Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың,
Айтсаң да үдесінен шыға алмайсың, -
дегенінің заманы енді келген сыңайлы. Қоғамда жеңіл әуен, жеңілтек мінез, жел сөз - сәнге айналуда. Рухани өмірде әртүрлі мәдениеттердің бір-біріне әсер етуі қоғамдық сана типтерінің арасындағы байланысты қиындатты.
Абайдың қойған талабы:
Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?
Сүйенерлік адамды құрмет қыл,
Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан, - еді.
Қазіргінің жақсысы мен жайсаңы (мүмкін байы) әнді сатып алады да, таланттар әнін мол ақшаға сатқанын мақтаныш етеді. Барлық ақпараттық құралдар әнін сатып алғандар мен әнін сатқандардікі болса, не дерсің? «Заманың түлкі болсаның» кері ме? Ал осы топта сөз танырлық кісілер көп пе?
Абай:
Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.
Лебіз туралы ғылым лебізден бөлек бола алмайды. Барлық уақытта тіл де, лебіз де түсінісудің шарты ретінде қабылданды, классикалық философияда тілдің объективті болмыстағы мүмкіндіктері мен ұсынымы негізгі мәселе ретінде талданса, классикалық емес философияда адам санасы мен болмыстағы тілдің мәртебесі қарастырылды. Қазіргі постмодернистік философияда мәтін мәселесі мен тілдік референция алдыңғы орынға шықты. Енді негізгі мәселе тілдің объективті білім мазмұнымен сәйкес келуі емес, тілдің әлем бейнесін таңбалауының мәні, мәтіннің болмысты түсіндіруі негізгі мәселе ретінде көтерілді.
Философияда «түсінік» туралы мәселе феноменологтар мен герменевтиктер зерттеулерінде, М. Хайдеггер мен Г. Гадамар еңбектерінде зерделенді. Бұл зерттеулердің қазіргі әлемдік тіл білімі ғылымының да дамуына әсер еткені белгілі. Қазақ әдебиетінің теориясында бұл мәселеге барған бірлі-жарым зерттеулер бар болғанымен (Б. Майтанов), қазақ тіл білімінде әзірге сүрлеу салынған жоқ.
Абай өлеңінің мәні мен түсінігінің маңызы мен өзектілігі оның қазіргі заман үшін де арқа сүйер рухани күш болатындығында, үлгілік феномендігінде.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.
Өлең сөзі анық, ащы айтылған сын. Предикатив тұлға «қазақ» сөзімен аяқталып, ойды тиянақтайды да, субъекті мен предикаттың мәнін ашып, «біреу» есімдігін тиянақтап, әр қазаққа ой салады. Жалпыға бағытталған прагматикасы мен коммуникативтік қызмет палитрасы кең айтылған сөздің анықтығы - шындығын, нақтылығы – деректілігін танытады да мойындатады. Адресат-тыңдаушы өзіне-өзі сұрақ қоюы, ойлануы тиіс. Сөз! Сөзді тыңдау! Сөздің бағасын білген ел баласы «түгел сөзді» тыңдауға неге жоқ?
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өлеңдегі түсінік – қарапайым. Қазақ болмысының ғана емес, адам болмысының шындығы. Қай тілде, қай елде болса да, әр алуан формада шілдехана жасалып, ән айтылатыны, дүниеден өткенде, өлеңмен шығарып (музыкамен) шығаратыны рас. Осы бір қарапайым тіршіліктің қоңыр күйі Өлеңге айналып, адам өмірінің ішкі философиясын құрайды.
Ақынның айтпағы тіршіліктің мәні жазылған Сөзге құлақ асу, сөзге қонақ беру, сөзге мән беру, сөзге тоқтау ғана!
Абайдың Сөзге деген көзқарасы ерекше.
Өлең деген – әр сөздің ұнасымы,
Сөз қосарлық, орайлы жарасымы.
Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,
Оған кімнің ұнасар таласуы?
Шумақ риторикалық сұраумен аяқталады. Жауапты қажет етпейтін сұрақ. Жауапты қажет етпейтін сұрақтар көп... Себебі ол субъективті экспрессивті-бағалауыштық мәндегі хабарлау және өз пікірі, өз көзқарасы. Лебіздегі қызметтік парадигмадағы ерекше мәртебеге ие риторикалық сұрау. Қазақ лебізінде риторикалық сұраудың тарихи қалыптасу жолы бар, ізі бар, даму сатылары бар. Жақсы қабылданатын, терең мазмұндағы жүйелі ойдың көрінісі. Сұрау есімдіктерінің, сұрау демеуліктерінің көмегімен таңбаланып, көкірегі ояуға ой салады, ақылға сәуле түсіруге итермелейді.
Әр сөздің ұнасымы, орайлы жарасым, тәтті сөз, мағынасы түзу келуі – тыңдаушыға айтылар сөзге қойылған критерий осы! Мұнда бағалау, ойға логикалық сендіру, көзін жеткізу бар. Өлеңмен жеткізілген ораторлықтың үлгісі! Әр сөздің ұнасымы, сөз қосарлық, орайлы жарасымы, сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе тұлғаларының бірінен кейін, екіншісінің жалғаса, тіркесе келуінің өзі салмақты ойға қарқындылық, үдемелілік қосып, әсер ету күшін ұлғайта түседі. Тілдің негізгі синтаксистік жүйесіндегі дайын тұлғалар мен синтаксистік категорияларға негізделген, алайда, сөз саптауы бөлек, семантикалық құрылымы ерекше, коммуникативтік қызметі ерен, риторикалық сұраудың қойылысымен өзгеше фрагмент құрайды.
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау.
Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.
«Өлеңде әркімнің-ақ бар таласы» деп ақынның өзі айтқандай, Қазақ өлеңінде өз қолтаңбасы бар, заманында СӨЗ бәйгесін шаппай алған майталман ақын-жырауларға айтылған сын «қандай сын». Дәстүрлі жолдан шығып, жаңадан даңғыл жолға түрен салған данышпанның қазақтың жазба әдеби тілінің, көркем сөзінің қалыбы мен қисынын жаңаша жүйелегенін айту парыз. Профессор Б. Майтанов былай деп жазады: «Абай қазақ өлеңінің құрылымына түбірлі өзгерістер енгізді. Жаңа ырғақ, ұйқас, буын, сөз орамдары қиысын тауып, дүниеге келді. Ата қазақтың силлабикалық өлеңі тотықұстай түрленіп, салқын самал жұтқандай тың кейіппен жұтынып шықты, ерекше тартымды әуезділік танытты» [Абай тұлғасының ерекшелігі. «Абай институты» сайты, 18- наурыз, 2013]. Негізгі мақсат – тіл ұстарту, өнер шашу. «Тіл ұстарту» түсінігі, ең алдымен, сауаттылықпен, дұрыс сөйлеумен байланысты. Сауатты болу, білім алу, ақылға сәуле түсіру, надандықтан ада болу, көкірек көзінің ашылуы – Абай айтқан «тіл ұстартудың» басты жолдары мен жөні. Оқу оқып, білім алуға ұмтылған жанға өнер шашу! Өнердің түрі көп, сипаты алуан түрлі. Абайдың «тіл ұстарту» түсінігін бірінші қоюының да тамыры тереңде жатса керек. «Тіл ұстарту» да кез келген өсем деген, белгілі биікке жетем деген халық үшін әмбебап қажеттілік. Надандықпен көште қалған ел сөзінің тұтқасын ұстап, тіл ұстартып, өнер шашпақ мақсатым деп жариялап, далаға даналық нұрын сепсе, мол игілікті сарыла іздеп, жоғын білім мен ғылымнан тапқан данышпанның толғанысы деп қабылдау дұрыс.
Ұланғайыр дала мен оны ен жайлаған елге қонған өнер – сөз! Халықтың діліне, қанына сіңген Сөз өнері арқылы әсер ету, өнер шашу қасиетті іс деп санап, мақсат еткен данышпан ойы елдің көкірегіне сәуле түсіру. Сөйлемнің семантикалық құрылымы оның грамматикалық сипатына байлаулы болатыны шындық. Абайдың «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген жолдағы «тіл ұстарту» тұлғасының алғаш келіп, «өнер шашпақ» тіркесі содан кейін келуі де осы пікірді айғақтай түседі. Демек, ой ағыны кей ғалымдар айтқандай, сөйлемнің грамматикалық құрылымына емес, семантикалық мәнімен сәйкес. Сөзді жұптау, қандай сөзбен немесе сөз тіркесімен беру дегенді ойлаудан бұрын, қандай мағыналы сөзді қолдану дұрыс болады дегенмен байланысты. Біз бұл туралы Н.Ю. Шведованың «Грамматическая организация предложения, его отвлечённого образца, безотносительно к его данному лексическому наполнению, уже сама по себе является фактором, небезразличным для семантической структуры построенного по этому образцу предложения» [Шведова: 2005, 255] – «друг без друга они не могут жить никак», дегенімен қосыла отырып, сондай-ақ, сөйлемнің (лебіздің) мәні оның айтылу интонациясы мен тыныс белгісіне де тікелей байланысты дейміз. Кез келген лебіз қолданысы ғылыми түсініктегі жазылған идеалды схема мен модельге нақты сәйкес келе бермейтіні түсінікті. Сөйлемнің грамматикалық модельдерін түгендегеннен гөрі, семантикалық құрылым заңдылықтарын анықтау берекелі іс. Көркем әдеби тілде де, ауызекі лебізде де жеке модальділік пен экспрессивті мән араласып, бірігіп, сөйлемдегі синтагмалар сегментінің әркелкі қабылдануына жағдай жасайды.
Көркем мәтіннің семантикасын зерделеудің қалыптасқан теориясы бойынша «кеңістік», «уақыт», «адам» әмбебап ұғымдары мәтін мағынасы мен мәнін анықтаудың басты көрсеткіштері. Әсіресе, «адам» әмбебап ұғымы ерекше мәнге ие. Мәтіннің басты эстетикалық көркемдік танымдық объектісі де, хабарлау субъектісі де адам болғандықтан, ол негізгі және орталық позицияда тұруы заңдылық, сондықтан оның семантикалық кеңістігінде де адам орталық мәнді анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |