2. өзен, жылға: тағ өзі – Тау өзені деп те атайды.
3. өз кіші - өз адамы; Бұ бізнің өз кіші ол – Бұл біздің өз кісіміз.
4. өз, өзек. Жүрек пен қарынға қатысты ағзалар. Өзүм ағырды – өзегім ауырды.
5. өз: өзек. Иығаш өзі – ағаш өзегі деп те аталады. Құрма ағашының басында пайда болатын бір түрлі ақ бүрді солай деп те атайды (77-78- бет).
Қазіргі қазақ тілінде де осы мағыналары сақталып, дамытылған. Байқалатын жайт: “өз” сөзінің көрсетілген мағыналарының ұғымдық мәні белгілі бір нысанның ішкі жағын, ішкі сипатын анықтауға бағытталғаны. Осы негізге ұғымға негізделе отырып, тұлғаның мағыналары жіктеле дамыған.
Өз сөзінің ұғымдық мәні мен тұлғалық сипаты “ось” сөзімен сәйкеседі. “Өз” үлкен орталық ұғымды біріктіретін концептік тұлға. Өзек, өз, ось, өзіндік, т.б. сөздермен тұлғалық сәйкес келуі кездейсоқтық емес, олардың арасында мағыналық, ұғымдық жақындық – белгілі нысанның ортасы, ішкі жағы болуы арқылы көрінеді.
“Ел” сөзінің мағынасын М.Қашқари былайша жіктеп, түсінік береді:
1) ел, мемлекет. Бег елі – Бектің елі.
2) ашық, бос: Қапуғ елі – Қақпа алды; қақпа алдындағы ашық жер.
3) аттың тағы бір сипаттағы атауы. Ат түріктердің қанаты болғандықтан, атты el – ел деп те атайды. Атбағарларды (ат бапкерлерін) ел башы – ел басы дейтіні сондықтан. Бұл уәләят басы деген сөз болса да, одан атбағар деген ұғым аңғарылады.
4) екі ел, екі хан немесе екі бек арасындағы келісім, жарастық. Екі бек бір-бірімен ел болды.
5) ұсақ, төмен, пәс. Ел кіші – төмен адам; ел құш – Тазқара. (ұсақ құрт, құрбақа, көбінесе, өлекселермен қоректенеді. Өзі аулай бермейді. Сондай құс). (74-75 бет).
Ел сөзінің негізгі мағынасы – ұлықтық, биіктік, кеңдік ұғымдары арқылы қалыптасқан болуы керек. Ел болу – келісім, жарастық мәні де осы сема арқылы қалыптасқан, жартылай уәжделген ауыспалы мағына.
Ал ұсақ, төмен, пәс мағынасы жоғарыдағы семаға антоним ретінде қалыптасқан деп пайымдауға негіз бар. Үлкендік пен кішілік мағыналарының бір нысанға ғана қатысты антоним болатынын ескерсек, ел – ел сөздерінің үлкендік және кішілік семаға антонимдік бағытта жіктелгенін аңғару қиын емес. Осыдан келіп, бір елі, екі елі деген өлшемдік ұғымдарын анықтайтын сөз тұлғасы жіктеліп шығады. Мұндағы – і, ы -а және –е тұлғалары сияқты сөз тудырушы жұрнақ.
Білгә – “ғалым, хакім, білікті” деген мағынадағы бұл сөз білді сөзіне әліп қосылып жасалған, – деп көрсетілген.
М. Қашқари еңбегінде түзілген сөздер мен олардың анықталған мағыналары көне қазақ тіліндегі сөздер мен сөзтұлғалардың ішкі мағыналық құрылымын, олардың қолданыстағы қызметін (қызметтік) айқындауға, сөздердің даму жолын саралауға, мағыналық тарылу немесе кеңею процесін бағамдауға мол бағыт-бағдар береді, дереккөзі болады.
Қазақ сөзінің терең ішкі мағыналық құрылымының тәжірибелік тұрғыдан зерттелуіне Кодекс Куманикустың да өзіндік қосар үлесі бар.
Қазақ тіл білімінде семантика саласының ғылыми-теориялық бағытта зерттелуі ХХ ғасырдан бастау алады. Бір кезде батыстық ғылымда Катц пен Фодордың “семантика дегеніміз – лингвистика азайту (-) грамматика” деген тұжырымы белең алғаны сияқты, кеңестік кеңістіктегі өзге де тіл білімі сияқты қазақ тіл білімінде лингвистика ═ грамматика үлгісі болғаны ақиқат. Тілдің грамматикадан өзге салалары материалистік көзқарастарға сәйкес келмейтін жат идеалистік бағыт болып саналғандықтан, сөздің мағыналық құрылымы көп уақытқа дейін зерттелмей, мағына, мән деген сөздерге мән берілмегені тағы да шын.
