Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, - деген жолдардағы сөздердің мағыналары анық, қазақ баласына толықтай түсінікті. Авторлық ойдың мазмұны да нақты. Өлең мақсаты да – осы жолдарда тұр. Көкірегіне сезім тұнған, тілдің (сөздің) байыбына бара алатын жастарға үлгі бермек үшін жазылғандығын таңбалайды. Бүтіндік ұғымы арқылы ойдың мазмұны анықталып, коммуникативтік кілті ашылады. Бұл сөз арқылы беріліп тұрған басты және нақты дерек. Ал сөзді контекстен ажыратып, бөліп алып, немесе, контекстегі сөздердің орын тәртібін ауыстырып жіберсеңіз, ой да, ойдың мазмұны да нақтылықтан ажырайды, мән кетеді; өйткені бүтіндік бұзылады. Мысалы, сезімді көкірегі, орамды тілі бар жастарға үлгі беру үшін жаздым деп өзгертер болсаңыз да, авторлық мәтіннен өзгеше болғандықтан, ішкі мән өзгеріске түсіп, бүтіндікке селкеулік түсер еді. Айталық, «орамды тілі емес», «тілі орамды» болуының мағынасы әртүрлі. «Орамды тіл» - қабыса байланысып, тілдің бір ғана ішкі қасиетін, орамдылығын, яғни ойды жеткізудегі сөздің шеберлігін анықтаса, «тілі орамды» тіркесінде тілдің қасиеті емес, белгілі субъектінің сөзге шеберлігі, сөздің байыбын танитындығы туралы ақпарат беріледі. Бірдей екі сөздің орын алмасып, екі түрлі тіркесте келуі екі түрлі ұғымды таңбалады: бірі – тілдің қасиеті; екіншісі – субъектінің (адамның) қасиеті. Демек, мәтіндегі бүтіндік қашанда өзін құрап тұрған жекелік мағынаның негізінде жасалғанымен, онымен бірдей болып қала алмайды. Бүтіндік - қашанда өзін құраушы сыңарлардың мағынасынан әлдеқайда кең, өйткені бүтіндік ұғымы таза мазмұндық категория. Пропозиция мазмұны мен оларды құрап тұрған сөздердің жалпы мазмұны бірдей бола алмайды. Сөздің ішкі терең иірімі мен күрделілігі де осында жатыр. Бүтіндіктің негізгі заңдылығы - ішкі толықтығы, аяқталғандық, негізгі көркемдік мәнге шоғырландырылу, шығарманың формасы мен мазмұны эстетикалық нысан ретінде тиянақталған, артық немесе кездейсоқ, мәнсіз, жай ғана қолданыла салған «дейді, дейді, дейді екен» дегеннен ада болу.
Мәтіннің семантикалық кеңістігі бүтіндік пен даралықты қамтиды. Әлемдік ғылыми зерттеулерде кеңінен талданған тақырып болғандықтан да, оның көптеген қыры мен сыры талданып, жіктеліп, тарамдалып, қисындары талқыланған. Ғылыми зерттеулерде қабылданған қисындарда оған фразалық бірліктер, абзацтар, бөлімдер мен тараулар еніп, іштей менталды және вербалды болып бөлінеді де, өз ішінде өзекті және виртуалды мәтін кеңістігіне ажырайды. Өзекті кеңістік негізін концептуалды мән құрайды да, мағынасы тура танылмай, жасырын сырын ішке бүгеді; виртуалды кеңістік көркем мәтіннің мазмұнын анықтап, барлық уақытта оның «адам», «кеңістік», «уақыт» сынды эксплицитті категориялары арқылы көрінеді, яғни ашық, анық сипатталады.
Мәтін бүтіндігі мен ішкі байланысы оның басты ерекшелігі. Өйткені мәтін лингвистикалық, семиотикалық зерттеудің басты нысаны болғандықтан, ең алдымен, ақпараттық және құрылымдық бірлік ретінде бағаланып, лебіздің толықтығын, аяқталғандығын, бүтіндігін қамтамасыз етеді. Бүтіндік пен ішкі байланыс мәтіннің мазмұндық және құрылымдық мәнін танытушы негізгі белгілер санатында. Мәтін теориясымен терең айналысқан ғалым Н.С. Валгина «Целостность и связность – эти, по существу, основные, конструктивные признаки текста – отражают содержательную и структурную сущность текста. При этом исследователи, в частности, различают локальную связность», - деп жазады [«Теория текста. Информационно-структурные и тональные (стилистические) характеристики текста». Москва, Логос. 2003 г. 33 стр.].
Мәтіннің ішкі байланысы, негізінен, құрылымдық көрсеткіштер арқылы өріледі, мұның өзі, түптеп келгенде, лебіздің сипатына байланысты. Ауызекі сөйлеу тіліндегі мәтінде байланыс үнемі сөздердің дұрыс тіркесуі арқылы келе бермей, оның дауыс ырғағымен астаса бірігіп, бейвербалды құралдармен толығып отыруы да мүмкін. Ал біз талдап отырғандай, поэзиялық шығармалардағы ішкі қатынас өлең сөздің құрылымы мен композициясына байланысты, шумақтағы ұйқаспен бірге өріліп, ой ағымымен бірге сөздер арасындағы байланыстар, тіркестер өлеңнің өз заңдылығымен шешіледі. Мәтіннің ішкі мазмұндық байланысын реттейтін негізгі ой желісін реттеп, анықтаушы – мәтін бүтіндігі. Мәтін бүтіндігі, ең алдымен, тақырыптық, концептуалдық және модальдық бірлікте деген ғалымдар пікірлеріне (Валгина т.б.) қосыла отырып, мәтіндегі мәндік бүтіндік, ең алдымен, айтылар ойдың нақты және толық жетуі, оқушыға түсінікті болуы, лебіздегі негізгі тақырыптың әуенімен шағын тақырыпшалардың сәйкес келіп, бір желіге құйылуы дер едік. Мәтіндегі шағын тақырыпшалар негізгі тақырып аясына шоғырланып, өзекмәнді ашуға қызмет етуі керек. Қазақтың жалпақ тілінде айтылатындай, «бірді айтып, бірге кету» мәтіннің бүтіндігіне нұқсан.
Абайдың атақты «Жаздыкүн шілде болғанда» өлеңі: