Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге Көкірегінде болсын көз.
Жүрегі - айна, көңілі - ояу, Сөз тыңдамас ол баяу. Өз өнері тұр таяу, Ұқпасын ба сөзді тез? – демей ме!
Ойлаудағы мән әрбір сөзде, әрбір морфологиялық құрылым мен синтаксистік тіркесте, орамда бар. Сол тұлғалардың мағыналық құрылым бірлігі арқылы мәтін мәні қалыптасады. Ойлау мен тіл арасындағы байланысты, қатынасты тек теориялық тұрғыдан түсініп, іздеуден гөрі, нақты деректерден танып, талдау мақұл іс. Мәтін мәні оны құраушы тұлғалардың мағынасымен бар болып тұр ғой. Айтылған ойды түсіну үшін тыңдаушы жеке сөздердің немесе грамматикалық тұлғалардың мағынасын жекелей талдап жатпасы белгілі, тыңдаушы үшін мәтіндегі мән мәнді де маңызды. Алайда грамматикалық құрылым арқылы берілетін негізгі және бастапқы ақпарат тілді меңгерген адамның түп санасында сақталады да, ойды қабылдауда осы түпсаналық ақпарат қосылып, жалпы мазмұнды түсінуге, қабылдауға мүмкіндік туғызады. Тілді меңгерудегі (әсіресе басқа тілдерді үйренуде) автоматизация дегенде осы түп санаға ақпарат жинау деп түсінеміз. Ана тіліндегі лексикалық, грамматикалық, фонематикалық ақпарат ана сүтімен бірге сіңгендіктен, оқушы немесе тыңдаушы сөзтұлғаны бөлек қабылдамай, бірге бір бүтін ретінде қабылдай алады. Сөйлемді, контексті бір бүтін бітім ретінде қабылдап, ішкі мәніне барлау жасай алады. Екінші тіл немесе өзге тілді үйрену мен ондағы мәтіндік ақпараттарды қабылдаудың басты қиындығы да осында жатса керек.
Жоғарыда келтірілген Абайдың «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез» деген өлең жолдарының ішкі мәнін түсіну үшін оқырманға, «біл» түбіріне «-ім», «-ді» сөз тудырушы жұрнақтарының жалғанып, туынды сөз туғызып тұрғаны немесе оған «ден» шығыс септігінің жалғанып, бағыттық мағына беретіні негізгі және қажетті ақпарат болып саналмайды. Оқырман «білімдіден» сөзін бүтін қабылдап, оның контекстік негізгі мағынасын ұғады. Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез сөйлемін түгел оқып шығып, мұндағы ой мазмұнын, мәтіннің ішкі мәнін түсінуге талап қылады. Мысал ретінде келтіріліп отырған сөйлемде жақсы/жаман, ұнау/ұнамау деген сыңарларына енетін сөздер жоқ. Алайда, мәтін мазмұнында бағалау бар. Ол бағалау ойдың жалпы логикалық байламында, ой мазмұнында, сол арқылы берілетін ішкі мәнде. Ең алдымен, мәтіннің өзіндік ерекше прагматикалық мәні бар. Бұл кез келген мәтінде болатын қасиет екені белгілі. Өлеңнің басқы прагматикасы айтылған сөздің құлақтан кіріп, бойға сіңуінде, ақылмен тоқылуында. Ақын өзінің сөзін, ондағы айтылар ойды бағалай біледі. Сөзінің сырын түсініп, сәулелі нұрын түйсінетіндей көкірегінде көзі бар талапты жанды іздейді, сыр сөзін соған арнайды. Бұл бағалау «білімді» деген бір сөзбен таңбаланып, шынында да, жан-жағын нұрландыра түседі. Лебіздегі бағалау семантикасы мен оның құрылымы осындай өзіндік прагматикалық жағдаят туғызады. Демек, білімі терең ақын-субъект бар. Ол өзін тыңдаушы, оқушы деңгейі үшін қажет шартын жеткізеді. Ол шарт - жүрегі - айна, көңілі - ояу, талапты кісі болуы. Өлең монолог түрінде жазылғанмен, ситуация бар, мұнда негізгі екі актант қатысады – Ақын, ол әрі бағалау субъектісі; екіншісі адресат, оқушы, тыңдаушы (айтылған пікір осыған арналады, бірақ бағалаудың нысаны болуы міндетті емес). Бағалау тілде осылайша өз көрінісін табады.
Ақын сөзін түсінетін, ұғатын жан іздейді, табады, ол көкірек көзі ашық, талапты жаста. Демек, мәтіндегі бағалауды анықтау үшін, сөздің қай сөз табына жатып, қандай мағына беретіні ғана емес, мәтіндегі басты ойдың мәнін анықтаумен тікелей байланысты. Сөздің терең ішкі мағынасының ерекше мәнді екенін толықтай қолдай отыра, сонымен бірге мәтіндегі бүтіндіктің, ұғымдық мәннің де ерекше маңызды екеніне назар аударамыз. Мән мен мағынаның ерекшелігі мен бірлігін терең барлап, олардың арасындағы қатынасты аңғаруға ұмтыламыз. Бағалау концептінің бастапқы нүктесі яғни бағалаушы нысаны да, қабылдаушысы да адам болғандықтан, бағалаудың әсері, ықпалы ерекше. Айтушының пікірі, көзқарасы бағалауда көрініс табатыны анық, өйткені субъект пікірі оның өмірге көзқарасын, тәжірибесін, таңдауын, талғамын да аңғартады.
Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» атты өлеңіне талдау жасап көрелік. Тағы да мәтінді толық береміз, өйткені бұл аксиологиялық бағалау үшін аса маңызды: