі есігінде жүрудің
не екенін білген соң барып:
– Екі дүниеде бір-ақ тілегім бар, балаларым кісі есігін
көрмесе екен, – деумен болды. Алғаны Айтолды бәйбіше төменгі
Таластағы кедей Ойықтың қызы еді, сонан өзі енді тұра алмастай
қатты ауырып жығылғанда:
– Айтолды-ау, саған айтарым, мына үш баланы байдың
босағасына телміртпе. Мен олай-бұлай боп кетсем,
Кемербастаудағы ағайындардың арасына барыңдар! Ахат ініме
сәлем айт. Ешкімге күні түспей Қарақойынның құнарынан
несібесін теріп жеп жүр ғой. Менің артымда қалып бара жатқан
үш балама бір тоқымдай жерді бәсірелікке берсін. Ешкімге
кіріптар болмай сол жерден бұйырғанын алып-жеп көріңдер, –
деп еді.
Ахат Жылқайдардың аманатын ада қылмай, адал орындады.
Обалы не керек?! Жылқайдардың жесірі мен жетімдеріне
Қарақойынның қара бұйра топырақты жерінен бәсіре бөліп берді.
138
Қызыл жебе
Шынтуайттап
келгенде
Қарақойынға
Жылқайдар
балаларының ортақ болар жөні де, жолы да бар еді. Бабалары
Әлімбек батыр аз ата Алсай баласын қанаттыға қақтырмай,
тұмсықтыға шоқыттырмай, шонжар тұқымдармен иық тіресіп
өтті. Мына қазіргі Дауылбай болыстың әкесі Құлжабай датқаның
өзі Әлімбектің айбынынан мысы басылып, жүні жығылып тұрар
еді. Сөйтіп, бұл шұрайлы Қарақойынға Әлімбек және Соқыр
батырлардың арқасында қол жеткен. Әйтпесе, аз ауылдың өмірі
алдына салып айдаған малы жүзге жетпеген, жүзге жетсе күзге
жетпеген. Көбінің-ақ «үрерге иті, сығарға биті» болмаған.
Соқыр – Әлімбек батырдың немере інісі болатын. Шын аты
Керімбек еді. Сонау Меркеде Сыпатай батырдың асын бергенде
қырғыздан келген Теке батырға қарсы сайысқа шығар исі қазақтан
ешкім табылмай иә аруақ, иә құдайлап Керімбек жұлқынып
ортаға шыққан.
– Өлсем – құным сұраусыз! – деп айқай салған дейді.
– О, бұ кім? Бұ қай бала! – дескен ел аталары.
– Бұл - Түлкібастан келген Шымыр-Шілмембет Керімбек! –
дескен жұрт.
Сонда дүйім ел:
– Бәйдібек! Бәйдібек! – деп ұран тастапты.
Бәйдібек баласы болған жер «иә, құдайлап» жүріп Керімбектің
төсін тоқыммен тартып байлап, қолына найзадай ұзын айыр
бақан берген екен. Айыр жағын оң қолының қарына тіреп алып,
құж-құж құйқалы басын орамалмен шарт түйіп, астына апай төс,
жуан бел қарагер алпауыт ат мініп ортаға ойнақтап шыққанда ар
жағы Арыс, бер жағы Алматы, Албаннан жиылған жұрт тағы да:
– Бәйдібек! Бәйдібек! – деп аспан астын азан-қазан қылған
деседі.
Сайыстың серті жаман. Екеудің біреуі құрбан. Соған екі
сайыскер де бас тігеді. Теке батыр талай сайыстан ұртын қанға
толтырып, аруағы асып, жеңімпаз атанып жүрген кәнігі сайыскер.
Ортада шомбал қара ат мініп, төбедей болып, асқақтап тұр. Қасы
салбырап көзін жапқан. Тап-тақыр жала басы шошақтау екен.
Керекең құсап орамалмен таңбаған. Төсін тоқым орнына ала қыл
139
Достарыңызбен бөлісу: |