Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту


Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан



бет5/10
Дата09.06.2023
өлшемі218,5 Kb.
#100230
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Курсовая работы на тему Синтаксисті оқыту жолдары

1.4 Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан
оқыту тұжырымдамасы

Әрбір елдің болашағы білім беру жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуына және пәнді меңгертудің ұтымды әдістемесін ұсынуға байланысты. Қазіргі таңда жан-жақты дамыған, шығармашылық қабілеті жоғары мамандарға сұраныс күшейді. Сондықтан қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту екі мақсатты көздей отырып жүйеленді: синтаксисті қатысымдық тұрғыдан оқыту оны басқа ғылым салаларымен байланыста меңгертуді, қатысымдық бірліктердің мәнін айқындауды, оның синтаксисті оқытуда алатын орнын зерделеуді, оны сөйлесім әрекеті арқылы іске асыруды мақсат етсе, танымдық тұрғыдан оқыту синтаксисті танымдық әрекет пен танымдық іскерлік арқылы меңгертуді көздеді.


Э.Оразалиеваның жіктеуі бойынша, танымдық әрекетке қабылдау, ойлау, пайымдау, түсіну, зейін қою, есте сақтау, сөйлеу т.б. тәрізді құрамды бөліктер жатқызылған. Ғалым қазіргі кезде танымдық әрекетті «функционалды-прагматикалық, аккумулятивті және қатысымдық қызметтері ерекше, адамзат тіршілігіне аса қажет фактор» деп бағалайды [12, 148-149].
Танымдық іскерлік педагогика ғылымында білім алушының танымдық белсенділігімен сабақтастықта қарастырылады. Студенттің метатанымдық іскерлігі алға қойған мақсатын анықтауы, іс-әрекетін жүйелі түрде жоспарлауы, нәтижені бағалай білуінен т.б. байқалса, ақпараттық іскерлігі қажетті ақпаратты табуы, оны талдап, екшеп, сұрыптап ала білуі, ақпаратпен жұмыс істеуді дұрыс ұйымдастыруынан көрінеді. Әлеуметтік-аффективтік іскерлігі ұжыммен жұмыс істей алу қабілеті, ұжымдық, топтық, жұптық тапсырмаларды орындай білуі мен проблемалық жағдаяттарды шеше алуы арқылы танылады. Бұл екі мақсаттың бірлігі синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың білім мазмұнын анықтап, жүйелеуге бағыт береді. Білім мазмұнын меңгерту ұстанымдар мен әдістер және оқыту формалары арқылы іске асырылды. Түпкі мақсат студенттің құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталды. Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың моделі 1-кестеде көрсетілді (1-кесте).
Ақпараттардың алмасуы, яғни ойды жеткізу барысында қатысымдық мағынаны түйсіну, екінші адамды түсінуге тырысу үшін тілдік қатынасқа әсер ететін факторларды ескеру қажет. Мұндай факторлар негізінде сөйлеу коммуникациясының түрлі формалары мен типтері анықталады. Сөйлесім әрекетінің түрлері белгілі бір ережеге сүйеніп жүзеге асырылады.


1-Кесте – Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту моделі


Студент өзі айтып тұрған ой, пікірдің мағынасын, танымдық мәнін түсініп, әлеуметтік-тілдік, лингвомәдени, танымдық қабілетін жетілдіруге мүмкіндік алады. Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгерту студенттің сөйлеу қабілеті мен дағдысын қалыптастыруда әрбір синтаксистік құбылыстың формасын, тілдік бірліктердің мағынасы мен айырмашылығын терең қарастыруға, сөйлесім әрекетіне әсер ететін тілдік құралдардың қызметін анықтауға, тілдік бірліктердің қолданылу дәрежесін айқындауға, оның тілдік қарым-қатынаста атқаратын рөлін дәйектеуге мүмкіндік береді. Студенттің синтаксистік категорияларды түсініп, оны дұрыс қолдануы қатысымдық, танымдық, лингвомәдени және әлеуметтік-тұлғалық және т.б. құзыреттіліктерін қалыптастыруға көмектеседі.
Сонымен синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың тұжырымдамасы бойынша жоғары мектепте болашақ филолог мамандарға синтаксисті оқытудың басты мақсаты мен міндеттері; ұстанымдары мен әдістері; білім беру технологиялары мен кешенді жұмыстар жүйесі білім мазмұнын қатысымдық және танымдық мақсатта игертуге, білім сапасын арттыруға, студенттің құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталады.
Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгертуде жүзеге асырылатын құзыреттіліктер. Қазіргі нарық заманы студенттердің құзыреттілігін қалыптастыруды, олардың дара тұлғалық сапасын дамытуды талап етіп отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, «құзырет» адамның жұмысының аспектісі ретінде танылса, «құзыреттілік» осы аспектіні орындай алу деңгейімен анықталады. Құзырет студенттің білуі қажет нәрсе болса, құзыреттілік осы нәрсені жақсы істеуі, өзін-өзі танытуы, білімі, білігі, өзін-өзі бағалауы т.б. мәселелерді қамтиды. Жұмыста студенттің білімі мен білігін өз қажетіне қарай ұштастыруға, сөйлеу қабілетін жетілдіруге, танымдық көзқарасын қалыптастыруға, студенттің шығармашылық қабілетін дамытуға т.б. көмектесетін төмендегідей құзыреттіліктердің рөлі айқындалды.
Қатысымдық құзыреттілік дегеніміз – студенттің түрлі жағдаятта тең дәрежеде қарым-қатынас жасауға қабілеттілігі және әлеуметтік-мәдени нормаларды сақтай отырып, ұйымдастыру біліктілігі. Студенттің қатысымдық құзыреттілігі ауызша және жазбаша коммуникацияны меңгеруі мен әлеуметтік өміріне қажетті қабілеттерді игеруінен көрінеді. Тілдік бірліктерді дискурс пен пікір білдіруде шығармашылықпен қолдана білуі және дара тұлға ретінде кез келген жағдаятта ойын еркін, жүйелі жеткізуінен байқалады.
Қазіргі кредиттік оқу жүйесінде студент өзінің оқуын жоспарлап, өзіне қажетті пәндерді таңдап, өз жұмысын бағалап үйренуі шарт. Синтаксисті оқытуда студенттің алған білімін өз бетінше дамытып, жетілдіріп, жаңа формада жүзеге асырып, сынап, үнемі ізденіп, кез келген жағдаятта қолдана білуін қамтамасыз ететін танымдық құзыреттілік.
Танымдық құзыреттілік – студенттің хабарды өздігінен өңдей білуі, өз бетінше оқуы, үйренген материалдарын жаңа жағдайда қолдануы, хабардың шығу көзін таба алуы, өз қабілеті мен білімін бағалауы, өзіне қажетті білімді екшеп, сұрыптап ала білуі, оны қолданудың жолын меңгеруі.
Лингвомәдени құзыреттілік студенттің әлеуметтік және қоғамдық ортада өз орнын таба білуіне, өзгелермен тіл табысу арқылы белгілі бір мақсат үшін бірлесе еңбек етуіне қажетті дағдыларды дамыту нәтижесінде қалыптасады.
Лингвомәдени құзыреттілік дегеніміз студенттің тілдік және мәдени бірліктерді контексте орынды қолдануы, мәдени-тарихи және ерекше ұлттық ақпараттарды тілдік қарым-қатынаста пайдалануы, лингвоелтанушылық білімдер жүйесін меңгеруі, ұлт тарихы, дәстүрі, мәдениеті туралы білімін сөйлеуде ұтымды пайдалануы, сөйлеу мәдениетін игеруі.
Студенттің әлеуметтік-тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру – бүгінгі заман сұранысынан туындап отыр. Әлеуметтік-тұлғалық құзыреттілік студенттің әлеуметтік шындықты құндылық ретінде түсінуі және белгілі бір әрекетті басқарудағы нақты әлеуметтік білімінің сапалық деңгейін көрсетеді. Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгерту студенттің өзін-өзі дамытуына, қоршаған ортаны шынайы түйсінуге, өзінің даралығын сезінуге және айналасындағы адамдармен өзара әрекеттесу дағдыларын игеруге ықпал етуді көздейді. Студенттің топ алдында рефератын қорғауы, баяндама жасауы, пікірталас, ойталқы, ойбөлісте өз ойын еркін жеткізе білуі оның әлеуметтік-тұлғалық құзыреттілігін жетілдіруге игі әсерін тигізді. Студент ертеңгі маман ретінде тілді, мәдениетті сақтаушы, жеткізуші тұлға ретінде қызмет етеді.
Студенттің әлеуметтік-тұлғалық құзыреттілігі дегеніміз – оның қоғамда, көпшілік алдында сөйлей білу дағдысы; тұлғаның қоғамда өз мәдени деңгейін, адами сапалық қасиеттерін таныта алуы; қарым-қатынастың ұлттық және жалпы адамзаттық әдеп нормаларын ұштастыра білуі; интеллектісі мен парасатын үйлесімде таныта алуы; өзгермелі дүние жағдайына бейімделе білуі, өмір бойы білім алу парадигмасына сай өз әлеуетін жетілдіре алуы; көпшілік алдында сөйлеу мен пікірталас мәдениетін жетік меңгеруі; өзіндік көзқарасын шешендік сөздің тектеріне сәйкес ұтымды жеткізе алу шеберлігі; қоғамдық қарым-қатынаста тұлғаның өзіндік көзқарасын мен позициясын ұстануы; қоғамдық пікірталаста өз пікірін қорғай алуы, топ алдында сөйлей алуы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет