Тақырып: Педагогикалық кәсіпті меңгерудегі студенттің ой еңбегі мәдениеті
Мақсаты: Болашақ ұстаздарды ой еңбегінің мәдениеті туралы білімдермен қаруландыру, ой еңбегінің іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру, жоғары оқу орындарындағы кредиттік оқыту жүйесінің ерекшеліктерімен таныстыру.
Негізгі ұғымдар:Ой еңбегі, оқу еңбегі мәдениеті, зейін, есте сақтау, кредиттік оқыту жүйесі, оқу еңбегінің нәтижелерін бақылау түрлері.
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары): 1. Ой еңбегі мәдениеті туралы түсінік
2. Адамның ой еңбегіне ықпал ететін жағдайлар
3. Жоғары оқу орындарындағы студенттердің ой еңбегін ұйымдастыру ерекшеліктері
4. Студенттердің оқу еңбектерінің нәтижелерін кредиттік оқыту жүйесі бойынша бақылау түрлері
Дәрістің қысқаша мазмұны: Ой еңбегі мәдениеті туралы түсінік. Әр адамның жан-жақты дамуының негізгі бағыттарының бірі – оның ақыл-ой тәрбиесі. Жеке тұлғаның адамзат мәдениетіне ену процесінде білімнің рөлі, ақыл-ой мәдениетінің бөлігі ретінде қарастырылады. Педагогикалық оқулықтарда ақыл-ой тәрбиесі – адамның ақыл-ой күштері мен қабілеттерін дамыту, ой еңбегін игеру арқылы қоғам, табиғат, адам туралы ғылыми білімдер жүйесін меңгеру процесіне мақсатты және жоспарлы түрде ықпал ету ретінде қарастырылады. Ақыл-ой дамуы адамның оқу іскерліктерімен тығыз байланысты. Адамның табысты және нәтижелі оқуына көмектесетін барлық білім, дағды, іскерліктер кешені ой еңбегінің мәдениеті деген ұғыммен қамтылады. Адамның ой еңбегі оның логикалық ойлау қабілетіне, есте сақтау, зейін қою, елестету, қиял, қызығушылық қабілеттеріне негізделеді. Педагогикалық жоғарғы оқу орнындағы студенттерде ой еңбегінің мәдениетін қалыптастыру олардың педагогикалық процестегі рөлдерінің маңыздылығымен өзекті. Педагогикалық тәжірибеде оқушыларға неғұрлым көп білім немесе ғылыми ақпараттар берілсе соғұрлым олар білімді болады деген пікірлер қалыптасқан. Бірақ ежелгі кезден бастап белгілі болғандай «оқушыларды білім құя беретін бос ыдыс ретінде қарастырмай, керісінше олардың ішкі қабілеттерін дамыта отырып шамшырақтай жаға білу қажет» екені айқындалған. Ал бұл тек білім алушылардың саналы белсенділіктері, өзіндік талпыныстары дамыған жағдайда ғана мүмкін болады. Оқу барысында табысқа жету адамның өз бетінше білім көздерін іздестіріп таба алуына, үздіксіз, тынбай жұмыс істей алуына тікелей байланысты. Әр адам өзінің ой-санасына қарай әрекет жасап табысты еңбек етуге тырысады. Оқу-танымдық іс-әрекеттегі бір адамның жетістігі екінші адамның жетістігі бола алмайды. Оқу-танымдық іс-әрекетте әр адам табысқа өз еңбегі арқылы ғана жете алады. Ал егер оқушылар немесе студенттер оқу-танымдық іс-әрекеттерін тиімді ұйымдастыруға үйретілмеген болса, олардың табысқа жетуі екіталай.
Ой еңбегінің мәдениеті студенттердің құндылық бағдарларын, өмірге, болашағына, өзіне деген көзқарастар жүйесін ашуға мүмкіндік береді. Ой еңбегінің мәдениеті - білімді дұрыс іздестіріп, оларды дұрыс қолдана алу өнері. Ой еңбегінің мәдениетін дұрыс меңгерген адам ғана қазіргі ағымы жылдам, ауқымды, ғылыми, әлеуметтік-экономикалық, мәдени ақпараттар ағысында өзін еркін сезіне алады. Мектеп жасынан бастап, кейіннен жоғарғы оқу орнында адамның оқу еңбегі арқылы жинақтаған білімі оның өз күшіне деген сенімділігін арттырады. Неғұрлым білім сапалы, терең болса, адам соғұрлым сол білімінің пайдалылығын бағалап, өзін еркін сезініп, болашаққа сенімді қадам жасай алады. Бірақ қазіргі ақпараттық заманда білім тез-ақ ескіріп қалатыны айқын байқалуда. Осыған байланысты әр адам жинақтаған білімін үнемі жан-жақты толықтырып, жаңартып отыруы қажет. Сондықтан қазіргі кезде «қосымша білім беру», «үздіксіз білім беру», «маманның кәсіби біліктілігін жетілдіру», «өз бетінше білім алу», «дистанциялық білім беру» ұғымдары психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік әдебиеттер мен мерзімді педагогикалық басылымдарда өте жиі талқылануда.
Адамның ой еңбегі дене еңбегімен тығыз байланысты. Дене еңбегімен айналысуда адам белсенді қимыл-қозғалыстарға күш жұмсайтын болса, ой еңбегінде көбінесе адамның ішкі психологиялық тетіктері қатысады. Ұзақ уақыт бойы қимылсыз, үздіксіз бірыңғай ой еңбегімен айналысу адамды тез шаршатып, денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ой еңбегі мен дене еңбегін ауыстырып отырған абзал.