ЛЕБІЗДЕГІ МӘН МЕН МАҒЫНА
Мәтіннің мазмұндық сипаттамасын зерделеуде оның семантикалық құрылымындағы маңызды бөлшек саналатын «мағына» мен «мәннің» қатынасы туралы мәселені қарастыру орынды. Тіл білімінде семантика ғылымы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қолданылып келеді. Алғаш сөздің ішкі мағынасына назар аударған ғалымдардың бірі В. фон Гумбольдт “тіл – ой туғызушы орган” деп танып, мынадай тұжырым жасаған: “Умственная деятельность – совершенно духовная, глубоко внутренняя и проходящая бесследно – посредством звука речи материализуется и становится доступной для чувственного восприятия. Деятельность мышления и язык представляют поэтому неразрывное единство. .. Язык есть как бы внешнее проявление духа народа: язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык – трудно себе представить что-либо более тождественное” [Вильгельм фон Гумбольдт Избранные труды по языкознанию. «Прогресс» 2000]. Неміс ғалымының осы сөздері қаншама рет қайталана сілтеме жасалғанын санамасам да, санамда осы сөздер қайта-қайта жаңғырығады. Тіл – халық рухы! Қазақ тілі - қазақ халқының рухы! Рухын менсінбейтін, рухын бағаламайтын халық бола ма? Болмайды, егер болса, ол халық болмай, бордай тозып кетеді. Алла осыдан сақтасын делік!
Неміс математигі, философы әрі логик ғалым, аналитикалық философия мектебінің атақты өкілдерінің бірі Г. Фреге «Смысл и значение» атты мақаласында мән (нем. Sinn) мен мағынаны (нем. Bedeutung, денотат) бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы бағалайды. Егер мағына (денотат) бейнеленетін зат болса, онда мән ол зат туралы ақпарат (сигнификат или десигнат), - деп жазады. Автор «Кешкі жұлдыз» және «Таңғы жұлдыз» тіркестерін салыстырып, олардың бір ғана мағына беріп, әртүрлі мәнде қолданылатынын тілге тиек етеді. Сондай-ақ, мән тек субъективті образды бейнелемейді, онда жалпыға мағлұм ақпараттың да барлығын жоққа шығармайды. Г. Фреге математика-логикалық платонизм теориясын қолдана отырып, мән – адам түсінігінің ішкі әлеміне де, сыртқы әлемдегі заттарға да қатысты емес деп танып, объективті мән өзінше «үшінші әлемді» құрайды деп жазады. Осындай айырмашылықтың нәтижесінде Фреге семантикалық үшбұрыш сызбасын жасайды: мән – мағына – атау. Ғалым былай деп жазады: «Смысл имени собственного будет понятен каждому, кто в достаточной степени владеет языком или совокупностью обозначений, к которым оно принадлежит; однако значение имен, если таковое имеется, освещается при этом лишь с одной стороны. Всестороннее знание значения предполагало бы, что о каждом данном смысле мы могли бы сразу решить, относится ли оно к этому значению или нет. Но этого мы никогда не достигнем» [Фреге Г. Предмет. Значение. Смысл. (Избранные работы.) М., 1996].
Феноменология ілімінің негізін қалушы Эдмунд Гуссерль философиясында мағына мәннің «лингвистикалық безендірілуі». Ол мағына мен мәнді жақындатып, оларды референтке қарама-қарсы қояды.
Витгенштейн мәнді анықтауда контекстің рөлін ерекше бағалайды, логикалық бейне әлемді бейнелей алады дей отырып, «Образ изображает то, что он изображает, независимо от своей истинности или ложности, через форму отображения. То, что образ изображает, есть его смысл. Истинность или ложность образа состоит в соответствии или несоответствии его смысла действительности, - деп жазады [Л. Витгейнштейн, «Логико-философский трактат»]. Ғалымдар тіл мен ойлаудың арасындағы байланыс туралы тұжырымды ойлар айтқан. А. Шлейхер “тіл – ойдың дыбыстық көрінісі, дыбысты көрініс табатын ойлау процесі” десе, Х. Штейнталь “Язык ... есть выражение осознанных внутренних, психических и духовных движении, состояний и отношений посредством артикулированных звуков,” – дей келіп, сөз бен ұғым арасындағы байланыстың мәнділігін көрсетеді.
А.А. Потебня “Язык есть ... форма мысли, но такая, которая ни в чем, кроме языка не встречается” – деп жазады. Тіл мен ойлаудың бірлігін көрсете отырып, автор сөз мағынасының мәнін анықтайды. Сөз мағынасын пайымдауда “ішкі форманың” рөлін, мұның өзі этимологияға бір табан жақындайтынын жазады. Тілдік бірліктердің ішкі формасына талдау жасап, жақын мағына мен дамытушы мағынаны айырады.
Ф. де Соссюр “Тіл дегеніміз – идеяларды жеткізіп тұратын таңбалар жүйесі” дей келіп, тіл мен тіл қызметін бөліп қарауды ұсынады. Лингвистиканың нысанын анықтау мақсатында ғалым тілдің анықтамасын береді: “Сонда тіл дегеніміз не? Біздіңше, тіл түсінігі тіл қызметі түсінігіне мүлдем сай келмейді; тіл – тіл қызметінің ең маңызды болса да, белгілі бір бөлігі ғана. Ол - әрбір сөйлеушінің тіл қызметін жүзеге асыру үшін ұжымда қабылданатын қажетті шарттылықтар жиынтығы, әлеуметтік өнім. Тұтас алғанда тіл қызметі әр текті және әр түрлі болып келеді; бірнеше салада көрініс табатындықтан, бір мезетте физикалық, физиологиялық және психикалық болатын ол, жеке және әлеуметтік салаға жатады; оны адам өміріндегі құбылыстардың нақты бір категориясына жатқызуға болмайды, өйткені олардың бәрін қалай біріктіруге болатыны белгісіз. Керісінше, тіл дербес тұтастық болғандықтан, жіктеудің (principe) бастапқы нүктесі бола алады. Тіл қызметінің құбылыстарының ішінде тілді бірінші орынға қойғанда, біз, басқаша жіктеуге келмейтін осы жиынтықта табиғи тәртіп орнатамыз. Біздің жіктеудің бастапқы нүктесі туралы тұжырымға, тіл қызметінің жүзеге асуы табиғи қабілетке негізделген, ал тіл болса үйренетін және шартты нәрсе, демек тіл табиғи инстинктпен салыстырғанда бағынышты орында тұруы керек деген қарсы пікір айтуға болатын сияқты.
Ең алдымен, тіл қызметі біз сөйлеген кезде көрінетін формасында табиғи нәрсе екені, басқаша айтсақ, біздің аяғымыз жүру үшін қажет болатын сияқты, біздің сөйлеу мүшелеріміз сөйлеу үшін қажет екені әлі дәлелденбеген. ... Тіл – шарттылық, ал шартты түрде таңдалған таңбаның табиғаты ешкімді де қызықтырмайды. Демек, сөйлеу мүшелері туралы мәселе - тіл қызметі проблемасындағы екінші кезектегі мәселе” [ауд. Е. Абақан. Тіл мен мәдениет, 2005.25-бет].
Э. Сепир: “Язык есть специфически человеческий и не инстинктивный способ передачи идей, чувств и желаний посредством системы произвольно производимых символов” дей келіп, сөздің таңба ретінде ұғымға негізделетіндігіне ерекше назар аударады. Эмиль Бенвенист тіл семиологиясына талдау жасау барысында Пирс пен Ф. де Соссюр теорияларының ерекшеліктеріне шолу жасап, сөз мағынасын зерттеудегі семантикалық тәсілді “сөйлеу туғызатын таңбалаудың ерекше тәсілі” деп меңзейді. Бұл жерде туындайтын мәселелер хабар жасаушы ретіндегі тілдің қызметімен байланысты. Хабарлауға - әрқайсысы жеке-жеке тұрып-ақ түсініктеме бере алатын бірліктердің қарапайым тізбегі деп қарауға болмайды; мағына таңбалардың қосылу нәтижесінде пайда болмай, керісінше, мағына бүтін түрде жүзеге асып, жеке “таңбаларға”, яғни сөздерге жіктеледі. Сондай-ақ, семантикалық таңбалау бүкіл референттік байланыстарға негізделген, ал семиотикалық таңбалау болса ешқандай референцияға тәуелді болмайды. Семантикалық аспект сөйлеу саласы мен сөз әлеміне ғана тән екенін көрсетеді.
Эмиль Бенвенист Соссюрдің айтылымдарға мән бермейтінін былайша ескертеді: … “бұлар қиындық туғызған сияқты, сондықтан болар, оларды ол “сөйлеуге” (“parole”) жатқызды. Бірақ мәселені шешуге оның ешқандай пайдасы болмады, өйткені мәселенің бәрі - таңбадан сөйлеуге өтуге болатын болса, ол қандай жолмен жүзеге асады? - деген сұраққа тірелетін. Шын мәнінде таңбалар - тұйықталған әлем. Таңбадан айтылымға синтагма (sitagmation) жасау арқылы да, басқа да ешқандай жолмен өту мүмкін емес. Оларды ешнәрсе өте алмайтын шекара бөліп тұр. Сондықтан да тілде екі әртүрлі саланың бар екенін мойындап, оларды зерттеу үшін әрқайсысына жеке ұғымдық аппарат қолдануымыз қажет. Біз семиотикалық деп атаған саладағы зерттеулердің негізіне Соссюрдің тілдік таңба туралы ілімі алынады. Ал семантикалық саланы жеке зерттеу керек. Ол үшін ұғымдар мен анықтамалардың жаңа аппараты жасалуы тиіс” [ауд. Е. Абақан. Тіл мен мәдениет, Алматы. 2005].
Ролан Барт “Таңдамалы семиотика. Поэтика” атты зерттеу еңбегінде сөздің мағынасын өзге семиотикалық белгілермен байланыстыра талдайды: “Мағына музыкасының қиялы; мен, тіпті, семантикалық механизмі нақтылығын жоғалтатын шексіз дыбыстық ағзаға айналуға дейін барып, тіл өзінің осындай қиялдық жағдайында еркіндік алып, өзінің табиғатынан айниды дегенді айтар едім; бұл жерде өзін жарқырата, тамаша көрсететін – фоникалық, метрикалық, мелодиялық таңбалаушы және бірде-бір таңба, жалғыз өзі тұрып, осы ләззаттың таза жамылғыш табиғатын қайталай алмайды; сонымен бірге (ең қиыны да осы) мағынаны дөрекі түрде алып тастауға, догматикалық түрде жоққа шығаруға, бір сөзбен айтқанда, қысып тастауға болмайды. Біздің рационалды тілдік тәжірибемізде бұрын болмаған теңдесі жоқ төңкерістің арқасында, тіл гуілге айналып, тұтасымен таңбалаушыға беріледі, бірақ мәнділігін жоғалтпайды: мағына дыбыстық көріністің “фонын”, артқы жақтағы көріністі жасап, алыста қараңдап тұрған тұтас, арғы жағы көрінбейтін және айтылмаған елес күйде болады” [ауд. Е. Абақан. Тіл мен мәдениет, Алматы. 2005].
Автор жалпы таңба туралы мынадай ой айтады: “Таңба – оның көз алдында тұрған таңба, - әрқашан оған тікелей берілген, ол оның көзіне Қиялдың жарқ етіп түскен сәулесіндей басылады; нақ осы себепке байланысты семиология (менің түсінігімдегі семиология дегенді қайталау артық болар) герменевтика болмайды: ол мағыналарды қазбалаудан гөрі, нақтылықты бейнелеумен айналысып, via di levare* – ден гөрі, via di porre** жолымен іс-әрекет жасайды. Оның сүйікті мәтіндерін Қиял жасаған: олар баяндаулар, бейнелер, портреттер, түрлі экспрессивті жасалымдар, идеолектілер, құмарлықтар, шындыққа ұқсаған және ақиқаттың өтірігіне ие болған құрылымдар. Таңбаны сурет салатын кенеп немесе қаласаңыз, ойдан шығарылған нәрсе ретінде қолдануға мүмкіндік беретін операциялар тізбегін мен ықыласпен “семиология” деп атаушы едім”.
Ч. Филлмордың 1975 жылы АҚШ-тың лингвистикалық институтында “Основные проблемы лексической семантики” деп аталған лекциясында сөз мағынасы мен мәтіннің мәні туралы концептуалды тұжырымы айтылады. Автордың пайымдауынша, семантика проблемасын терең меңгеру үшін, мәтінді танудан бастау орынды. “Слова является относительно общим по своему характеру, а не конкретным” деген тұжырым жасай отырып, сөз мағынасының ерекшелігі мен мәнін тек мәтіндегі айрықша мағынасының негізінде салыстырып қана аңғаруға болатындығына ерекше назар аударады [НЗЛ. 1983. 113]. Терри Виноград сөз мағынасы мен мәнін процессуалдық сематика тұрғысынан қарастырады: “С процессуальной точки зрения “семантику” следует понимать как изучение отношений между языковыми объектами и психическими состояниями и процессами, участвующими в их производстве и понимании” [НЗЛ. 1983. 126]. Автор когнитивтік ғылым адам интеллектісінің материальдық символикалық жүйе ретінде зерттелуімен байланысты деп есептейді.
Сөздің терең мағыналық құрылымын анықтау туралы ғылыми ой ХІХ ғасырда ғана айтыла бастағанымен, сөздің ұғыммен байланысы, зат пен ұғымның арасындағы байланыс туралы түсінік антикалық кезеңнен-ақ философ-ғалымдардың назарын аударған-ды.
Түркі топырағында дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фарабидың сөз және оның қолданысы, мағына мен мән, ойлау мен тіл туралы айтқан пікірлерінің маңызы ерекше бағалы. Әл-Фараби ілімінің энциклопедиялық ауқымы мен кеңдігі оның ғылыми трактаттарының басты ерекшелігі. Тіршілігінде «екінші ұстаз», «Шығыс Аристотелі» атанған ғұлама жүз алпыс трактаттың авторы. «Книга (слово) о классификации и определении наук» атты трактаты бізге ерекше жақын және маңызды. Өйткені ғылыми бөлімдердің беске бөліп, оның ең бастауына тіл туралы ғылымды қойса, бұл ғұлама жеткен ғылыми биіктік пен таным болар, бүгінгілерге тағылымы терең болуға да керек болар. Асылы, тілді бағалауда философтардан кеткен кемістік жоқ, филологтардан кеткен кемшілік жеткілікті ме деп ойлаймын. Қай философиялық зерттеулерді оқысақ та, онда тілдің орны мен маңызы ерекше бағаланады. Олай болмағанда ше? Данышпандар, шіркін, адамды адам етіп тұрған тек еңбек емес, алдымен олардың тілі екенін зар етіп жарлап, жариялап, айтып келе жатқаны қашан. Оған зер салмай, қасиетті ана тілін бағалаудан тайсақтай қашып, бұғып қалып, шамасы келсе, оның дамуына бөлінген қаржыны қылғытқан жарыместер біздің ғасырымызда шықты-ау.... (Айтайын демейсің ғой, осылай күйдіреді ғой – деген жеңгемнің сөзі есіме түсіп отырғаны).
Аруағыңнан айналайын, Әл-Фараби бабам (бір ғалымсымақ ұялмай баба атын кіші әріппен бастап жазуды айтты да, квази ғылым мен қазіргі тәжірибеде солай қалыптасып барады. Араб тілінде А-Ә-нің кіші әріпі бардай-ақ) ғылымды жүйелеуде тіл туралы ғылымды бірінші орынға қоюда аз ойланбаған болар. Заманының ең үлкен теоретигі, тілші (лингвист) ғалымы атанған жетпістен аса тіл білген ғұламаның бұл тұжырысын қалай түсінуге болар?
Ол “Слово о классификации наук” атты трактатының бірінші бөлімін “Наука о языке” деп атайды да, тіл ғылымын екі бөлікке бөліп қарайды. Бірінші: белгілі бір халықтың дүниетанымын айқындайтын сөздердің танылуы және олардың әрқайсысын айқындайтын білім; екінші: сөздерді бағындырып тұрған заңдардың ілімі. Әл-Фараби тіл білімінің ішкі заңдылықтарын әмбебап, жалпы пікірді айқындайтын заңдар ретінде зерделейді. Сол кезеңдегі араб тілінің ғылыми деректеріне, ғылымның даму дәрежесіне сәйкес, әр халықтың тіл білімі ғылымын жеті ірі бөлікке бөліп, олардың ерекшеліктері мен ішкі заңдылықтарын айқындайды. Аталған трактаттың екінші “Логика” атты бөлімінде сөздің ішкі мәніне, ойлаумен арасындағы байланысқа терең үңіліп, ғылыми тұжырымдар айтады. Ғұлама ғалым сөз – ойдың көрінісі, бейнесі деген тұжырым айтады: “Слово становится внешним благодаря голосу, а то, благодаря чему человек подтверждает для себя мнение, – это речь, расположенная в душе; то же, благодаря чему человек подтверждает свое мнение в других, – это речь, выходящая (наружу) посредством голоса” деп жазады (Избранные трактаты, 1994, 39-бет). Яғни сөз – дыбыстық жамылғышқа ие болған белгілі зат не құбылыстың атауы, ал сөйлеу (лебіз) – екінші біреуге белгілі ойды, хабарды жеткізуде дыбыс арқылы таңбаланатын пікір деп танылады. Сөйлеу – адамның жанында (душа) жататын, дыбыс арқылы сыртқа шығатын ой деп тұжырым жасайды. Көне ғылымда сөйлеу силлогизм деп аталған. Ғалым логика мен тілдің арасындағы жақындық пен байланысты терең ашады. Сөздердің барлық халық тілдеріне ортақ әмбебап белгілері бар екенін, кей сөздер мен сөз тіркестерінің барлық тілдерге ортақ болатынын талдап жазады. Мұның өзі ғалымның сөз мағыналарының ортақтығын анықтағанын көрсетсе керек. Әр тілдің өзіне тән ерекшелігі, соған сәйкес ерекше грамматикасы болатынын, ал грамматиканың барлық халықтың сөздерімен ешқандай қатынасы жоқ, грамматистер белгілі тілдегі бар деректерге ғана сүйенеді, ал логиктер сөздің мәнін ашу арқылы оның жалпы заңдылықтарын айқындайды дей отырып, сөздің жалпы болмысы мен ұғымдық мәнін зерделейді.
Орта дәуір ғылыми ұғымында “логиканың” негізгі мағынасы, мазмұны мен мәні, мақсаты СӨЗ-бен тікелей байланыста, бірлікте қарастырылған. Әл-Фараби зерттеуінде логиканың негізгі мазмұны мынадай үш мәнде қарастырылады:
1. Дыбысталу арқылы сыртқа шыққан сөйлеу (лебіз);
2. Сөз арқылы айқындалатын адам жан дүниесінің көрінісі;
3. Адам баласының жан дүниесі. Жан дүниесі арқылы адам табиғаттағы болмысты таниды, түйсінеді; ғылым мен өнердің негізгі нысанына айналдырады.
Әл-Фараби атаудың табиғатын ойлаумен тікелей байланыста, бірлікте зерттейді. Сөз – ойлаудың жемісі, бейнесі деп түсінсек, ғалым-баба ойларын тереңдей түсіне, түйсіне түсу лазым. Атау – тек белгілі дыбыстардың жиынтығынан құралмайды, сонымен бірге адам жаны мен сезімі арқылы пайда болған ойдың тікелей көрінісін таңбалайды. Осы ретте, сөздің (атаудың) семантикалық мағынасы мен мазмұнын зерттеудің мәні ерекше болады. Әбу Насыр Әл-Фараби жай сөздерді өзіне дейінгі орта ғасырдағы араб филологтарының ізімен зат есімге, етістікке және шылауға бөледі. Бұл дәстүрлі бөлініс Аристотель оқуларынан келе жатқаны тағы белгілі. Грек философтары грамматикалық категорияларды логикалық тұрғыдан зерделесе, Әл-Фараби тілді тіл білімінің нысаны ретінде қарастырып, тіл білімінің де логиканың да ұғымдық аппаратына енгізіп, терімсөзімен атайды. Ғалым сөздің мәнге толықтығын, заттың белгісі мен қасиетін атайтынына зер салады, екінші сөзбен айтсақ, сөз семантикасы ғұлама үшін аса маңызды саналады. Сөз белгілі бір түсінікті көрсетіп, белгілейді. Сөздің лексикалық мағынасында белгілі ұғым байланған, сол ұғымды белгілейді, таңбалайды. Түсінік мәселесін сөзбен байластыра қарастыратын ғұлама бұл үлкен мәселені онтологиямен, гносеологиямен, логикамен және грамматикамен байланыстыра қарастырады.
Қазақ тіл білімінде семантика саласы жиырмасыншы ғасырдың 70–80 жылдарынан бастап қалыптаса бастады десек те, сөздің мағынасын анықтау ХІ ғасыр мұрасы саналатын М. Қашқаридің “Диуани лұғат-ит түрк” атты зерттеу еңбегінен бастау алады. Бұлай деуіміздің мәнісі кез келген сөздікте, ең алдымен, сөздің қандай мағынада жұмсалатыны анықталады. Ю.Д. Апресянның мына пікірі сөзіміздің дұрыстығына бір дәлел: “Лексикография, чья практические потребности постоянно ставили теоретическую семантику перед необходимостью создать аппарат для исчерпывающего и неизбыточного толкования лексических значений, характеристики лексической и синтаксической сочетаемости слов, описание их семантических связей с другими словами и т.п.” (Лексическая семантика. 1995.6-бет).
Салыстырмалы–тарихи бағытта жазылған түркі тілдерінің тұңғыш зерттеуі болған бұл еңбекте сөздің ішкі мағынасы мен жасалу уәжділігі терең талданған. Үш томнан тұратын үлкен ғылыми мұрада мыңдаған тұлғалардың мағынасы тарихи–салыстырмалы аспектіден талданып, ғылыми тұжырымдар жасауға негіз болатын деректер ұсынады.
Ұлы ғалым сөз төркіні мен мағынасын салыстыра-салғастыра келіп, “ең ашық-айқын әрі тура-түзу тіл – тек сол бір ғана тілді біліп, парсылармен араласпайтын және шет өлкелермен барыс-келіс жасамайтын кісілердің тілі, – деп жазады.
Айталық, “от” сөзінің мынадай мағыналары көрсетілген: 1. шөп, өсімдік; 2. мал жейтін шөп, от; 3. дәрі, дауа; 4. у, захар. Берілген кей сөздердің мағынасын тереңірек анықтау мақсатында сөздің мәнін ашатын мысалдар беріліп толықтырылған. Мақал арқылы берілген мысалдар болса, сол мақалдың негізгі мәні, айту мақсаты нақты жазылады. От: мынадай мақал бар: от десе ауыз күймес. Бұл мақал сөзден тартынғандарға айтылған уәж ( Түрік сөздігі. 72 бет, аударған: А. Егеубай).
“Өз” сөзінің мағынасы былайша берілген:
“Өз” – 1. өз, өзі: жырда былай айтылған.
Достарыңызбен бөлісу: |