Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту


Синтаксисті оқытудың ғылыми-методологиялық негіздері



бет6/10
Дата09.06.2023
өлшемі218,5 Kb.
#100230
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Курсовая работы на тему Синтаксисті оқыту жолдары

2 Синтаксисті оқытудың ғылыми-методологиялық негіздері
2.1 Синтаксисті оқытуда берілетін білім мазмұны

Синтаксисті берілген сағат санына сай қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың білім мазмұнын былайша жүйелеуге болады: синтаксистің зерттелу тарихы, синтаксистің құрылымдық сипаты, синтаксистің функционалдық ерекшеліктері.


Қазақ тіл білімінде синтаксистік зерттеулер 1920 жылдардан бастау алып,
1950 жылдарға дейін зерттеу нысаны нақты айқындалған ғылым саласы ретінде орнықты. 20-50-ші жылдардағы синтаксис саласына қатысты ғылыми нәтижелердің негізі А.Байтұрсынов, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов т.б еңбектерінен бастау алады. А.Байтұрсынов сөйлемнің өзіне тән жүйесін сөйлем ішіндегі сөздердің басын түсінікті етіп құрастырудың жолдары негізінде анықтау керектігін назарға алады. Сөйлем ішіндегі сөздер сөйлем мүшелері деп аталып, олар тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерге жіктеледі. Тұрлаулы мүшелер бас мүше және баяншы мүше деп аталып, сөйлемнің ішіндегі қазық сөз, сөйлем иесі бас мүше, оның сырын сипатын, жайын, амалын, болмысын айтып баяндайтын сөз баяншы мүше деген тұжырым жасайды [1].
С.Аманжолов сөйлеу мен сөйлемнің арақатынасын, сөйлемдегі сөздердің логикалық байланысу жолдарын, дұрыс сөйлей, дұрыс жаза білудің шарттарын ұсынды. Сондай-ақ, сөйлемнен тыс, бірақ бірнеше сөздің тізбектеліп, бір ғана мағына білдіруін білдіретін тілдік құбылыстың өзіне тән ерекшелігін танып, оны сөз тізбегі деп атап, оларды өз ішінде екіге бөлді: лексикалық тізбектер, синтаксистік тізбектер [3, 66].
Ендеше, бүгінгі синтаксис саласына қатысты берілетін білім мазмұнының І кезеңі 1920-1950 жылдардың үлесіне тиеді.
Екінші кезең 1950-2000 жылдардағы зерттеулердің нәтижесімен өлшенеді. М.Балақаев, К.Аханов, Т.Сайрамбаев, М.Серғалиев, Ә.Аблақов, С.Исаев, Қ.Есенов т.б. тұжырымдары осы кезеңге жатады. Синтаксистің сөйлемдерді, олардың түрлерін, сөйлемдегі сөз тіркестерін, сөйлем мүшелерін адам ойын білдірудің грамматикалық бөлшектері ретінде қарастыратын ілім деп танылуы; сөйлемдердің құрылысына қарай жай, құрмалас болып үлкен екі топқа жіктелуі; жай сөйлемдердің жалаң, жайылма, жақты, жақсыз, толымды, толымсыз болып саралануы; олар жұмсалу мақсатына, айтылу сазына қарай хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдер түріне бөлінуі – осы кезеңнің үлесі. Сөз тіркесін сөйлем мүшелерінен бөліп, синтаксисінің жеке саласы ретінде қарастырылуы да осы кезеңге жататын ең ірі жаңалықтар қатарын құрайды.
Үшінші кезеңге 2000 жылдардан бері қарайғы зерттеулер жатады. Бұл кезеңде зерттеу объектісіне айналған синтаксистік бірліктердің ашылмаған жаңа қырлары назарға ілікті. Синтаксистік бірліктер қатысымдық бірлік ретінде қатысымдық лингвистикамен ұштасса, сөйлеу тілінің прагматикалық негізі ретінде прагмалингвистикамен тығыз байланыста қарастырылуда. Сөз тіркесі синтаксисінің мәнін анықтайтын зерттеулер қатары семантика, сөзжасам, номинация теориясымен сабақтастықта зерттелуде. Құрылымдық синтаксисте тіл бірліктері жекелей алынып, ішкі байланысы құрылымдық-мағыналық деңгейде қарастырылса, функционалды синтаксисте осы белгілердің қалыптасуы контекст, мәтін деңгейінде зерттеледі. Ал қатысымдық синтаксисте сөйлем мүшелері мен сөйлемнің актуальді мүшеленуінің арақатынасы анықталады.
Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту бағдарламасының мазмұны мен құрылымы. Оқу бағдарламалары белгілі бір пәннен берілетін нақты материалдарды қамтумен бірге, студенттің алға қойған мақсатына жетуге де көмектесетіндей болуы шарт. Бағдарлама пән бойынша белгілі бір нәтижеге жетуге, практикалық өмірде білім, білік, дағдыларын қолдана білуге жағдай туғызуға қызмет етуі тиіс. Бағдарламада қамтылатын білім мазмұны бірізділікпен, жүйелі түрде берілуі шарт. Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуға арналған бағдарламаның жобасы типтік бағдарлама негізінде ұсынылды. Бағдарлама төмендегідей бөлімдерден тұрады: Бірінші бөлімде типтік бағдарламада бар тақырыптар қамтылды. Синтаксис ғылымында шешімін тапқан, бірақ бағдарламаға енбеген материалдар мен синтаксистің тілдік қатынас және когнитивті лингвистикамен байланысын танытатын тақырыптар қосымша ретінде ұсынылды. Екінші бөлімде осы тақырыптарды меңгертудің амалдары мен тәсілдері берілді. Үшінші бөлімде тақырып бойынша орындалатын СӨЖ, СОӨЖ тапсырмалары қамтылды. Төртінші бөлімде тақырыпты меңгергендерін анықтау мақсатында қолданылатын бақылау тапсырмалары берілді. Бесінші бөлімде студенттің тақырыпты игеруде қол жеткізетін нәтижесі көрсетілді. Мысалы:
1. Білім мазмұны бойынша жүйеленген тақырыптар.
1) Синтаксистің зерттелу тарихы: Синтаксиске қатысты ғылыми тұжырымдар; синтаксистің қатысымдық және танымдық қызметі туралы пайымдаулар; А.Байтұрсынов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев т.б. ғалымдардың тілдік қатынас және таным туралы ойларының синтаксиспен сабақтастығы және т.б.
2) Синтаксистің құрылымдық сипаты: Сөз және оның формасы синтаксисінің танымдық сипаты; сөз тіркесінің өзіне ұқсас тұлғалардан айырмашылығы: сөз тіркесі және атаулық тіркес, сөз тіркесі және шектеулі тіркес, сөз тіркесі және фразеологиялық тіркес; мүшеленбейтін сөйлемдер: сөз-сөйлем, сөз-сөйлемше және т.б.
3) Синтаксистің функционалдық ерекшелігі: Сөз, сөйлем және мәтін – қатысымдық бірлік; күрделенген жай сөйлемдерге байланысты проблемалық мәселелер; компонент жай сөйлемдердің функционалдық сипаты т.б.
2. Тақырыпты меңгертуде қолданылатын амал-тәсілдер.
Интеграциялық, сыни-талдамалық, проблемалық, зерттеушілік т.б. әдістерді, білім беру технологиялары мен кешенді жұмыстар жүйесін өзара сабақтастықта қолдану арқылы білім мазмұнын игертуді көздейді.
3. СӨЖ, СОӨЖ. А.Байтұрсынов, С.Аманжолов т.б. ғалымдардың синтаксис туралы тұжырымдарын тезис түрінде жазу; сөз тіркесі мен тұрақты тіркестің айырмашылығын кесте түрінде көрсету; фразелогиялық тіркестердің қатысымдық қызметіне байланысты пікірлерге талдау жасау және т.б.
4. Бақылау тапсырмалары. Балама, анықтау, ашық, жабық т.б. тестер мен тапсырмалар арқылы алған білімдері тексеріледі.
5. Күтілетін нәтиже. Тілдік бірліктерді пікір білдіруде т.б. қолдануы арқылы қатысымдық құзыреттілігі, тақырыпқа байланысты ақпараттарды жинап, сұрыптап, таразылап қолдануы нәтижесінде танымдық құзыреттілігі қалыптасады. Тілдік және мәдени бірліктерді тілдік қатынаста ұтымды пайдалануы линговомәдени құзыреттілігін жетілдіреді. Көпшілік алдында жүйелі сөйлеуі мен өзіндік көзқарасын дәлелдеуі әлеуметтік-тұлғалық құзыреттілігін дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен ұсынылған бағдарлама жобасы бірнеше қызмет атқарады. Алған білімді бекіту қызметі студенттің білім мазмұнын игеруіне, алған білімді ұқсас және жаңа жағдайда қолдануды үйретуге бағытталады. Үйлестіру қызметі студенттің әр түрлі білім көздерінен алған ақпараттарын оқу үдерісінде ұштастыра білуін көздейді. Жүйелеуші қызметі студенттерді әр сала бойынша білім мазмұнындағы ұқсастық пен айырмашылықты тауып пайдалануға жетелейді. Дамытушылық қызметі студенттің қабілеті мен білім, білік, дағдысын қалыптастыруға бағытталады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет