Вербальсыз қатынас – мимика, ым-ишара, пантомимика арқылы сөзсіз қарым қатынас.
Мимика – адам бетінің бұлшық еттерінің қимыл-қозғалыстары арқылы оның психикалық жағдайының, сезімдерінің, көңіл-күйінің көрінісі.
Ым-ишара (жест) – қарым-қатынас барысында адамның психикалық көңіл-күйіне байланысты қолдарының белсенді қимыл-қозғалыстары.
Пантамимика - қарым-қатынаста адамның қолының, денесінің, аяқтарының қимылдарының қатысуы.
Бір қарағанда сөзсіз қарым-қатынастың болуы мүмкін емес сияқты, бірақ айналаға зейін қойып көңіл бөлсек ақпараттармен алмасудың қаншама сөзсіз тәсілдері қолданылатынын аңғаруға болады. Біз ана тілімізден басқа бірнеше тілдерді үйренуге талпынамыз, компьютер тілін үйренеміз, солармен қатар барлық халықтарға белгілі ым-ишара, іс-қимылдар тілдері белгілі. Бұл тілді меңгеруде өмірдің өзі көптеген сабақтар береді, бірақ көп назар аудармағандықтан біз барлығымыз оларды бірдей толық меңгере бермейміз.
Мысалы, ақпараттармен алмасудағы семафор әліппесі (шартты белгілер, жалаушалар арқылы), Сэмюэл Морзе әліппесі (1837ж) (тақылдату немесе жарық сигналдары арқылы), Луи Брайль әліппесі (1843ж. Франция) (соқыр адамдардың арнайы сипап сезілетін рельефтік-нүктелер комбинациялары арқылы оқу-жазу әліппесі), Шарль Мишель де Л’ Эпее әліппесі (1775ж. Франция) (саңырау және мылқау адамдардың алақан мен саусақтардың қимылдары арқылы сөйлесу әліппесі) сияқты көптеген әдіс-тәсілдері өмірде орын алып жатыр.
Вербальды қарым-қатынасқа қарағанда вербальсыз қарым-қатынастан көбірек ақпараттар алуға болады. Өмірде естуге қарағанда адам көру арқылы көбірек ақпарат алады екен. «Мың рет естігенше бір рет көргенім артық» деген мақал осыған байланысты айтылған. Белгілі профессор Альберт Мерабиан вербальсыз қарым-қатынас жайында жасалған бақылаулары бойынша қарым-қатынастағы негізгі үш фактордың маңыздылығына тоқталады:
Не айтылғанының – 7%;
Қалай айтылғанының – 38%;
Дене қимылдарының - 55% ақпарат қабылданады.
Сөйлеу барысында адамның мимикасы, іс-қимылдары да қатысып тұратыны белгілі. Қарым-қатынас барысында адамның бет-әлпеті, әсіресе көзі көп ақпарат береді. Көзі арқылы да адамның қандай көңіл күйде екенін түсінуге болады. Халықта «Көз - адам жанының айнасы» - деп тегін айтылмаған. Қоршаған дүние туралы ақпараттың 80% адам көру арқылы ала алады. Сөйлесу барысында адамның көзін көріп тұрмасақ бізге әңгімемізді жалғастыру қиынырақ. Мысалы сіздің әңгімелесушіңіз көзіне қап-қара көзілдірік киіп отырса сіз оның көзін көрмегендіктен бір ыңғайсыздықты сезінесіз. Немесе мынандай мысалдарды салыстырып көрейік.
Мұғалім өзі оқитын лекциясын магнитофонға жазып аудиторияға әкеліп қосып кетсін.
Мұғалім өзі аудиторияда тақта алдында лекция оқып тұрсын.
Мұғалім тақта алдында емес, артқы парта жақта тұрып лекциясын оқысын.
Мұғалім өзі лекция оқып тұр, бірақ көзінде қап-қара көзілдірік киіп алған болсын.
Қай жағдайда лекция жақсы қабылданады? Неліктен? Өз жауаптарыңызды түрлі мысалдармен негіздеңіздер.
Көзқарастардың өздері әр-түрлі болып ажыратылады. Мысалы төмендегідей көзқарастарды әр адам күнделікті қарым-қатынаста кездестіреді:
Көзді үлкен ашып қарау – таң қалғанда, қуанғанда кездеседі.
Тура қарау – адамға деген қызығушылықты, құрметті, онымен сөйлесуге дайындығын көрсетеді.
Қабақты түйіп қарау – ашуланғанда, ренжігенде, бір нәрсеге ызасы келгенде.
Алысқа қарау – ойлау, бір нәрсеге күмәндағанда байқалады.
Қиғаш көзқарас – бақылап қарау, бір нәрсеге риза болмағанда кездеседі.
Көзін көрсетпей, төмен қарау – кінәлі болғанда, бағынышты болғанда.
Жоғарыдан төмен қарау – менсінбеу, өзін жоғары санау.
Сонымен қатар адам көзінің бұлшық еттерінің қимылы да басқаларға ол туралы көп ақпарат береді. Қабақты түю, тесіле қарау, бір көзін қысу, көзді жұму, кірпікті жыпылықтату т.с.с. адам бетіндегі мимикалық өзгерістер қарым-қатынас барысында қосымша мәлімет беріп тұрады. Мінеки, осылардың барлығын мұғалім бала бетінен оқи алатын болса оған қарым-қатынастың кез келген түрін жүргізу қиын емес. У. Шекспир «Қарауға емес, көруге үйрен» деп айтуы да осы себептен болар.
Мына бір экспериментке көңіл аударайық. Мұғалім бір неше апта бойы сыныптағы бір қатарға ғана қарап жаңа сабақ түсіндірген, ал екінші және үшінші қатардағы балаларға мүлде қарамай қойған, сонда оның назарынан тыс қалған балалар материалды 25% - ға нашар меңгерген. Сонымен қатар олардың тәртіптерінің де төмендегені байқалған.
Адам мимикасында еріндерінің де қимылы арқылы оның көңіл күйі, психологиялық жағдайы жайлы ақпараттар алуға болады. Мысалы еріндерінің күлімдеп тұрған кезінде адамның көңіл күйінің жақсы екенін аңғарамыз. Адам ерні шүршиіп қалса оның өкпелеп қалғанын байқаймыз, Ал жылаған немесе ашуланған кезінде адам еріндері мүлде басқа көрініс беретінін білеміз. Оқушылардың мимика, қимыл-қозғалыстарына қарап мұғалім көп нәрсені түсіне алады. Осы мәліметтерді ескере отырып класқа кіргенде жүзіңіз күлімдеп тұрса балалардың көңілдері де көтеріңкі болады. Психологтардың зерттеуінше егер адам «жақсы» адам рөлін ойнай берсе ол біртіндеп оның мінезін өзгертеді, себебі кері қатынас іске қосылғаннан кейін, адам еріксіз жақсы адамға еліктеуі мүмкін.
Шет ел психологтары дүкендегі сатушылардың мейірімді жүздері бұйымдардың тез сатылуына, тауарлардың өтімділігіне айтарлықтай әсер ететінін анықтап, ірі дүкен иелеріне өз қызметкерлерінің жұмыс үстінде адамдарды күлімдеп қарсы алуларын міндетті етіп қоюға ақыл-кеңес береді. Дүкендердің барлық бөлімдерінің ішкі маңдайшаларында сатушылар үшін «smile – күлімдеңдер!» деген арнайы хабарландыру ілінген.
Адам көңіл-күйінің нашар болуы, әдетте бет-әлпетін тұнжыраңқы көрсетеді. Ал күлімдеу, керісінше, оның көңіл күйін жақсартады. Күлімдеп жүру – жан үшін шипа, ал шын көңілмен 3 минут күлу таңертенгі 15 минуттық бойсергітуді алмастырады.
Вербальсыз қарым қатынаста адамның қолының қимылына көңіл аударып адамның психологиясы жайлы мәліметтер алуға болады. Мысалы, қолын екі бүйіріне таянып тұру – адамның бір істі атқаруға дайындығын, батылдығын, табандылығын көрсетеді. Екі қолын артында айқастырып, басын жоғары ұстау – «бастық» позасы. Тырнағын тістеу, қайта-қайта киімін түзету – адамның қобалжып, немесе бір нәрседен ыңғайсызданып отырғанын байқатады. Ашық алақан, жұмылған жұдырық, сұқ саусақты көп көрсету, екі қолды алдында айқастырып ұстау, жағын таянып отыру, басын сипалай беру, иегін сипалай беру, т.б қол қимылдарының әр-қайсысы өзіндік ақпараттар белгісі. Мысалы кішкентай жастағы балалар өздерінің кінәсі жоқ болса, менде ештеңе жоқ дегендей алақандарын ашып көрсетеді, ал керісінше кінәсін түсінетін балалар үлкен адам алдында басын төмен қаратып, қолдарын қалтасына салып, немесе жұдырықтарын түйіп алып артында ұстап тұрады.
Мұғалім еңбегінде такесика деген ұғым да көп роль атқарады. Ол ешқандай сөзсіз баланың басынан сипау, қолынан ұстап жазуын түзету, иығынан қағып, қолпаштап қою, пиджагының жағасын түзетіп қою, қолын беріп құттықтау, қол алысып сәлемдесу т.б қол қимылдары арқылы жасалатын жақын тарту белгілері. Үлкендердің мұндай жағымды қимылдары кейбір кіші жастағы балаларға өте жақсы, жылы әсерін тигізеді. Мысалы, оқушы қайта-қайта артқы партаға бұрылып сөйлесіп отырса, сабақ түсіндіріп тұрған мұғалім оған орнынан тұрып айқайлап ескерту жасаудың орнына баланың қасына келіп ақырын ғана оны иығынан ұстап өз партасына бұрып қойып, сабағын одан әрі жалғастыра берсе бұндай такесикалық тәсіл әлдеқайда ұтымды нәтиже береді.
Қарым-қатынас жасауда адамның өз денесін тік ұстауы да маңызды. Басын жоғары ұстап, тік жүретін адамдар үнемі өз күштеріне, біліміне сенімді, жұмысқа деген құштарлығымен ерекшеленеді. Егер адам үнемі басын төмен салбыратып, еңкейіңкіреп жүретін болса ондай адамның ішкі әлсіздігі, жұмысқа зауқының жоқтығы байқалады.
Сонымен қатар педагогикалық қарым-қатынас барысында мұғалімдерге киім кию әдебін де ескерулері қажет. Мұғалім киімі өзіне жарасымды әрі дұрыс эстетикалық талғамға сай болуы керек. Қазіргі кезде адамның киімді қалай киюінің өзі адам туралы мәліметтер беріп тұрады. Мысалы пиджактың алдын үнемі ашық ұстау, немесе үнемі түймелеп жауып жүру, ұзын немесе қысқа киім кию т.с.с. ерекшелітер адам мінезінің, темпераментінің кейбір жақтарын білдіреді.