Интерактивті қарым-қатынас адамдардың өзара тығыз әрекетте болуларын, тығыз байланыста, көпшілік ішінде жұмыс істей алуға бейімделуін қарастырады. Интерактивтік қарым-қатынас қазіргі педагогикалық технологиялардың негізін құрайды, оның барысында оқушылардың да, педагогтардың да өздерін дамытуға, іске асыруға тиімді, қолайлы жағдай жасалуы көзделеді.
Өзара әрекеттесу барысында тұлға аралық қатынастардың бекуі, өзара түсінісуі, көпшілік арасында адамның жеке қабілеттерін таныта алуы маңызды. Барлық ұжымдарда аса беделді мүшелері болады, бірақ оған қарамастан оқушылардың барлығының белсенділігін арттыруға мұғалім қолайлы жағдай жасауды көздейді. Өзара қарым-қатынастары бекіген, ауызбіршіліктері бар ұжым өте ұйымшыл болып келеді, және әрқашан да бірі бірімен ынтымақтастықта жұмыс істеуге бейімделеді.
Ұжым ішінде бір адамның екінші адамға оң, жағымды көзқарасының қалыптасуы симпатия деген ұғыммен анықталады. Ал антипатия – бір адамның басқа адамға теріс көзқараста болуы, жақтырмауы.
Әр адамға топ ішінде, ұжым ішінде жұмыс істегендіктен басқаларға үнемі жақсылық жасау, бір-біріне деген сенімділік, түсінушілік, сыйластық орнатуға үйрену керек.
Осындай қарым-қатынасқа балаларды мектеп жасынан бейімдеу үшін мұғалім сыныптағы оқушылардың бірлескен іс-әрекеттерін ұйымдастырудың ерекшеліктерін жете зерттеп оны ұйымдастыра алуы керек. Әрқашан да балалардың жақсы жақтарына, оң қылықтарына көп көңіл бөлініп, көпшілік алдында оқушының жағымды қасиеттері бағаланып отырса, ондай бала басқаларға үлгі көрсете отырып одан әрі жақсы жетістіктерге жетуге ынталанады.
Интерактивті қарым-қатынастың негізгі ерекшелігінің бірі ретінде оның бір топтағы адамдардың ортақ мақсатқа жетудегі бірлескен іс-әрекеттерін қарастыруға болады. Яғни, бұл жерде адамдардың өзара әрекеттестігі маңызды болып көрінеді. Интерактивті қарым-қатынастың екі түрі болады:
Кооперация – топ ішіндегі адамдар бір-біріне көмектесе отырып ортақ мақсатқа жетуді көздейді.
Конкуренция – топ ішіндегі адамдар бәсекелестік жағдайында бірі бірінен озып шығуға тырысады. Бұл бәсекелестікке таласуды шиеленіске бармайтындай қылып ұйымдастыру мұғалімнің құзырында.
Интерактивті қарым-қатынасты ұйымдастырудың мақсаты – адамдар арасындағы қарым-қатынас құлықтарын жақсарту. Ал қарым-қатынастар тек жақсылық жасау арқылы жақсарады, сондықтан топ ішінде өзара көмек, өзара сыйластық, өзара қолдау, өзара түсіністік сияқты ізгі әрекеттердің көп орындалуы табысты нәтижеге жетудің кепілі.
Бұл қатынастарды дұрыс басқара алу үшін мұғалім оқушылар ұжымының құрылымын, даму сатылары мен ерекшеліктерін терең зерттеп, олардың темперамент типтерін (меланхолик, сангвинник, холерик, флегматик) жетік білгені абзал.