Жүректе қайрат болмаса Ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек. «Ұйықтаған ой». Ой ұйықтаса адамның өзге жаратылыстан айырмасы бар ма? Демек, ой ұйықтамау үшін жүректе қайрат болуы қажет екен де, қайратты басқаратын ақылға сәуле қонуы шарт екен! Ол қандай сәуле?
Данышпан Абай жүрек пен қайрат сөзін байланыстырып, жүректе қайрат болуын қажеттілікке балайды. Қайрат – күш, жігер. Қазақта «ержүрек» деген сөз бар. Ерлік, батырлық жүректе деп тұр ғой. «Ерлік –білекте емес, жүректе» деп тағы да әпсаналайды дана халық. Жүрек пен қайрат қосылып біріксе, ұлы күшке айналады, жігері шыңдалады. Жүрек – сезім. Кейде бұларды синоним деп қабылдаса да болмаққа керек. Өзін « ...адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» - деп бағалайтын (Абай бағалататын) жүректе «дүниеде ешнәрсе онсыз кәмелетке жетпейтін», білімді ерінбей-жалықпай үйрену үшін керек, «Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын» (Абай) қайрат болғанда ғана ой-сана ұйықтамайды. Бұл мінезді жасайды. «Ермінез» сөзінің уәжі осы ұғыммен сабақтас. Жүрек-сезім қайратты болып ойды қозғайды, кісі ойланады. Ойланбаған жанның несі кісі?!
«Ақылға сәуле қонбаса» дегенді талдап көрелік. «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын - мен, сенің сөзіңді ұғатұғын - мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен» дейтін ақылға сәуле қону керек деп ойды толықтыра түседі данышпан Абай.
Сәуле – жарық, сәуле – нұр.
Мағынасы - кең, семантикасы – терең. Жарық – тәрбие, көргендік, оқу, білім, тағылым, күн, дін – бәрі осы бір семантикалық өрісте жатады да, бірін-бірі толықтырады, бүтіндейді, әдіптейді, сөйтіп ортақ салтанатты Сәулеге қызмет етеді.
Ия, адамды Алла тағала бірдей етіп жаратты, бірдей етіп сана берді. Ал Санаға саңлау түсіретін сәуле! Ол сәулені қондыратын адамның өзі. Тәрбиені алу-беру, көру, көргенді түю, оқу, білім алу, оқып білгеннен, көрген-естігеннен тағылым алу, дінді тану, табу, Алланы сүю – адам баласының өзінің істейтін қызметі, таным жолы.
Ал Сәуле - нұрдың жолы өзгешелеу! Нұр (араб.: ضوء – жарық сәуле) – 1) күн сәулесі; 2) Құдай ақиқаты мен ілімінің, шапағаты мен сипатының көрінісі деген мағыналарда жұмсалады. Құран Кәрімнің “Нұр” сүресіндегі “Алла көктер мен жердің нұры…” (24) – деген аятта Нұр Алланың шексіз мейір-шапағаты ретінде жұмсалады. Адамның жан дүниесінің, өмір сүру кеңістігінің, мекені мен мезгілінің нұрлануының басты шарты осы Нұрдың бастау көзі Алланы барынша дәріптеп, көркем есімдерін еске алу делінген. А. Иасауидің “Мират-ул Қулуб” атты рисаласында үш түрлі Нұр қарастырылып, сопылық дүниетаным категориялары ретінде ашылған: “Біріншісі – зат нұры; екіншісі – сипат нұры; үшіншісі - хақ нұры (топырақ нұры немесе жарық дүние). Бұл жердегі зат нұры – Алла тағаланың нұры, сипат нұры – Хз. Мұхаммед Мұстафа (ғ.с.) пайғамбардың нұры, хақ нұры адамзаттың бұл дүниеде көрген нұры”.
Нұр‑сәуле ұғымы Шаһкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерінде кеңінен қолданылған. “Жазған хаттың сырымен, Жарқыраған нұрымен, Тазарып жүрек кірінен, Қайғыдан басым болды азат”, “Нұрға байсың нұрыңнан зекет парыз, Мен кедеймін нұр сұрап қылдым арыз”, “Мен жомартпын жар нұрына”, “Нұрыңнан жарық жүрегім, Ғайыптан хабар білемін”, т.б. көптеген өлең жолдарында жүректі тазартып, нұрландыратын Алла тағаланың мейірім шапағаты ретінде қабылданады, қолданылады.
Ақыл біліммен толығып, танымы кеңімесе, хайуанша жүріп те күнделікті күйбең тіршілікті пенденің текке өткізіп алуы бек мүмкін. Ақыл қайраттан асып, озық тұруы жөн, болмаса терең танымға бойлау мүмкін емес екен. Абай биігі осылай дейді: