1.3 Синтаксисті оқытуда тілдік қатынас пен танымдық лингвистика теорияларының алатын орны
Танымдық лингвистика адам санасында сақталған білімнің коммуникацияда тілдік таңбалар арқылы бейнеленуін қарастырады. Адамзат үшін ақиқат дүние біреу болғанымен, оны түсіну, тану, сол дүниенің біртұтас бейнесін санада қалыптастыру әрекеттері әр адамда, әр ұлтта әр түрлі деңгейде, сан алуан интерпретацияда беріледі. Сондықтан тіл иесінің ой-өрісіне, дүниені тұтас таныған жан әлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері тілде өзінше көрініс табады [10, 15]. Студент санасында, ойында сақталған ақпаратты танып қана қоймайды, оны тілдік қатынаста қолданады. Тілдік қатынас екі түрлі қызмет атқарады. Біріншіден, ол баяншы мен қабылдаушы арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асырады. Бұл оның қатысымдық қызметін танытады. Екіншіден, ғаламның тілдік бейнесін таныту үшін адам мен өмірдің байланысын білдіруге бағытталады. Тіл қатысымда тек белгілі бір ойды, пікірді, хабарды жеткізудің құралы ғана болып табылмайды, ол адам санасында қалыптасқан, жинақталған, бейнеленген ұғымдар мен түсініктерді жеткізеді. Ол адамның жылдар бойы жинаған білімін сақтаушы, жеткізушінің қызметін атқарады. Бұдан оның танымдық қызметі көрінеді.
В.А.Маслованың тұжырымы бойынша, «всю познавательную деятельность человека (когницию) можно рассматривать как развивающую умение ориентироваться в мире, а эта деятельность сопряжена с необходимостью отождествлять и различать объекты: концепты возникают для обеспечение операций этого рода» [11, 30]. Яғни тіл – адамның дүниетанымын танытатын ақпараттық-танымдық күрделі құрылым. Ол студенттің ойлауы, санасы, пайымдауымен тығыз байланысты. Ақпарат, алдымен, студенттің миында сақталады, жинақталады, өңделеді. Санада бейнелеген ақпарат студент жадында сақталады да, оны ол қажет кезінде алып қолданады. Адамзат санасының қызметі қоршаған әлемнің жалпы заңдылықтары, өзара байланыстары туралы мәліметтерді, білім негіздерін жүйелеуге мүмкіндік беретіндіктен, кез келген адам оның көмегімен алдына мақсат қоя білуге, жоспарлы әрекет етуге, табиғи және әлеуметтік орталарда өзін-өзі ұстауға дағдыланады [12, 264]. Студент қатысымға түскен кезде ақпаратты өз қалауынша пайдалана алады.
Психологтар сөйлесім кезінде баяншының қабылдаушының әр түрлі ерекшеліктерін ескере отырып тілді қолданатынын айтады. Баяншы кімге қалай және қайтіп сөйлеу керектігін өзі шешеді. Студенттің тілдік жағдаятта қолданатын ақпараттары санасында сызба, модель, яғни фрейм түрінде сақталады. Мәселен, сөйлем сөзі арқылы студент санасында сөйлемге қатысты жай, құрмалас, аралас құрмалас, салалас, сабақтас т.б. фреймдар пайда болады. Сондықтан қазір оқытуды фреймдік тұрғыдан ұйымдастыру керек деген пікірлер кездеседі. Фреймдік тұрғыдан оқыту студент санасында алынған ақпаратты терең сақтауға ықпал етеді. Мысалы, сөз тіркесі синтаксисі бойынша оның фреймдерін құру кезінде сөз тіркесінің ережесін білмейтін студенттер оның қатарына күрделі сөзді, атаулық тіркесті, шектеулі тіркесті т.б. жатқызуы ықтимал. Яғни студент өзі таныған, білген, меңгерген дүниесін ғана қолданады, пайдаланады. Студенттің ойында көп уақытқа дейін тілдік кодтар сөз, сөйлеу немесе әр түрлі концептілер түрінде сақталады. Баяншы өзіне қажет кезінде, белгілі бір қатысымдық міндеттерді шешуде ойда сақталған тілдік кодтарды таным елегінен өткізіп тілдік қатынасқа түседі. Студент «миында қандай ой пайда болмасын, ол тілдік материалдың негізінде ғана туындап, іске асады» [13, 201].
Достарыңызбен бөлісу: |