1.2 Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту мәселесі
Қоғам дамуындағы өзгерістер жеке ғылым саласы ретіндегі тіл біліміндегі жаңа бағыттардың туындауына әсер етсе, өз кезегінде сол өзгерістер оның оқыту жүйесін де жаңартуды қажет етеді. Осымен байланысты тілді адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастың құралы ретінде қарастыру етек алды. Адам мен оның тілін әлеуметтік аспектіде өзара байланыстырып, адамның әлеуметтік рөлі, тілі, мамандығы және қандай әлеуметтік топқа жататындығы, идиологиялық тәуелділігі т.б. арқылы тілдік тұлғаны анықтауға басымдылық берілді. Тілді оқытуда оның тілдік қарым-қатынаста қолданылу дәрежесі мен сипатына, әлеуметтік-психологиялық мәніне көңіл бөлінді. Әдіскер-ғалымдар ана тілінің тек қатысымдық қызметін ғана айқындап қоймай, оның баланы жеке тұлға ретінде қалыптастырудағы мәніне баса назар аудара бастады. Өйткені тіл арқылы адамдар өмірден өз орнын табады, әркім өзіне қажетті игілікті іске асырады.
Синтаксис пәні студентке сөз тіркесінің, сөйлем мен мәтіннің ерекшелігі мен өзіндік қолданысын үйретіп, сол арқылы олардың сөйлеу қабілетін жетілдіруді көздейді. Бұл Қазақстан Республикасының бiлiм берудi дамыту тұжырымдамасының: «Қазiр педагогикалық қоғамдастықтың алдында бiлiм берудiң жаңа моделiн құрудың, сынақтан өткiзу мен енгiзудiң ауқымды мiндеттерi тұр. Бiлiм берудiң қазiргi негiзгi мақсаты бiлiм алып, бiлiк пен дағды-машыққа қол жеткiзу ғана емес, солардың негiзiнде дербес, әлеуметтiк және кәсiби бiлiктiлiкке – ақпаратты өзi iздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам өзгерiп жатқан бүгiнгi дүниеде лайықты өмiр сүру және жұмыс iстеу болып табылады», – деп көрсетiлген басты қағидатымен толық үндеседі [8, 5].
Таным мәселесі антик заманынан бастау алады. Әр дәуірдегі ойшылдар мен педагогтер балалардың өзіндік ой-тұжырымын жасау, оны дамыту мәселесіне назар аударса, адам баласының танымдық қабілетінің мәні қазақ халқының даналық сөздерінде, ертегі, жыр, мақал-мәтелдерінде де көрініс тапқан. Синтаксисті қатысымдық тұрғыдан оқыту студентті лексикалық және грамматикалық бірліктерді қарым-қатынаста ұтымды қолдануға, өз көзқарасын айта білуге және синтаксистік категорияларды сөйлесім әрекетінде ұтымды пайдалануға үйретсе, танымдық тұрғыдан оқыту оның оқу материалдарын терең игеруіне, өзін-өзі дамытуға, танымдық қабілетін (қабылдау, меңгеру, жоспарлау, мәселені шеше білу, ойлау, тапқырлық, білімін қажетті жерде қолдана білу т.б) арттыруға мүмкіндік тудырады.
«Сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі одан та артық», «сөйлегенде сөздің жүйесін келтіріп сөйлеу» қажет. «Сөздің жүйесін қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша бір-біріне қиындасып, жалғасатын дағдысын білу» керек. «Сөйлеудің асыл мағынасы – біреуге білдірейін деген ойын айту. Айтушының мақсаты – тыңдаушыға ойын түгел түсіндіру. Ойын түсіндіру үшін соған керек сөздерді алу қажет. Бір сөзді ойын анықтау үшін алса, екінші сөзді ойын толықтыру үшін алады, үшінші сөзді ойын пысықтау үшін алады» деген А.Байтұрсыновтың пікірі синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың өзегін анықтауда маңызды рөл атқарады [1, 142, 274].
Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың қайнар көзі ХХ ғасыр басында қазақ топырағында ұлтты тану мен сапалы білім берудің тың үлгісін жасаған отандық ғалымдардың әдістемеге қатысты ой-пікірлері, еңбектері зерделеніп, олардың оқыту үдерісіне қатысты білім беру жолдары технология түрінде дәйектелді. Себебі оқыту технологияларының нышандары А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ы.Алтынсарин, Қ.Жұбанов, .Балақаев т.б. ғалымдардың еңбектерінен бастау алады. Зерттеуде олардың әдістемелік тұжырымдары қазіргі таңда қолданылып жүрген оқыту технологияларымен салыстырылды. Нәтижесінде әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген технологиялардың қазақ әдістеме ғылымында да өз іргетасы болғаны анықталды. Олардың қай-қайсысының да құрылымдық жүйесі технологияға қойылатын талаптарға толық жауап береді. Бұл технологияларда мәдениет пен тілге, ғылым мен білімге ерекше назар аударылған.
Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлының танымдық-тағылымдық технологиясында білім алушының тілін дамыту, танымын кеңейту мәселелері басты назарда ұсталынған. Оқытудың түпкі нәтижесі оның танымдық, проблемалардың шешімін табу, ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталғандықтан, синтаксисті оқытуда маңызды рөл атқарады.
М.Жұмабаевтың дара тұлғаны қалыптастыру технологиясында адам бойындағы мінез-құлық, қасиеттерін тәрбиелей отырып, білім алушының бойына тұлғалық дарындылықты қазақтың ұлттық тәрбиесі арқылы қалыптастыру өзек етіп алғандықтан, ол оқыту үдерісінде студенттің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, жеке тұлғалық қасиеттерін дамытады.
Ж.Аймауытовтың пәнаралық байланыс арқылы ынталандыра оқыту технологиясы қазіргі таңдағы білім берудің ұлттық моделін жасау идеясымен сабақтасады. Ғалымның пайымдаулары жеке тұлғаға бағдарлап оқыту, интеграциялық байланысты қолдану, білім алушының ынтасын тудыра оқытып білім беру т.б. мәселелермен тығыз байланысты. Бұл синтаксисті оқытуда білім сапасын арттырудың алғы шарты болып табылады.
Ы.Алтынсариннің тілдік дағдыны жетілдіру технологиясында қазақ тілі сабақтарында білім алушылардың тілдік дағдыларын жетілдіру мен шығармашылыққа баулу әдістері кеңінен орын алатыны байқалады. Ол баланың өміріне, табиғатына жақын келетін мәтіндерді пайдаланудың тиімділігін көрсеткен. Студенттің тілдік қабілетін жетілдіру – білім беру үдерісіндегі басты міндет. Олай болса аталған технология осы міндетті шешуге мүмкіндік береді.
Қ.Жұбановтың дамыта оқыту технологиясы студентті тұлғалық жағынан қалыптастыру мен дамыту және білімді деңгейіне қарай меңгертуді көздейді. Ғалымның түйінді мәселеге көңіл аудару, сөзбен суреттеу, көрнекілік, өмірге үңілдіру, еңбек үдерісімен, жүйелі ойға төселдіру, білім алушының алдына проблема қоя оқыту, бір пәнді игерту үшін оған екінші пәнді құрал ету т.б. әдістері бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен ұштасып жатыр. Ғалымның дамыта оқыту технологиясы синтаксистік бірліктердің қалыптасу, өзгеру, даму заңдылықтарын танып білуге көмектеседі.
М.Балақаевтың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру технологиясы тілдік білімнің нәтижесін құзыреттіліктер деңгейіне көтеруді мақсат ететін қазіргі уақыт талабымен толық үндеседі. Сондықтан сөз мәдениеті студенттің интеллектуалдық және мәдени сапасын арттыратындай тілдік қатынасқа төселдірудің негізі ретінде қарастырылады.
Қорыта келгенде, ғалымдардың еңбектерінде қазіргі білім беру технологияларының барлығы да көрініс тапқан. Сондықтан сол ой-тұжырымдарды басшылыққа алу болашақ мамандардың санасына ұлттық рух пен елжандылық қасиетті қалыптастыруға, ұлттық сананы оятуға, сабақ сапасын арттыруға, оқытушы шеберлігі мен студент білімін жетілдіруге ықпал етеді.
Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан сапалы оқытудың негізі – білім беру технологияларын бірлестікте қолдану. Қазақ тілін саналы және сапалы меңгертудің бір шарты – білім беру технологияларын ұтымды қолдану. Бұл орайда қазіргі білім жүйесінде қолданылып жүрген Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдовтың дамыта оқыту жүйесі, В.К.Дъяченконың ұжымдық оқыту технологиясы, Ш.А.Амонашвилидің тұлғалық-ізгілендіру технологиясы және т.б. білім беру технологияларының басым бағыттары жұмыста кең талданды.
Ф.Ш.Оразбаеваның қатысымдық тұрғыдан оқыту технологиясы – қазіргі білім беру үдерісінде ең жиі қолданыста жүрген технология. Әдіскер тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесім әрекетінің бес түрін ғылыми айналымға енгізді. Аталған технология тіке байланыс, адамның жеке қабілетін ескеру, сөйлеуге үйретуде жүргізілетін жұмыс түрлерін айқындау, сатылап даму, динамикалық өзгеру, өзектілік ұстанымдарын басшылыққа алып, қатысымдық әдіс арқылы тілді меңгертуді мақсат етеді. Синтаксисті қатысымдық тұрғыдан сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы меңгерту студентті ойын, пікірін, көзқарасын еркін, нақты жеткізуге жетеледі.
Н.А.Оразахынованың сатылай кешенді талдау технологиясы – қазіргі заман дамуының заңдылықтарын ескере отырып жасалған талдау жүйесі. Сатылай кешенді талдау технологиясы синтаксистік бірліктерді студенттерге ғылыми негізде сатылай, жүйелі меңгертуге негізделді.
Білім беру жүйесінде технологиялардың әрқайсысы тілді меңгеруде өзіндік орын ала келіп, бір-бірімен тығыз бірлікте, тұтас қолдану арқылы тиімді рөл атқарады. Студентке жүйелі білім беретін материалды тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, оның жеке қабілетіне сай дұрыс меңгерте білу оқыту технологиясын жақсарта түседі. Технологияға қатып қалған, өзгертуге болмайтын нәрсе деп қараудан арылып, әрбір технология тілді меңгертудің түпкі нәтижесіне қызмет ететін, соған қолайлы жағдай туғызатын оқытудың өзара сабақтас жүйесі деп қараған жөн [9, 102]. Білім беру технологияларын студенттің қабілеті мен уақыт сұранысына орай қолдану білім сапасын арттырып, оны өз ойын жинақтап айтуға, білімін тілдік қатынаста дұрыс қолдануға үйретеді.
Достарыңызбен бөлісу: |