Тақырыбы: Қарым-қатынас - педагогтің кәсіби-шығармашылық іс-әрекетінің құрамды бөлігі
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары): 1. Педагогикалық қарым-қатынас туралы түсінік
2. Педагогикалық қарым-қатынас стильдері
Дәрістің қысқаша мазмұны:Педагогикалық қарым-қатыныс туралы түсінік.Қарым-қатынасты адамның әлеуметтік ортаға бейімделуінің негізгі факторларының бірі деуге де болады. Олай болса қарым-атынас - айнала қоршаған дүниемен адамдар арасындағы байланысты тұрақтандырушы. Қарым-қатынасты орнату өнерін жақсы меңгерген адам өмірде де көп жетістіктерге жете алады, жұмыста да беделі, абыройы жоғары болып қоршаған адамдардың сый-құрметіне бөленеді. Шығыстың әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн сынды ғұлама ойшылдары қарым-қатынас ұғымының біртұтастығына, адамдар арасындағы өзара әрекетке аса зор мән берген. Жүсіп Баласағұнның тәрбиелік ойларға толы «Құтадғу білік (Құтты білік)» атты дастанында адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау, сөз өнері, сөйлеу шеберлігі туралы өте әсерлі баяндалады. Мысалы, осы дастанында жазылған: «Сөзіңді ізгі сөйле, өлсең де өлгісіз», «Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз», «Қадірлісі – тіліне ұят сіңгендер, жүрек сөзін жүрегімен білгендер!» т.б. даналық сөздерінің тәрбиелік мәні қандай адамның болмасын жүрегіне жағымды, санасына сіңімді екені анық.
Соңғы жылдары қарым-қатынас мәселесі көп ғылымдардың зерттеу пәніне айналды. Онымен философтар, әлеуметтанушылар, мәдениеттанушылар, экономистер, саясаттанушылар, заңгерлер, психологтар мен педагогтер, менеджерлер тығыз айналысуда. Әр ғылым бұл феноменді өз мақсаттары мен міндеттері тұрғысынан зерттеу үстінде.
Ғылым аралық ұғым ретінде қарым-қатынас - өзара іс-әрекеттер қажеттіліктерінен туындайтын және ақпараттармен алмасуды, өзара түсінісуді, қабылдауды қамтитын адамдар арасындағы байланыстарды орнатудың және дамытудың күрделі процессі ретінде қарастырылады.
Қазіргі таңда зерттеуші-ғалымдар қарым-қатынастың түрлі аспектілерін жан-жақты қарастыруда. Бұл феноменнің философиялық негіздері ретінде В.С. Библердің, М.М.Бахтиннің, М.С.Коганның, Ж.М.Абдильдиннің, Қ.А.Абишевтің, Ш.Қасабековтың және тағы басқа ғалымдардың құнды еңбектерін атауға болады. Жеке тұлғаны дамытудағы қарым-қатынас мүмкіндіктері Б.Г.Ананьев, В.Н.Мясищев, С.Л.Рубинштейн сынды белгілі ғалымдармен зерттелген. Ал педагогикалық ғылымдар саласында қарым-қатынас мәселелері А.А.Леонтьев, А.А.Бодалев, А.В.Мудрик, В.А.Кан-Калик, Н.Е.Щуркова, А.И.Щербакова, В.А.Сухомлинский, Ш.А.Амонашвили, С.Л.Соловейчик, А.Б.Добрович, И.А.Зимняя, Я.Л. Коломинский, А.А.Реан т.б. ғалымдар еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Педагогикалық іс-әрекетте де қарым-қатынастың алатын орны өте жоғары, себебі педагогтың негізгі атқаратын қызметтері болып табылатын тәрбиелеу, оқыту, білім беру, дамыту, қалыптастыру процестерін қарым-қатынассыз көз алдына елестету мүмкін емес.
Педагог мамандығына байланысты кәсіби-педагогикалық қарым-қатынас ұғымы қолданылады. Жәй қарапайым күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас пен кәсіби-педагогикалық қарым-қатынастың айырмашылығы өте көп. Мысалы, адам өзінің жақын танысымен кездесіп қалып бір мәселе жайлы сөйлесіп тұрса ол жәй тұрмыстық қарым-қатынас болады. Егер мұғалім балалар алдында сабақ беріп тұрса - бұл мүлде басқа қарым-қатынас. Екінші жағдайда мұғалім қарым-қатынасты оқушылар ұжымымен арнайы күнтізбелік жоспардағы бір тақырыпқа байланысты сабақ жоспары бойынша ойластырып ұйымдастырады.
Л.И.Рувинский болашақ мұғалімдерге кәсіби-педагогикалық қарым-қатынастың ерекшелігін байқату үшін мынандай тренинг ұсынады. Сабақта отырған барлық студенттер жұптасып кез келген еркін тақырыпта өзара 1-2 минут әңгімелессін. Уақыттары аяқталған соң отырғандардың ішінен біреуін ғана аудитория алдына шығарып сол айтқандарын көпшіліктің алдында қайталап беруі сұралады. Сонда кәсіби қарым-қатынас пен жәй қарым-қатынастың айырмашылығы тез сезіледі. Аудитория алдына шығып сөйлеушіде мынандай сезімдер байқалуы мүмкін.
Әңгімені қалай бастауды білмеушілік.
Толық ұғынықты, әрі түсінікті айтып бере алмаймын-ау деген қобалжудың пайда болуы.
Қарым-қатынас мақсатындағы еленбейтін өзгерістер.
Бұрын пайдаланылған қарым-қатынас амалдарын өзгерту қажеттілігі жайлы түйсік.
Қарым-қатынас жүйесінде бір нәрсені өзгерту қажеттігін түсіну, бірақ не екені онша айқын еместік.
Жұрт алдында сөйлеуге дағдыланбағандық.
Бұрын үйреншікті болып келген дене қимылының, қозғалысының, жалпы мінез құлқының ерсілеу сияқты болып сезілуі.
Өзгерген қарым-қатынас формасында мәнерлі атқару компоненттерін қажет етуі.
Өзіңді дұрыс түсінуі үшін жоспарланған ақпаратты неғұрлым сол қалпында жеткізуге талпынушылық.
Тыңдаушыларды қызықтыруға тырысу.
Ақпаратты сұрыптауға, мазмұндауға және жеткізу формасы жайында өзіне едәуір талап қоюдың пайда болуы.
Енді әр студент кәсіби-педагогикалық қарым-қатынас жасай алу үшін өз бойларында барынша нені жаттықтыру қажет екенін анықтайды. Атақты педагог А.С.Макаренконың мынандай сөздерін есте сақтаған абзал: «Біз көп жағдайларда дұрыс сөйлей алмаймыз. Мұғалім сөйлегенде оның сөзінен оның мәдениеті, еркі, саналылығы байқалып тұруы керек. Бұған әдейі үйрену қажет».
Тағы бір ескеретін жағдай адамдардың өздеріне жақын адамдармен әңгімелесулері қызықтырақ болып, ал бейтаныс адаммен тез әңгімелесіп кетудің оңай еместігі. Ал жас мұғалім үшін өзіне таныс емес балалар сыныбына келгенде олармен қарым-қатынасты дұрыс орнату тіпті қиынырақ болуы мүмкін. Сондықтан балалар аудиториясын жақсы біліп, жақсы танып, жақсы көру арқылы ғана педагогикалық қарым-қатынастың табысты нәтижесіне қол жеткізуге болады. Осыған орай белгілі педагог В.А.Сухомлинскийдің: «Тәрбиеші өнері ең алдымен сөйлеу өнерімен, адам жүрегін баурап алу өнерімен көрінеді» деген сөздерін есте сақтаған жөн. Әрине, бұндай өнерді меңгеру үшін тартынбай талаптану, ерінбей еңбектену керек.
В.А.Сластенин педагогикалық қарым-қатынас деп педагог пен оқушылардың арасындағы өзара әрекеттерінің мақсаты мен мазмұнынан туындайтын қатынастарды орнатып дамытуды, өзара түсінушілік пен әрекеттестікті ұйымдастырудың күрделі процесін атайды.
Педагогикалық қарым-қатынаста педагог жетекші рөль атқарады, себебі ол баламен болатын қарым-қатынасты ұйымдастыру үшін алдын ала көптеген педагогикалық міндеттерді анықтайды, сол міндеттерді шешудің тиімді жолдарын іздестіреді. Қарым-қатынасқа байланысты қойылатын міндеттер коммуникативтік міндеттер деп аталады. Педагогика ғылымында коммуникативтік міндеттерді шешудің негізгі кезеңдері анықталған:
қарым-қатынас жағдайын бағдарлау кезеңі (мұғалім сыныптың қандай екенін, олармен қандай стильде сөйлесу керек екенін, қандай оқушыларға сөйлеудің қандай әдістерін қолдану керек екенін анықтайды);
өзіне көңіл аударту кезеңі (пауза, сөз арқылы көңіл аударту, қимыл арқылы - кесте көрсету, көрнекілік құралдар көрсету, тақтаға жазу т.б.);
тыңдаушылардың қарым-қатынасқа даярлығын анықтау кезеңі (тыңдаушылар аудиториясындағы қарым-қатынасқа жағымды психологиялық ахуалдың барын не жоғын анықтайды);
вербальдық қатынасты орнату кезеңі (ақпаратты ең тиімді жолмен ұғынықты, логикалық жүйелі түрде сөйлеу);
мазмұнды және эмоционалды кері байланысты ұйымдастыру кезеңі (тіл құралын дұрыс қолдану, ақпаратты баяндаудың логикалылығы, монологтың орнына диалогтық қатынас орнату, сұрақтар қою арқылы аудиторияның зейінін тақырып көлемінен алшақтатпау, қызықты проблемалық сұрақтар қою, оқушылардың түсінген не түсінбегенін, қабылдау деңгейлерін анықтау).
В.А.Кан-Каликше педагогикалық қарым-қатынастың өзіндік даму динамикасы бар, ол түрлі сатылар бойынша іске асырылады.
1. Сабақты не іс-шараны өткізуге дайындалу процесінде болатын қарым-қатынасты жобалау сатысы (жопар құру, қарым-қатынастың моделін құру).
2. Қарым-қатынасты тікелей ұйымдастыру сатысы (қарым-қатынастың алғашқы кезеңі, «коммуникативтік шабуыл» жасау).
3. Қарым-қатынасты басқару сатысы (оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін басқару, ойларын жетектеу, іс-әрекет түрлерін ауыстырып отыру, қарым-қатынасқа бөгет болып тұрған психологиялық кедергілерді азайту).
4. Педагогикалық қарым-қатынастың барысын және нәтижелерін талдау сатысы (қорытынды сатысы, кері байланыс арқылы қарым-қатынас нәтижесін бағалау, қарым-қатынастың тиімділік деңгейін анықтау).
Тәжірибеде бұл қарастырылып отырған педагогикалық қарым-қатынас сатыларының ұйымдастырылу ұзақтығы іс-әрекет мақсаты мен мазмұнына байланысты созылмалы немесе тым қысқа болуы мүмкін. Педагогикалық қарым-қатынас барысында мұғалімнің жалпы мәдениетінің бір қырын байқауға болады. Қарым-қатынас орнатуда мұғалім тек сөйлеуші емес сонымен қатар жақсы тыңдаушы да бола алуы керек. Мұғалімдердің өз шәкірттеріне үлкен құрметпен және сеніммен қараулары, оқу процесінде балалар жауабын тыңдауда оларды қолдап, құптап, олардың ойларына, жауаптарына ризашылығын білдіріп отырса педагогикалық қарым-қатынас әсерлі де тиімді болып, табысты нәтижесін көп күттірмейтін болады. Сондықтан әр болашақ мұғалім педагогикалық қарым-қатынас түрлерін, оны ұйымдастыру сатыларын, оның кәсіби іс-әрекеттегі маңызды ерекшеліктерін арнайы зерттеп үйренгені абзал.