Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге. Военный қызмет іздеме, Оқалы киім киюге. Бос мақтанға салынып, Бекер көкірек керуге. Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге. Қалай сабыр қыласың, Жазықсыз күнде сөгуге? Өнерсіздің қылығы – Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге. Аз ақшаға жалданып, Өнбес іске алданып, Жол таба алмай жүруге. Алыс та болса іздеп тап, Кореннойға кіруге, «Талапты ерге нұр жауар», Жүріп өмір сүруге. Я байларға қызмет қыл, Ерінбей шауып желуге. Адал жүріп, адал тұр, Счетың тура келуге. Жаныңа жақса, соңынан Жалқауланба еруге. Қисық болса, закон бар Судьяға беруге. Ол да оязной емес қой, Алуға теңдік сенуге. Я өз бетіңмен тәуекел, Занимайся прямотой. Жеңіл көрме, бек керек Оған да ғылым, оған да ой, Қалайынша қайда енуге? Сіз, әрине, бұл өлеңді бұрыннан білесіз, оқығансыз, мүмкін мұғалімнің талабымен жаттадыңыз да. Енді ешкімнің талабынсыз, емтиханға дайындалып баға алу үшін де емес, жай ғана оқып шығыңыз. Өлеңде қолданған туынды сөздердің негізгі семалары арқылы теріске шығару мәні орындалған.
«Пайда ойлама, ар ойла!» - құрмалас сөйлеміндегі екі жай сөйлемнің орнын ауыстырып жазсақ, ар ойла, пайда ойлама болып шығар еді. Мәселе, бұл жердегі өлеңдегі ырғақта немесе ұйқаста ғана емес, мәселе, автор ұсынып отырған келелі ойдың санаға құйылуында, әсерінде. «Аласы ішінде» пенде баласының пайда ойламаған күні аз. «Пайда ойламаның» бірінші келіп, келесі кезекте «ар ойла» тіркесінің келуінің кумулятивтік мәні тереңде. Терең білуге талап еткен жан оқиды, білім жинайды, Алланың ақ жолына ұмтылады, демек, ар ойлауға бір табан жақындайды, ұмтылады, нәпсісін тыя алады. Ал нәпсі тыйылған жерде ар ойлау қиын емес.
Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге. Өлеңдегі терістеу бұйрық рай сипатында беріліп, жай ғана терістеуден, асып, риторикалық айтылым деңгейіне көтерілген. Лебіздің басынан аяғына дейін бұйрық мәнді етістіктер жұмсалған. Автор өз айтарының оң екеніне, дұрыстығына толық сенімді де және осы сенімділік пен туралық өлеңге ерекше шабыт пен көркемдік береді. Өлеңнің ішкі композициясы берік, сондықтан аяғына дейін жылдам оқып шығасыз да, тағы әр сөйлемге, әр сөйлемдегі айтылған ойдың төркініне қарап, шұқшия ойланасыз. Өлеңнің субъектілік-объектілік-предикаттық қатынаста берілуі тыңдаушыға нақты әсер етеді. Тыңдарман бар, іс бар, әрекет бар. Әрекет таңдауға байланысты, таңдауға тіреледі. Нені, қалай таңдау – тек тыңдаушы субъектінің өзі ғана шеше алатын жеке шаруасы. Өлеңде шиеленіс жоқ, таңдау бар. Оң мен сол бар, дұрыс пен бұрыс бар, әділдік пен әділетсіздіктің күресі бар. Бұл - мәңгіліктің күресі. Күнделікті тіршілікте кездесіп жататын әділдік пен әділетсіздік, дұрыс пен бұрыс, жақсылық пен жамандық. Терістеу – жалпы емес, нақты. Автор нақты сөйлеп, белгілі әрекетті, мүмкін болатын немесе болған жағдайды анықтай отырып терістейді. Терістелетін кез келген әрекет – уәжді.
Военный қызмет іздеме, Оқалы киім киюге. Бос мақтанға салынып, Бекер көкірек керуге. Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге.
Оқалы киім кию үшін ғана военный қызмет іздеу – теріс; жанбай жатып сөну үшін, оязға қызмет қылу – теріс. Автордың терістеуінің артында күшті уәжі бар. Терістеу – негізді, жүйелі ойға құрылғандықтан, кумулятивтік сипат алады.
Өлең - терістеудің биік үлгісіндей! Мұнда жекелік (жеке бір кісіге арнау мағынасы) сипат жоқ, әлеуметтік негізі ерекше терең. Қай тілде оқылса да, берер түсінік ортақ, терістеудің эмоциялық қабылдануы – ортақ. Авторлық интенция нақты ақпараттарға сәйкес құрылғандықтан, ортақ қабылдау мен ортақ түсінікке оңай қол жеткізіледі. Оның тұлғалық сипаты - екінші жақтық бұйрық рай формасы. Мұндағы тыңдаушы субъект тағы да анық, ол – сен!