Тіл деңгейлерінің арасындағы семантиканың өзіндік орнын белгілеу қажет болады. Тілді таңбалық жүйе ретінде танитын болсақ, кез келген тілдік таңбаның мағыналық ерекшелігі болады. Демек дыбыстық жүйе, сөз жүйесі, морфологиялық және синтаксистік жүйенің өзіндік бірліктері бар, әр бірліктің өзіне тән ерекше мағынасы бар.
Тіл – күрделі иерархиялық жүйе.
Сөздің семантикалық дамуын тарихи тұрғыдан зерделеу өте күрделі, өйткені тарихи деректердегі сөз мағыналарының даму жүйесін саралау және оның мағыналық құрылымындағы семантикалық ерекшеліктерді, иірімдерді аңғару әрі семантикалық заңдылықтар бойынша дәлелдеу күрделі ғылыми зерттеуді қажет етеді. Дей тұрғанмен сөз мағынасының даму заңдылықтарына сүйене отырып, атаудың қызметтік, мағыналық даму жолын анықтау мүмкін болады.
Мағыналық дамудың бастыларының бірі сөз мағынасының әлем бейнесін тарихи таңбалау үдерісіндегі сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы. Сөз мағынасының кеңеюі ұзақ тарихи даму үдерісінде лебізде кең қолданылу барысында жүзеге асатын құбылыс. Сөз мағынасының тарылуы осыған керісінше, ұзақ уақыт сөз мағынасының қызметінің төмендеп, қолданыс аясынан шығып қалуымен түсіндіріледі. Сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы семантикалық деривацияның нәтижесі.
Қазіргі тіл білімінде семантика мәселесі негізгі әрі өзекті мәселе болып қала береді, өйткені бұл сала тек тілдің коммуникативтік мәнін ашып қана қоймайды, сонымен бірге сөздің мазмұндық сипаты адам баласының танымдық қызметімен де тікелей байланысты. Семантика тек тіл білімінде ғана емес, философияның, гносеологияның, әдебиеттанудың, информатиканың және т.б. тілдік жүйе арқылы берілетін білік пен білім, таным процесін зерделейтін барлық ғылым салаларына ортақ зерттеу нысаны бола алады. Семантика жеке бір тілдік бірліктің, сөздің немесе тіпті мәтіннің аумағында ғана шектеле алмайды, әрбір тұлғаның, әрбір ақпарат беруші таңбаның мағыналық құрылымы денотаттық, сигнификаттық және коннотаттық мәнмен, мазмұнмен біріге астасып жатады.
Қазақ тіл білімінде семантика саласы біршама зерттеу нысаны болды десек, онда негізінен басты назарда жеке сөз мағынасы, оның мағыналық ерекшелігі зерделенді. Бұл көбінесе лексикографиялық жұмыстардан нақты көрініс береді. Кез келген тілдік бірлік мағынасы лебізде жасалып, өзінің басты контекстік мәнін анықтайды әрі әралуан түрленіп, мағыналық құрылымының әр түрлі реңін ашады.
Сөздің құдіреті де осында, контекстегі қолданысында. Сөз құдіретінің контексте ашылатыны туралы А. Байтұрсынұлынан бастап көптеген ғалымдар атап көрсетіп, оның мағыналық ерекшелігін ашуға ұмтылғаны белгілі. Әсіресе, тұлғалардың семантикалық ерекшеліктері мен семантиканың негізгі теориялық сипаты еңбектерінде терең зерделенді.
Грамматикалық құрылым терең зерделенген кеңестік кезеңдегі ғылыми жұмыстарда, мәселен, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, А. Ысқақов, А. Әбілқаев, М. Томанов, М. Оразов, Ғ. Қалиев, Ә. Болғанбаев, Ә. Құрышжанов, С. Исаев, А. Аманжолов, Е. Жампейісов, Р. Сыздық, Р. Әмір т.б. еңбектерінде лексика-грамматикалық тұлғалардың мағынасы терең анықталған. Кейінгі кездегі ғылыми жұмыстарда мәтін лингвистикасына көңіл бөліне бастады. Дей тұрғанмен, осы күнге дейінгі жазылған зерттеулерде жеке тілдік тұлғалардың семантикасы жеке-жеке қарастырылып келді (жеке сөздердің мағынасы, жеке сөзтұлғалардың мағынасы т.б.).
Ғылымының дамуы семантикалық зерттеулердің жаңа қыры мен сырын анықтап, өзгеше аспектіде жаңаша бағытта қарастырудың мүмкіндіктерін көрсетті. Мұндай ізденістер контекстік семантика деп аталатын семантикалық жаңа бағытты қалыптастырды. Ресей тіл білімінде В.Г. Колшанский есімімен тығыз байланысты бұл сала қазақ тіл білімінде біршама жақсы зерттелген. Контекстік семантика, негізінен, лебіздік қатынасқа түсетін тілдік бірліктердің мағыналық құрылымын анықтаумен байланысты, сондықтан мәтін теориясының бір бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс.
Мәтінді күрделі ұйымдасқан семантикалық құрылым ретінде тани отырып, мәтін мазмұнындағы синтагмалар сегментінің ерекшелігін анықтау да маңызды. Көркем мәтіндегі жүйелі ой барлық контекст бойында анықталғанымен, оны ерекшелеп, соны мағына мен мән туғызып тұратын ерекше синтагмалардың қолданысы екендігі еш шүбәсіз. Осыған орай «мағына» мен «мән» ұғымдарын салыстырып, салғастырып, олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындап, мәтіннің ауқымды мәнінің динамикалық дамуын саралау қажет болады. Мәтіннің мазмұндық сипаттамасын, семантикасын танудағы басты мәселенің бірі де «мән» мен «мағынаның» арақатынасын саралау болып саналады. Вербалды мәтіннің мәні оның мазмұндық бүтіндігімен байланысты анықталады, ал бүтіндік өзін құрайтын бөлшектердің, яғни жеке сөздердің мағыналары арқылы жасалғанымен, сөздер мағыналарының шеңберінен шығып, сәулеленіп, нұрланып, жаңаша бір ерекше мәнде көріне алады. Сөз патшалығының нұрлануы бұл! Мұны түсіндіру қиын, алайда «қосылғыштардың орны ауысқанымен қосынды өзгермейді» немесе «құрамындағы элементтердің қосылысынан тұрады» дейтін аксиомалар Сөз патшалығында жүрмейді. Сөз құдіреті деген ерекше! Оның әсері, түсінігі, мәні, нәрі, иірімі – пропозицияда, мәтінде. Мән мағыналардан құралады, мағыналар арқылы жасалады, бірақ дәл оның қосындысы болып қайталанбайды, қайталамайды. Мәтінде әрбір сөз өзінің белгілі мағынасы арқылы қатынасып, жаңа мәннің тууына әсер етеді, контекстік жаңаша мағына иеленіп, айтушының ойына лайық мағына беруге ат салысады. Ал мән осы мағыналар негізінде жасалып, өзіндік ерекше иірім иеленеді. Демек, мән мағынаны түрлендіріп, дамытып, оның жаңа бір қырларын анықтап, ерекше семаларын ашып, сөздің жаңаша ырғақта, ерекше лепте дамуына үнемі ықпал етеді. Атаудың қалыптасқан белгілі тура мағынасынан ауытқытып, оған ауыспалы мағына сыйлап, сөздің бабын келтіретін, ерекше әуен сыйлап, тереңдететін, жаңаша иірімдерін ашып, «толқыннан толқын туғызатын» - мән.
Ғылыми зерттеулерде «мән» мен «мағынаның» айырмашылығы туралы көптен айтылып келе жатқаны белгілі жайт. Мән мен мағына айырымы психологтарды қызықтырып, жаңа ізденістерге жол ашса, сол мақұл. Сөз мағынасы таңбаның семантикалық бір қыры ретінде болмысты, ондағы сандаған құбылыстарды бейнелесе, мән – белгілі бір сәт пен жағдайға сәйкес сол мағынаның ішінен жаңаша бір иірімін тауып, танып, ерекше семасын өмірге әкеледі, мағынаның негізінде анықтала отырып, өзі соны дамытады, өзгертеді, мағыналардың жай қосындысы емес, олардың ерекше нұрланған, сәулеленген синтезіне айналады. Міне, осындай айырмашылық мәтін авторына мол мүмкіндіктер береді. Сөздік бірліктерді қолдана отырып, өзіне қатысты мән туғызады. Авторлық мән ішкі ойдың көрінісі ретінде тыңдаушы жүрегіне жол табады. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді», жол табады – тыңдаушы үшін жеке сөздердің мағынасы емес, маңыздысы - мән. Ал Мән арқылы мазмұн бүтіндігі ашылады.
Мән туғызушы да, мәнді түсініп ұғушы да жеке субъект. Біздіңше, мағынаға қарағанда мән субъективті. Сөздің сөздікке енген, тұрақталған, сол тілде сөйлейтін халыққа белгілі негізгі мағынасы бар. Ал мәтіндегі мәнді әр оқырман өз түсінік деңгейіне сай әр түрлі түсіне алады. Мәселен: