Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар. «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, Сәулесі бар жігіттер бір ойланар. Бір кісі емес, жалпақ жұртқа айтылған үндеу сөз – бұл. «Сәуле» сөзі жоғарыда талданған-ды. «Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек, - деген данышпан сөзі білімімен, «оқы, оқы, тағы да оқы»! Таны!» ұғымымен тағы да үндесе келіп, ойлануға шақырады.
«Ит маржанды не қылсын деген сөз бар» - өлең жолынан кейін «Сәулесі бар жігіттер бір ойланар» деп жалғасады. «Ит» және «маржан» сөздері контекстік оппозицияда тұр да, соған сәйкес келесі жолда «сәулесі бар жігіттер бір ойланар» деген түбірлі оймен өлең аяқталған. Келесі ішкі мәнде (ішкі ойда) «сәулесі жоқ жігіттер мұны түсінбейді» ғой, демек, сол Ұлы данышпан айтқан сәуле «менде» бар ма деген ойдың кез келген оқырманға келері анық. Кімге болса да ой келеді, демек, адам ойланады. Өз көкірегінде сәуленің жоқ болғанын қай пенденің ішкі ойы қалайды. Жоқ. Кез келген жанның ішкі ойы «сәулеге» ұмсынады, ұмтылады, талпынады, талаптанады. Сәуленің артында нұр бар екенін ішкі бір түйсікпен түйсінеді. Ал «сәулені» іздеу, іздену, еңбектену, оқу, тоқу ол ерікке, ақылға, қайратқа тәуелді. Тағы да, бұл - кісінің өз ТАҢДАУЫ. Сәуленің болғанын қалайсың ба, онда надандықтан, «иттіктен» құтыл да, сәулені ізде, білімге ұмтыл! Қазақ дүниетанымы «итке темір не керек» деп мәтелдесе, Абай «итке маржан не керек» деп өзгертіп, надандық пен білім арасында оппозиция жасайды. Өлең шоқтығы осылайша ішкі мәнмен биіктей береді, биіктей береді.
Өлеңнің тағы бір назар аударатын мәні – толықтай әрекетке құрылуы. «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар, Іздегені не болса, сол табылар» - деп басталуынан-ақ, әрекет негізгі мәнді анықтайды. Тіршіліктің өзі тек әрекеттен тұрады. Өмір-базар – тіршілік, ал тіршілік – әрекет. Шағын өлеңдегі бүтіндік оны құраушы сөздердің мағыналары арқылы анықталып, алайда, мағыналардың жай қосындысынан емес, олардың сәулеленген мәнінен жаңаша әуен болып естіліп, жүрекке жетеді. Әрбір сөз, әрбір қосымшаға назар аударыңыз. Өлеңдегі тұнған етістіктерді санап шығыңыз. Контекстік мәнді беру үшін «тер төгіп», ішкі терең мағыналарының қажетін «бәйек» ұсынып, қажетінше, ауыспалы мағынаға ауысып, өлеңдегі мәнді толық беру үшін автор қаламының ұшында қызмет етеді. Өлеңдегі әрекет етістіктер арқылы берілгенімен, етістіктердің ерекше семалары мәнді анықтағанымен, контекстік мағыналары мәнде нақтыланады. Осылайша, сөз мағынасы дамиды, сөз мағынасы дамыса, тіл дамиды. Яғни мән сөз мағынасын дамыту арқылы жалпы жүйені белсенділікке, белсенді қозғалысқа жеткізеді. Өлең әрекетке құрылуы арқылы да тыңдаушыға тезірек жетеді, түсінікті бола түседі. Жалаң «осылай болға», «оқу керекке» құрылмай, әңгіме ұзағынан, тереңінен қозғалады. Жалпақ жұртқа арналып, үлкен дүнияуи мәселе алға тартылады. Абай «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген замандағы тыңдаушылар қаншалықты зерделі, сөзге соншалықты терең мән беріп, ар жағын барлай алды десеңізші. Бір сөзі бір сөзін алмастырып, варваризмді жарыстырған тыңдаушы емес, қазақ сөзінің мәйегін тыңдап, бесіктен ана тілінің балын емгендер болды десеңізші ... .
Сондықтан да Абай осылай жаза алды.
Ал қазір ХХІ ғасырда біз «Абайды абайлап оқиық» деп жар салып, шалыс ұйқасты шалыс басып мүдіреміз, кідіреміз ... .
Нағыз көркем шығарма уақыт талғамайды. Уақыт оны таңдап, замана елегінен бір өткізіп алған соң, көркем дүние адамзат баласына қызмет ете береді. Уақыт елегінен өткен кез келген көркем дүние әр кезеңде жаңа қырынан танылып, қоғам мүшелері қажетсінген мәнде танылады. Автордың әуелгі ойынан алыстап, жалпылық мәнге ұласа дамып, кез келген уақытта оқыған адам сол замана лебіне сай жауап ала алатын деңгейде жетіледі. Оқырман шығармадан нәр алып, ондағы сәулелі нұрды сезінсе, оның бағасы да сол. Авторлық әуелгі ниет (интенция), мақсат шектеліп қалмайды, сол уақыттағы оқырманның қабылдайтын шындығына сай субъективті мәнде түсініледі.
Базарға, қарап тұрсам, әркім барар, Іздегені не болса, сол табылар. Біреу астық алады, біреу - маржан, Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Бұл Абай заманының ғана базары емес екені, өз заманының ғана адамына түсінікті болмайтыны айтпаса да белгілі. Мағына мен мәннің арасындағы бинарлы оппозиция авторға осындай мүмкіндік береді. Ол заманның адамы мен қазіргінің арасында айырма аз, базарының да, адамының да, таңдауының да арасында айырма аз. Айырма тек сыртқы формасында ғана. Қазақ баласының сыртқы формасы өзгерді, рас білімі артық, рас, киім үлгісі бөлекше, тамағында да айырма бар. Қазір колбаса жеуді үйренген ... Ал адамның ішкі мәні де, «мені» де өзгерді ме?
Абай өлеңінің мәні қазіргі оқырманға осы қалпында түсінікті, ой салады, ойландырады, мәні терең ой тұңғиыққа емес, жарыққа, сәулеге жетелейді. Өлең жолында «былай бол», «былай болу керек» деген шаршаңқы үнмен шығар нотация-ақыл жоқ, берілген мән жеке түсінігіңе байланысты, белгілеп беретін белгі жоқ, нұсқау бар, ар жағын өзің болжап, пайымда деген тілек бар. Бірақ бұл екі ойлылық туғызбайды. Тура жол біреу, оны өзің ойлануың керек: «Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар».
Өлеңнің (жалпы көркем шығарманың) кілтін іздеу, ондағы жалпы мәнді түсінуге талаптану оқырманның патша көңілінің ісі дедік. Көркем мәннің деңгейі оқырман ой-арманының кеңдігімен, парасат-пайымының биіктігімен сабақтасып, оның жеке пайымдауы арқылы танылады. Бұл оқырманның өзіндік ішкі ойы, өзінің жеке пікірі болып қала бермек. Көркем мәтіннің ішкі мәні өзіндік ішкі болмысын сөз-таңба мағынасында, өзіндік ішкі құрылымындағы мазмұндық кеңістігінде негізгі базалық дерек ретінде сақтайды. Яғни «концептуалдық карта» көркем мәтіннің мазмұндық кеңістігі ретінде негізгі және әуелгі қалыбында қала береді.
Мәннің деңгейімен бірге оның айқындығы мен тереңдігін де ерекше бөліп көрсету қажеттілігі бар. Мәннің айқындығы – оқырманға немесе тыңдаушыға бағалы ақпарат беруде аса маңызды.
Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас Үйретуден балаға.
Тағы да Абай данышпанның «Әсемпаз болма, әрнеге» өлеңінен мысал келтірелік. Шумақтың мәні айқын. Өлең жолдарындағы ой нақты және айқын. Салмақты ойдың салиқалы сыры атау сөздердің нақты және негізгі мағыналары арқылы беріліп, бағалы ақпаратты тыңдаушыға бүкпесіз де мүлтіксіз жеткізуге қызмет еткен. Атау сөз мағыналары өздерінің негізгі мағыналары арқылы өзексемада қолданылып, тура ойды толғақсыз, бұлтақсыз тиянақтайды. Шын ұстаз, балаға үйретуден жалықпайды. Сондықтан, ақырын жүріп, анық басып, ұстаздық етсең, еңбегің далаға кетпейді, - деген пікір көзі ашық, көкірегі ояу, ұстаз жанға қаратыла айтылып, олардың ерекше болмысын айқындай түскендей. Нағыз ұстаз қандай болу керек деген сұраққа да жауап аласыз, нағыз ұстазбен мақтансаңыз да осы сөз ауызға түседі. Мәтіннің айқындығы мен нақтылығы сондай, қазіргі кезде бұл нақыл сөзге айналған тіпті кейде мақал деп те қолданатынымыз белгілі жайт.
Мәннің тереңдігі - мәннің анықтығымен тікелей байланысты, сабақтас ұғым, айтылымдағы бірнеше ой мазмұнын толық ұғыну, мазмұн дәйектілігі мен жүйелілігі. Мәтін оқырманға түсінікті болу үшін, айтылған ойдың жалпақ жұртқа жетуі үшін жазылатыны кәміл, мақсат та – осы, сондықтан оның айқын да анық, нақты да түсінікті болғаны қолданбалық тұрғысынан қажеттілік саналатыны рас. Көркем мәннің деңгейі әртүрлі болғандықтан, көркемдік шешім мен авторлық толғаныстың сан қырлылығы барлық уақытта мәннің нақты болуына жеткізе бермейді. Кейде мәннің нақты болмай, ауыспалы сипатта немесе астарлы берілуі ойдың қасаңдығы яки батыл болмауынан емес, авторлық көркемдік шешім болуы да мүмкін. Сөз құдіреті шексіз, мағынасы сан қырлы.
Мағына мен мәнді генетика-семантикалық тұрғыдан салыстырғанда, әрине, мағына генетикалық шығуы жағынан алғашқы болатынына дау жоқ. Мағына алғашқы, ал мән мағынадан туындайтын, екіншілік сипаттағы мағына. Сөз мағынасы сан қырлы болғанымен, сол тілде сөйлеушілерге толықтай түсінікті. Тіпті жаргон, арго, сленг, диалект сөздердің өзі белгілі бір әлеуметтік топқа немесе аймаққа толықтай түсінікті. Ал мән жеке түсінік-таныммен сәйкес келетіндіктен, субъективтілігі басым. Яғни өлеңнің мәнін талдауда жеке көзқарас, субъективті пікір болатыны анық. «Өлеңде әркімнің-ақ бар таласы» демекші, сөздің мәнінде, мәтіннің мәнінде әркімнің-ақ бар таласы.
Атаудың мағынасы динамикалық дамуда болып, үнемі эволюциялық кеңдікке ұласуы үшін де мәтіннің қызметі, мәтіндегі қолданысы қажет. Мәтінде қолданбаған (яғни лебізде!) тілдің болашағы бұлыңғыр, мағына дами алмайды. Мағынаның бағын жандырып, оның гауһардай жан-жағына сәуле шашыратып, көрік беретін, айшықтайтын, мөлдіретіп мағыналық қырын ашуға мүмкіндік беретін тек мәтін ғана. Ал мәтіндегі мағынаның көрінісі, сол сөздің мәні тұрақты емес, тек сол мағына сол мәтінде ғана мөлдірей көрінуі, белгілі жағдайды айшықтауы мүмкін. Абайдың «әсемпаз» сөзі осылай жасалған. Кей сөздіктердегі мағынасы осы қолданысты тұрақтату мақсатында, ақындардың да бұл сөзді қолдануы Абай сөзінен таныған, ары қарай тұрақты қолданысқа жеткізу мақсатына окказионалды сипатта жұмсалған деп пайымдаймыз. Ғылым мұндай авторлық қолданыстағы сөздер мен сөз тіркестерінің мол екенін дәлелдегелі қашан. Мәннің семантикалық феноменін анықтаудың күрделілігі де осында жатса керек.
Лебізде (мәтінде) тілдік бірліктердің мазмұны мағына мен мән түрінде көрініс табады. Мағына мәнді туғызғанымен, екеуінің арасында айырма бар екенін біршама дәлелдеп көрсетуге талаптандық.