Үзік сөз сөз алладан шықҚан бу (Шаһкәрім)



бет26/69
Дата01.11.2023
өлшемі1,55 Mb.
#121245
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   69
Байланысты:
Абай поэтика

Рас сөздің кім білер қасиетін?
Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.
Данышпан Абай осылай толғаған екен, толғанған екен. «Рас сөздің кім білер қасиетін?» Қазақи діл «құдай біледі, бұл рас», «Алла көріп тұр», «Иллахи, шын сөзім» т.б. сияқты көптеген тіркестерді дүниеге әкелді. «Мен-субъект» өз сөзінің шындығын Алланың атын атап мойындата алар еді. «Дін-апиынға» баланған заманды басынан өткерген бүгінгінің ақылды басы мұндай сөзге еш сенбес. Сөзден қағаз артық болған, шындықты қағазбен айтатын заманға тап болғанымыз қашан?! Америкада болғанымызда, көз көрген, әрі таң болған жағдай бар. Онда сөзге сенеді, штамп, мөр деген жоққа тән. Американдық азаматтың бір ауыз сөзі, телефонмен айтылған бір ауыз хабарламасы, немесе өзінің жай ғана қойған қолы – бағаланады. Соған сенеді. Көлігін сату үшін өзінің қойған қолы жеткілікті. Нотариус деген аз, болса да тегін. Өзін бағалауы осындай. «Американдық азамат өтірік айтпайды» деп есептеледі. Бұл, бағалау мен бағалану, рухани жоғары деңгейді танытады. Бала жасынан бастап осылай тәрбиеленіп жатыр, мектептерде осылай үйретеді, оқытады, құлағына құяды, көңілін соған сендіреді.
Ал «менде» (бізде) қалай? Сөзге сену, бір ауыз сөздің құны бар ма? Қайдам... Ұшаққа мініп іссапарға барып жүрсіз ғой, сіз екі не бірнеше елдің кеденінен өтіп, төлқұжатыңызға мөр бастырып келсеңіз де, егер ұшаққа мінген орныңыз көрсетілген қағазды (посадочный) көрсетпесеңіз, сөзіңізге ресми орындағы отырған басшылар сенбейді? Бұл дүние жүзінде жоқ «пысықтық». Әсіресе шетелдік ғалымдарға, қонақтарға осы қағаздың тым маңыздылығын айтып түсіндірудің қиын екенін білсеңіз ғой! Мұны не деп түсіндіруге болар еді? Өзімізді өзіміз бағаламау! Сөзге сенбеу, қағаздың құдіретін сөзден арттыру деген осы болады. Ия ... өзімізді бағаламаудың бер жағы ғой бұл ...
Шынында да, «Рас сөздің қасиетін» білетіндер азайды ма, әлде қалыптасқан жағдай кісі сөзіне сенуден қалдырды ма? Өзіңді ақылдымын деп бағалайтын, Абайды оқып, оның сөзін бағалаған оқушым, сөзге сенуді баба жолынан, ел ішінен тауып, қайта үйренелік! Өзгеге сенсең, саған өзге сенер. Киелі сөздің қасиетін өзіне қайта қайтару үшін әр біріміз қызмет істеуміз керек.
Бағалаудың негізгі қасиеті сөзбен берілуінде, сөзбен өрнектелуінде. Терең барлаған кісіге «Рас» деген сөздің өзі де сенуге, сендіруге жеткілікті, өйткені араб тілінен енген «растың» түбірінде «РА» тұлғасы тұр. «Ра» «АЛЛА» есімімен байланысты. Салыстырып қараңыз: ра - раббым - рас - райс - рай - рақш т.б. (Біз бұл туралы «Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект» атты зерттеуімізде жазған едік).
Сөз - киелі. Сөз - адам баласына тән ортақ қасиет, ортақ құрал. Өзге тіршілік иелерінен адамның қасиетін арттыратын, өзгешелігін анықтайтын ең басты факторлардың бірі. Адам қолымен жасалған зат – мөрден гөрі, адам санасына Алла салған, рухани бірлік пен рухани тіріліктің көрінісі, атадан балаға жасарып, дамып жеткен ұлы мирас сөзді құдіреттеу, құрметтеу, бағалау – елдіктің, ұлттық ұлық мінез бен ұлттық білікті танытатын керемет күш болар еді. Сөздің күшіне ештеңе жете алмас еді. Сөз тасты да жарар еді, басты да жарар еді. Сөз киесі қашып кетпесін десек, Сөзді бағалауға, сөзге сенуге қайта оралайық, ағайын, дегіміз келеді.
Дүниенің төрт бұрышында болып жатқан жағдаятты әп-сәтте біліп, әлемнің тілдерін де, мәдениетін де меңгергісі келіп ынтығып жатқан өскелең мықты ұрпақ бар. Абай тағылымын бойына сіңірген кез келген жан адаспай, айналып келіп, үйірін табары, өз еліне қызмет етері хақ. Өскелең ұрпақ ақылды. Сондықтан, Рас сөздің қасиетін танып, біліп, жоққа сенбей, шынға сеніп, өз жолын өз атажұртынан тауып, атамекеннің озық мекен болуына қызмет етері анық.
Бағалау мәні бар сөздің, лебіздің сипаты алуан түрлі болады. Қазақ сөзінің құдіреті сонда: ол жақсы/жаман деп ашық атамай-ақ, астарлы ойдың көлеңкесімен көксегенін айта алады. Бағалау лебізінің прагматикалық өзгешелігі мен ерекшелігі бар. Лебіздегі бағалаудың семантикасы мен құрылымы прагматикалық жағдаятқа, оның жүзеге асу жолына байланысты анықталады.
Абай өлеңдеріндегі «адам өмірі», «адам өмірінің мәні» сияқты мәселелердің талдауын ХХ ғасырда Еуропада қалыптасқан экзистенциализм қағидаларына жақын деп қарастыруға негіз бар. Экзистенциализм - адамның өзіндік «Менін» тануы, өмір мен өлімнің мәні, еркіндіктің мағынасы, адамгершілік, рақымдылық, сұлулық, әділеттілік пен ақиқат, адамның дүниеге келудегі мақсаты, қоғамдағы орны сияқты көптеген философиялық мәселелерді шешуге ұмтылса, бағамдаған кісіге осы сұрақтардың көпшілігі Абай шығармашылығында өзіндік орын алған. Экзистенциализм бағыты өкілдерінің көзқарасы бойынша: өзіндік Менін түйсіну және өзгемен санасу адамды саналы әрекетке жетелейді. Данышпан Абай «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, Әр нәрсеге өзіндей баға бермек» деу арқылы өзін бағалау мен өзгені бағалаудың мәнін, өзгені өзіндей бағалаудың адами артықшылығын, ақылды жанның ісі екенін ерекше көрсетеді. Абай ұлылығы сонда: ол тек өз руының, өз ұлтының жыртысын жыртып, «мен мықтымынға» ешқашан салынбаған.
«Адамзаттың бәрін сүйді» Абайдай айтқан әлемде тағы кім бар екен?
Мүмкін бар болар.
Менің білетінім - Абай.
Демек, осындай ұлық мінез көрсеткен, кісіліктің келбетін, бүтін бітімдік қасиетке жетіп, толық адам болған Абайдай данышпанды әлемдік деңгейде бағалауымыз орынды. Енді отыз сегізінші Қара сөзінен шағын үзінді тыңдаңыз: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі - надандық, екіншісі - еріншектік, үшінші - залымдық деп білесің. Надандық - білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады. Залымдық - адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады. Бұлардың емі, халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын... Ол білім, ғылымы құдаға мұқтәди болсын. Ғылым әуелі ғалами ғылымға мұқтәди болсын. Яғни құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылық бина қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және құдай тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес. Бәлки, бұларсыз тағат тағат та емес».
Ақылды адамның ақылдылығы өзіне қажеттіні алумен, табумен емес, өзгені өзіндей бағалауымен өлшенеді. Экзистенциалистер де адамгершілік құндылықтарға бет бұруды өздерінің басты ерекшелігі деп танығаны белгілі. Абай көрсеткен адам баласын қор қылатын нәрселер экзистенциализмнің негізгі өкілдерін идеялық қолдаушылар саналатын Ф. Шеллинг, С. Кьеркогор, А. Шопенгауэр, Ф.М. Достаевский, Ф. Ницше сынды жазушылар мен ғалымдардың зерттеулері мен көркем шығармаларының негізі болған еді. Адамгершілік құндылықтарды адам тіршілігінің баянсыздығы тұрғысынан қарастыру басты тақырыпқа айналған бұл еңбектерді Абай шығармаларымен салыстыру көп нәтиже бермек. Алайда экзистенциализмнің барлық қағидалары Абай қолтаңбасына тән деуден аулақпыз, адам жаны, өзекмәнді іздеудегі негізгі қисындар арасында жақындық бар екенін айтпақпыз, өйткені ақын мақсаты адамды уайымға салып, күйзеліске ұшырату емес, қысқа өмірді мәнді өткізуге қозғау салу, ойландыру, іс-әрекетке жетелеу, надандықтан арылып, адамдық қалыпқа ұмтылдыру, толық адамдыққа жетуге талаптандыру. Абай болмыс мәселесін талдауда ғылыми танымға үлкен көңіл бөлген. «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады» деп жазады Қара сөзінде.
«Ғылым таппай мақтанба» тақырыбын кеңінен талдап жазған да Абай еді. Хайдеггер адам болмысының негізгі сипаттамаларын талдай отырып, әлемде өмір сүру таным акциясының, заттармен әрекет жасаудың іске асуы ғана емес, әлемнің өзі таңдау жасау мен мүмкіншілік, тағдырдың орны мен тарихи жүзеге асуы өтетін нәрсе екенін ерекше ескертеді.
Ғ. Есім «Хаким Абай» атты мақаласында: «Поэт стремится определить свое место в этой жизни. Со стороны может показаться, что он не разочарован в жизни, но рассуждая о ее бренности, поэт пишет: «Яд и ад во мне – пусть я с виду иной. В жизни мало успев, кончу путь земной». Эти мысли сходны с рассуждениям западно-европейских экзистенциалистов. Хорошо это или плохо, осуждать нам поэта или восхвалять? Думаю, ни то, ни другое. Ведь суть наших размышлений – в мировоззрении Абая, и эти мысли ценны самой постановкой проблемы – смотреть на мир глазами поэта и посредством этого познать, понять его» деп жазады [Интернеттен, 14-қазан, 2013].
Сонымен, «адами фактор», «адам өмірінің мәні» мәселесінің мазмұны күрделі, мәні терең. Тіл білімінде «әлем бейнесі», «әлем суреті», «әлем моделі», «әлемнің тілдік бейнесі», «әлемнің концептуалды бейнесі, «әлемнің когнитивті бейнесі» деген ұғымдарды туғызған бұл бағыт терең зерделеуді қажет ететін өзекті ғылыми мәселенің бірі санатында. Абай шығармаларындағы бағалау концептін таразылау барысында әлемнің тілдік бейнесінің көріністерін анықтау арқылы халықтық бағалау жүйесін де саралауға, шамалауға толық негіз бар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет