2.4 Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың педагогикалық негізі
А.Байтұрсынов, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Көбеев, Ғ.Қарашев т.б. қазақ ағартушыларының педагогикалық ойлары синтаксисті оқытудың негізін құрайды.
М.Жұмабаевтың «бала тәрбиясы бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбия қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек» деген тұжырымы синтаксисті оқытуда басшылыққа алынатын ой-пікірлерді айқындауға тірек болды [18, 7].
Абайдың «ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» немесе «ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ» деген қағидаттары студентті еңбекті бағалауға, ғылымды игеруге жетелейді [19, 107].
Ы.Алтынсарин материалдарды баланың жас және ұлттық ерекшелігін, ақыл-ойының өрісін және оларды игеру қабілеттерін ескере отырып ұсынды. Ол мұғалімнің оқу құралдарымен жан-жақты танысып, материалды алдын ала жоспарлап алуына мән берді. Оны қандай әдістер арқылы меңгертуге болатынына назар аударды. Ағартушы ғалымның пікірлері синтаксисті оқытуда ғылыми фактілерді, аса маңызды ғылыми қағидаларды сұрыптап, алдын ала екшелеп алуға ықпал етті.
М.Мұқановтың «Сабақта студенттермен байланыс жасаудың негізгі тәсілінің бірі – оқытушының сөзінің нақты және студенттерді сендіретіндей болып келуінде. Мұғалім сөзінің сенімділігі деп, айтылатын сөздердің айқын, бірінен соң бірі жүйемен келуін айтады» деген пікірі педагогикалық үдерістегі оқытушының қатысымдық мәдениетіне байланысты мәселелерді айқындауға ықпал етті [20, 45].
Педагогикалық қызметте педагогтің қатысымдық мәдениеті бірінші орында тұрады. Болашақ маманның қатысымдық мәдениеті адамдармен қарым-қатынас жасай білуінен байқалады. Адамдармен тез арада тіл табыса білуі оның қатысымдық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Студенттің қатысымдық мәдениеті оның өзін өзі тәрбиелеу мен дамытуының дәрежесін, қатысымдық дағдысы мен қатысымдық қабілетін байқатады. Қатысымдық қабілеті коммуникацияның барлық түрін ұтымды қолдана білу, айтатын сөзін дұрыс жоспарлай білу, сөйлеу мәнері мен қажетті сөздерді ұтымды қолдана білуінен көрінеді. Ол студенттен жаңа білім мен дағдыны өңдей алатын қабілеті болуын, алатын білімін дұрыс ұйымдастыра білуді, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды, жұмысын бағалай білуді талап етеді. Білім беру жүйесінде болашақ ұрпаққа білім беру мен оларды дұрыс тәрбиелеу оқытушының қызметі және кәсіби біліктілігімен сабақтастықта қарастырылады. Сапалы білім беру мен студентті дара тұлға ретінде дұрыс тәрбиелеу оны болашақ мұғалімге қажетті кәсіби дағдыны, білімді, мәдениетті, балалармен қарым-қатынас орната білу қабілетін, оқу үрдісін дұрыс та ұтымды ұйымдастыру жолдарын меңгертуді талап етеді. Студенттің бойына осы қасиеттерді сіңіру үшін ғалымдардың педагогикалық тұжырымдары маңызды болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |