Базарбайдың Төлеген. Артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, Онан өтіп жөнеген. Қаршығамен ілесіп, Төлеген көңілі түзелді. Асығып жүрді тез енді. Бір көрмекке Жібекті Төлеген мырза кезенді. Қаршыға менен Төлеген Жағалай салды өзенді. Сол уақытта алдынан Бір көш шықты түбектен. Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады, Отыз түйе жетелеп, Сары мая үлектен. Мұрындағы сары жез, Бұйдасын ескен жібектен. Толған айдай толықсып, Ақ сазандай бұлықсып, Бұралып кетіп барады, Неше алуан қылықсып. Мұны көріп Төлеген, Атының басын бұрады, Әңгіме дүкен құрады. Осы ма деп Қыз Жібек Қаршығадан сұрады. Қаршыға жетіп келеді, Әзіл айтып күледі, Бұл емес, Жібек деген соң. Онан да өтіп жөнелді. Онан өтіп Төлеген Атқа қамшы басады, Тұлпардан туған көк жорға ат, Аузынан көбік шашады. Жер тарпынып жануар Ауыздықты басады. Алдындағы белестен – Орғытып келіп асады. Белестен түсіп желеді, Ойға түсіп келеді, Тағы айқасты бір көшке, Көш алдына қараса Бір қыз кетіп барады, Төлеген мырза көреді. Жанасалай сұлудың Қасына жетіп келеді. Көш алдындағы сұлудың Он қыз нөкер қасында. Өзі он бес жасында. Ақ маңдайы жалтылдап, Танадай көзі жарқылдап, Алтын шашбау шашында. Қырық нарға жүк арттырған. Қамқа зерлі кілемді, Жүк үстіне жаптырған Казинелі қырық нарға Жібектен арқан тарттырған. Дүрия бешпент белсеніп, Бұл дүниені кең салып, Алтынды қамшы қолға алып, Абжыландай толғанып, Бұралып кетіп барады. Осы екен деп Қыз Жібек, Жетіп келді қасына – Базарбайдың Төлеген. Артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, Онан да өтіп жөнеген. Тау басында қарағай, Төлегеннің мінезі – Болып кетті баладай. Осындай болып әр жерден, Он бір қыз өтті сәндікпен, Бәрі де қалды жарамай. Тағы айқасты бір көшке, Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады, Орта бойлы дембелше, Алтынды камзол жегдеше, Шын сипатын қараса, Бұрынғы қызан өңгеше. Алтын шышы кеседей – Екі көздің шарасы. Бейіште жанған шамшырақ, Көзінің гауһар қарасы. Туған айдай иілген, Екі қастың арасы. Сымға тартқан күмістей, Он саусақтың саласы. Сондай-ақ болып туар да, Адамзаттың баласы! Осы екен деп Қыз Жібек, Жетіп келді қасына – Базарбайдың Төлеген. Артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, Онан да өтіп жөнеген. Ені онан өтеді – Және бір көшке жетеді. Тағы айқасты бір көшке, Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады. Қара жорға мінгені, Қара торқа кигені, Екі көзі сүрмелі, Бұл сияқты перизат Қыз іздеген Төлеген, Жоқ еді сірә, көргені. Сексен түйе қомға алған, Сексені де болмаған. Сексен түйе үстінде Алтында жағдан орнаған. Асфаһани кілемдер – Жібектен гүлін торлаған. Қыз сипатын қарасаң, Ақ тәнінде кіршік жоқ, Айдын көлдің қуындай. Екі көзі жалтылдайд – Патшаның алтын тонындай. Сөйлеген сөзі сыңғырлап, Әпзәмзәмнің суындай. Аузынан шыққан сөздері, Сары алтынның буындай. Осы екен деп Қыз Жібек, Жетіп келді қасына – Базарбайдың Төлеген. Артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, Онан өтіп жөнеген. Онан да өтіп Төлеген, Атқа қамшы салады. Тұлпардан туған көк жорға ат, Көзі оттай жанады. Сымға тартқан күмістей, Сүмбідей болып жарады. Тағы айқасты бір көшке, Көш алдына қараса, Бір бәйбіше нұр жүзді Көшті тартып барады. Көш алдында бәйбіше Сары алтынның жабдығы, Бір жүз түйе қазына Қызыл алтын сандығы Көрұғлы – сұлтан қатыны, Аға Жүніс перідей, Көркі раушандай – Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері – Әлгі қыздан салдығы. Айдың өткен нешесі, Ай қараңғы көшесі, Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері – Ілкі қызан мүшесі. Асылдай болып есіліп, Нұрдай болып шешіліп, Ақ маңдайы жарқылдап, Танадай көзі жалтырап, Алтынды кебіс сартылдап, Көшті тартып барады, Жібекті тапқан шешесі. Берсе тәңірі жігітке – Ертесі мен кеші не? Ертеңгі күн бесінде, Зорға жеткен секілді, Қыз Жібектің көшіне. Көш сәулетін қараса, Асфаһанның жұпары, Стамболдың гауһары, Тамаша қылған адамның, Тояды көздің баһары. Есебі жоқ дүниені – Есептейік несіне? Келсе Жібек жоқ екен, Сол секілді көшінде. Ал Жібек ару бұлардан да өткен сұлу. Жібек сұлулығы көпке дейін жұмбақ қалпында, оқушы зарыға тосады, күтеді, ынтықтығы арта түседі. Мынадан өткен сұлу болса, онда қандай болды екен деген сұрақ көкейде қалады. Суреткерлік шеберлік – міне, осы, мұнда бағалау бар. Өзін бағалау арқылы бағалату бар. «Қыз Жібек» жырының адамзат құндылығына айналуының негізгі сыры осында болар, бәлкім. Ойлана келсек, «Қыз Жібек» жырының бағын ашып, бағалаған қазақ ғалымдары ма? Жоға, оны бағалап, бағын ашып, әлемге бағалатқан француздың атақты жазушысы - Ромен Роллан. Басталған ХХІ ғасыр қазақ қоғамы үшін ұлттық құндылықтарды қайта зерделейтін ғылыми танымды, аксиологиялық зерттеулерді қажет етеді. Кешегі ХХ ғасырдағы қоғам үшін маңызды болған құндылықтарды қайта бағалап, заманына қарай адамы болған жағдаяттарды талдау да, ұлт мәдениеті мен рухани танымы үшін шын мәніндегі құндылықтарды анықтау да маңызды.
Бағалау категориясы – тіл білімінде әр деңгейдегі тілдік бірліктердің жиынтығын бағалау семантикасы бойынша біріктіреді. Бағалау категориясы соңғы жылдардағы әлемдік тіл білімі бойынша жазылған ғылыми зерттеулерде өзекті мәселе ретінде қарастырылуда. Мұның өзі тіл білімінің шындық болмысты антропологиялық парадигмада зерттеулерге ауысуымен байланысты. Бағалау категориясында АДАМ негізгі нысан ретінде алынып, адами құндылықтардың қабылдануы негізгі мәнге ие болады, яғни адами қасиеттердің жақсылығы мен жамандығы, жоғарылығы мен төмендігі, даналығы мен надандығы, ұнауы мен ұнамауы бұл категорияның маңызды бөліктері.
Бағалау – логика-семантикалық категория ретінде танылады. Ол қашанда айтушы не жазушының берген бағасымен, көзқарасымен, дүниетанымымен, жеке пікір-пайымымен байланысты. Белгілі бір құбылысқа, әрекетке, жағдаятқа деген қарым-қатынас пен оны бағалау ұжымның пікірімен де байланысты, бұл бағалаудың негізінде сол социум үшін қабылданған нормалар жатады. Лебізді бағалауға деген қызығу немесе тақырыптың өзектілігі антропоорталық парадигманың белсенді зерделенуімен байланысты, әрі дискурстың өзгешелігі мен танымдық механизмдерін бағалаудың ерекше қырларын айқындауға мүмкіндік туғызады. Мәтінде көрініс табатын жеке тұлғаның әлемді тануы, әлеуметтік жағдайы мен ойлауы өзіндік әлем бейнесін тану ерекшелігімен байланысты зерттеледі. Аксиологиялық бағалауды зерттеуде Н.Д. Арутюнова, Е.М. Вольф, Т.А. Космеда, Н.И. Сукаленко еңбектері бар.
Бағалау феноменін кешенді зерделеу, әсіресе Абай шығармалары негізінде айқындау қазақ тіл білімінде де өзекті ғылыми мәселенің бірі.
Бағалау «мәдениет» ұғымымен тікелей байланысты қарастырылады. Мәдени-танымдық аспектіде аксиология дегеніміздің өзі бағалау қызметі мен ондағы өзгерістер, оның даму сатылары туралы жүйелі білім болып саналатындықтан, тілдік жүйе мен лебіздік жүйені мәдениетпен сабақтастыра зерделеп, мәдени-танымдық бағытта қарастыру бағалау концептісінің маңызын арттыра түспек. Өйткені бағалау әрбір мәдени концепттің бөлінбейтін бөлшегі санатында. Бағалауды кешенді концептер жүйесі деп тани отырып, оның бірнеше ерекше мәнін анықтайтын ішкі жіктелістерін атауға мүмкіндік бар. Бағалау концепті барлық адами құндылықтар негізінде де анықтала алады. Мәселен:
өмір концепті (тіршілік, нан, су т.б.);
тіршілік концепті
білім концепті;
адамгершілік концепті (шындық, ақиқат, намыс, ұят, ар т.б.);
отбасы концепті;
тағдыр концепті;
атамекен концепті;
жеке тұлға концептісі (достық, махаббат, жүрек, сезім) т.б.;
Көрсетілген бағалау концептерінде әлеуметтік сипат басым болады, әрі бұл замана лебіне, әр кезеңнің дүниетанымына, көзқарасына, мәдениетіне, қалыптасқан қоғамдық этикалық-эстетикалық нормаларына тікелей байланысты. Бағалау ұғымын кешенді құбылыс ретінде тани отырып, мәтіндегі коммуникативтік үлгісін анықтау қажет. Бағалаудың мақсаты мен нәтижесі, әдісі мен тәсілі, тактикасы мен жүзеге асуы, әсері мен қабылдануы, нәтижесі бар. Бағалау кешеніндегі аталған сыңарлар бірігіп, бір бүтін болады да, күрделі құрылымға айналады. Бағалау мақсаты – бағалаушының прагматикалық мақсаттарына байланысты; ғылыми бағалауда – шындық болмыстың қасиеті мен белгісін анықтау мақсат етілсе, субъективті бағалауда әр бағалаушының өзінің жекелей прагматикалық мақсаты болуы да ықтимал. Бағалау тактикасы бағалау мен оның әсерін анықтаумен анықталады. Бағалаудың жүзеге асуы – әр алуан типті бағалаудың нақты құралдар негізінде көрінуі; бағалау нәтижесі – қорытындысы бойынша көрінетін не байқалатын әсер, ықпал. Яғни бағалау моделі күрделі құрылым, онда бағалау мәні мен маңызы, әсері мен ықпалы, нәтижесі, қорытынды тұжырым анықталады.
Бағалау ұғымында өзін-өзі бағалаудың да орны ерекше. Ғылыми зерттеулерде тұлғаның өзі туралы жеке пікірі, өзіне берген жеке бағасы ретінде қарастырылады. Өзін-өзі бағалау гуманитарлық ғылымда МЕН концептісі арқылы зерделеніп, жеке Меннің мінезін бағалау, пікірін анықтау негізінде жүргізіледі. Өзін-өзі бағалаудың басты ерекшелігі – мұндағы басты эмоция мен бағалау МЕН-мен ғана байланысты болғандықтан, бағалау тұрақты әрі нақты, мәтінде берілген ақпарат бағалау нақышында болып есептеледі. Өзін-өзі бағалаудың тілдік құрылымы бағалаудың құрылымымен бірдей, субъекті мен объекті, предикат аксиологиялық мәнде, тек мұнда субъект пен объектінің бағалауы сәйкес келеді. Айтушының немесе жазушының өзін-өзі бағалауы әртүрлі коммуникативтік мақсатта болуы мүмкін.
Бағалау категориясының маңызды ерекшелігі -белгілі бір шындықты тану. Танылған шындықты ашып көрсетудің өзі субъективті, яғни шындық оқиғаны, әрекетті, болмыстың маңызды ерекшелігін бағалаудың өзі жеке тұлғаның пікірі болғандықтан, мұның өзінде де субъективтілік сақталады. Бағалаудың қандайы болса да, тіпті субъекті нақты көрінбей, айтылмай тұрса да, объект пен субъектінің арасындағы бағалауыштық қатынас сақталады. Айтушының не жазушының жеке пікірі оның іштей келісуімен не келіспеуімен астасып жатады да, объектіге қатысты ұнау/ұнамау, бағалау/бағаламау, келісу/келіспеу т.б. сияқты ұғымдар негізінде көрінеді. Бұл жөнінде Е.М. Вольф кең зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тиянақты пікір айтқан болатын [Вольф Е.М., 1985, с. 24–33]. Ғалым тұжырымымен келісе отырып, бағалаудағы субъективтілікпен бірге, бағалау тұжырымдарында кісінің ішкі сезімінің, яғни эмоциясының да орын ерекше екенін айту орынды болмақ.
Эмоцияның бағалаудағы орны кісінің ішкі сезімін орайына қарай шығарып, ақылмен тұсаулап, әрекетті ұғуымен, мәнін терең пайымдай алуымен де тығыз байланысты қарастырамыз. Эмоция тек сезімнен ғана туындамай, ақылмен де байланысты қарастырылады. Әрекетті, жағдаятты рационалды түрде бағалап, ақылмен ұғынып та бағалауға болады. Бағалаудың бұл сипаттағы түрі күрделі мәндік құрылымға ие. Тағы да Абайға жүгінелік: