Үзік сөз сөз алладан шықҚан бу (Шаһкәрім)



бет25/69
Дата01.11.2023
өлшемі1,55 Mb.
#121245
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   69
Байланысты:
Абай поэтика

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.
Бұл кімнің бейнесі? Пенденің бейнесі. Тағы да «мұндай кісі мен емес» деп кім айта алар? Жақын адамдар бірін-бірі аңдымайды, жамандамайды, қинамайды, тағы, тағы дей аламыз ба? Қазақ дүниетанымы «ұры алыстан келмейді», «төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздығы кетеді», «ауылдағының аузы сасық» деп сөзімізді уәждейді. Немесе, «жақынын тіріде аңдып, өлгенде жылап» жүргендер қазірде аз ба? «Тірі күніңде сыйласпасаң, өлген соң жылағаннан не пайда» дейді қазақ дүниетанымы. «Тіріде сыйласпасаң ағайын, Құм құйылсын көзіңе» деп жазыпты Махамбет ақын. Сірә, адам баласын аңдитын, бақталас болатын, қызғанатын жақын, танитын жандары екенін ойлансақ мақұл, өйткені танымайтын адамның бізбен ісі болмайды ғой. Ойлаудың стереотиптеріне бағынбай, осылайша ащы да болса, шындықты шыңғырта жырлап, жылатып жазып, Абай қазақ дүниетанымына өзгеріс енгізді, барыңды қайта бағалауға, дұрыс бағалауға жетеледі.
Бағалау нысаны ретінде алынып отырған қасиет, мінез бір-біріне қарама-қарсы қойылып, қатар бағаланады. Бағалау шкаласы (+) пен (-) диапазонында жатады. Өлеңде бағалаудың мынадай сипаттары көрініс тапқан:
• тіршілік философиясы: мәні мен маңызы;
• адамның бір-бірімен қарым-қатынасы;
адам мінезінің, қасиетінің бағалануы;
• әртүрлі сапалық атрибуттардың белгіленуі - жақсылық пен жамандықтың, адамдық пен надандық қарама-қарсылығы;
• қоғамда қалыптасқан моральдық нормалар мен идеалдарды бағалау;
• қоғам өміріне, адами тіршілік болмысына өзгеріс енгізетін өзекмән көрсету қызметі орындалады.
Өзекмән деп өзекті (зәру) және мән (мәнді) сөздерін біріктіріп, жақсы менен жаманды айыру үшін ұсынылған Абай жолы, Абай жүйесі, Абай бағалауындағы тіршілік болмысы деп пайымдадық. Келтіріліп отырған бағалау сипаттары тек «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінде ғана емес, өзге де көптеген өлеңдерінің ішкі мәнін анықтайды. Мұндай өзекмән Абай өлеңдерінің негізгі мазмұны мен мәніндегі бағалаудың басты сипаты, ерекшелігі деп түсінеміз. Бәлки, тағы біз байқамаған бағалы тұстары да болуы ықтимал.
Бағалаудың басты ерекшелігі ретінде тілдік бірліктер арқылы берілген өзекмән қазақ қоғамының ішкі сыры мен ешкімге көрсеткің келмейтін, айтпайтын кердең қасиеттердің, мінездердің бетін ашып, ауруды асқындырмай, емдеу үшін диагнозын қояды. Адам мінезінің жан-жақты ашылуы, біршама тұрақты қасиеттердің жақсы-жаманы көрсетілуі өзіңді бағалау үшін де, өзгені бағалау үшін де, өзгеге бағалату үшін де қажет.
Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
Таразы да, қазы да өз бойында,
Наданның сүйенгені көп пен дүрмек.
«Қара қылды қақ жарған» деп шындықты айтқан адамды бағалайтын қазақ дүниетанымын Абай кеңейте, дамыта түседі. Ақылды адам шындықты айтып, қара қылды екіге қақ жарып қана қоймайды, қырыққа бөледі.
Ол қалай болады дейміз ғой, баяғы, қазымырлана түсіп?
«Өзгені өзіңдей көр» деген тәмсіл бар халқымызда. Абай ақылды адам әр нәрсеге өзіндей баға берсе, қара қылды қырыққа бөлгендей шындықты айта алатынын нұсқайды. Демек, өзгені өзіңдей көріп, ақылмен бағаласа, шындықты айту қиын емес, яғни, әр істің таразысы да, қазысы да ақылды адамның өз бойында. Әркім өз ісін ақылмен бағалап, таразыласа, өз шындығын өзіне айта алса – қара қылды қырық жару деген осы емес пе? Наданның сүйенгені көп пен дүрмек. Надандық жүрген жерде ақылды бұқтырады, ақыл қанша мықты болса да, надандық сүйенген көп дүрмекке салып, ақылды қашырады, тіпті өмірде жеңуі де жиі. Абай заманында да солай болыпты, қазірде де солай. Адамдық пен надандық ұстасқанда, әркімнің «мені» ақыл мен жүректі тыңдамаса, естімесе, бағаламаса, «көппен көрген ұлы тойда» адамдық жеңіле бермек. Әркім өз «Менін» таза ұстап, жоғары ұстап, ақыл мен жүректі қатар ұстап шындықты өзіне мойындатса, Абай арманы орындалмақ.
Әдебиет теориясында сыншыл реалист ақын деп танылған Абайдың, «қазақты сынаған» Абайдың неге сынағанын біз үшін бағалау, мүмкін, маңызды да емес болар, алайда Абай бағалауы әділ, шын, өтіріктен, жағымпаздықтан ада. Шындықты айтуы - сын айту болса, әңгіме басқаша. Тілдік бірліктермен таңбаланған шындық Абайдың өз «мені», өзгені өзіндей көріп, ақылмен «мен» сияқты «өзгені» бағалауы дер едік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет