Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Мәтін мәні күрделі де ауқымды, терең философия. Кез келген автордың жеке түсінігі мен сөз мағынасы арқылы бергісі келген мәні анық та нақты болмауы да ықтимал, өзіңнің түсінігіңе, пайым-парасатыңа салып таразылау – сенің міндетің. Өлеңнің сан қырлылығы оқыған сайын, тереңірек үңілген сайын ашыла түспек. Өлеңнің бірер оқығанда бір қарағандағы мәні сөздердің негізгі мағыналары арқылы түсінілуі де мүмкін. Терең мәні жеке пайымға, оқырманның дүниетанымы мен көзқарасымен астасып, жаңаша танылуы да ғажап емес.
Кей мәтіндердің мәнін қабылдау оңай және бір мәнде ғана түсінік береді. Одан өзгеше, қарама-қарсы мән іздеудің өзі еш нәтиже бермейді. Ал Абайдың мына өлеңінің түбіне сүңги бер, сүңги бер, «түбін көзде», жете алар ма екенсің?! Бұл сенің білім-білігіңе де сын. Көркем мәтіннің көркемдік құндылығы да осында жатса керек. Мәтін мәнінің кілті тек автордың өз жүрегінде. Ал түсініп, түсінікке барлау жасау – оқырманның патша көңілінің ісі. Ішкі мәнді қабылдаудың деңгейі мен тереңдігі, ең алдымен, оқырманның сөз иірімдерін, лебіз интонациясын сезгіштік қабілетіне, рухани биік деңгейіне, эмоциялық қабылдауына, сонымен бірге, әрине, дүниетаным кеңдігіне байланысты.
Абайдың «Сен де бір кірпіш - дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген өлең жолдарын мектеп жасынан оқып, жаттап, жетілсек те, мәнін әртүрлі түсінетініміз рас. Алдымен, өлең жолындағы негізгі, тірек ұғым, тема – дүние; дүние бұрыннан белгілі; ал рема – бұрыннан әркімге де белгісіз, осы жолдардағы автор ұсынған жаңалық - сен де бір кірпіш. «Кірпіш» дегенде көз алдыңызға үй салатын басты құрал – кірпіш елестейді. Сыртқы формасы шағын ғана кірпіштен құрастырылып, зәулім-зәулім үйлер салынбай ма? Ал адам ше? Абай оны дүниенің бір бөлшегі демей ме! Дүниенің бір бөлшегі болып қалану оңай болып па? Өзіңнің орныңды, жөніңді тауып, өз жолыңмен, өз бағаңмен соншалықты үлкен мына кең дүниеден өз қалыбыңмен барып қалану.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Данышпан Абай жазған төрт жол шумақты қайта-қайта оқыдым. Жүз рет іштей қайталадым. Өзіңді танудың әліппесі деп жазғаным есіме түсті. Тек өзіңді тану ғана емес, сонымен бірге өзіңді қалыпқа түсіріп, мына дүниеден орныңды дұрыс табуға шақырып тұр ғой. Ол үшін не істе дейді? Дүние қаншалықты кең болғанымен, соншалықты тар. Дүние бір қарағанда кең, ал екінші жағынан ол сенің үйіңмен, отбасыңмен, Отаныңмен, сенің туған жеріңмен, өскен ортаңмен, мектебіңмен, сыныптастарыңмен, достарыңмен т.б. шектеседі де шектеледі. Қабылдаудың шекарасын өсіру де, өшіру де, кеңейту де, көбейту де тек өз қолыңда. Ол үшін әр нәрсеге бір қызығып, әсемпаз болмай, белгілі бір бағытта, мақсатта, бір мүддемен қызмет ету керек екен. Өнерпаз болсаң, арқалан! Ізден, оқы! Білім ал!
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға, -
Көңілге сенім кіреді, ақырын жүріп, анық бассаң, еңбегің далаға кетпес, деп айналаға басқаша қарай бастайсың, сеніммен алға ұмтыласың.
Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, мәтіннің мәнін ашып, ішкі сырына үңілудің үш кезеңі бар:
• сөздің контекстегі өзекті мағынасын таңдау;
• осы мағына негізінде үстірт мәнді анықтау;
• контекстік уәж негізінде ішкі мәнді зерделеу.
Мұнымен, әрине, толық мәнді ашуға қол жеткізе алмайтынымыз белгілі. Өйткені ойдың салмағы мен сөз-таңбаға түскен бейнесін теңбе-тең деген күннің өзінде де, сөз артында сығалаған көп мағынаны кім дөп басар, сондықтан, мәнді оймен болжау жөн. Өлеңді оқығанда туатын эмоциялық коннотация тағы бар. Мәтіннің ішкі мәнін анықтауда сөзге түсетін лебіздік екпіннің де маңызы бар. Абай өлеңін оқудың өз мақамы мен өз нақышын ескеру де орынды. Өлеңді ауызша оқылуында қабылдаудың да жөні ерекше, әсерлі, сөз салмағы арта түседі. Сөз мағынасын есту арқылы қабылдау - қазақтық дәстүрлі сана. Мұндай қабылдаудың да өзіндік кезеңдері болады:
• мәтіндегі жалпы хабарламаны есту арқылы қабылдау;
• сыртқы вербалдық форма бойынша мағынаға талдау жасай түсіну;
• мәтін арқылы берілген ақпараттың ішкі мәнін ұғу.
Сондықтан да, маңызды ақпараттар бірнеше рет оқылып, түсінігіне терең талдау жасалып, ішкі мәні ұғынылады. Біз «түсіну» және «ұғу» сөздеріне де ерекше сема бере отырып қолданамыз. «Түсіну» мен «ұғу» бір-біріне жақын болғанымен, бірдей емес. Олардың арасындағы мағыналық айырмашылықты психолингвистикалық аспектіде түсіндіруге болар еді. Ұғу процесі «түсінуден» тереңірек деп шамалаймыз. Түсінуде - мәтінді оның құрамындағы сөздердің мағыналық құрылымы арқылы бағалау; тілдік тұлғалардың бір-бірімен байланысқандағы контекстік мәніне ерекше көңіл бөлу; нақты мәтіндегі нақты тілдік бірліктің мағынасы мен сөз мағыналарының қарым-қатынасына назар аудару, көңіл бөлу басым. Ұғу – түсініктің терең деңгейде қабылдануы, қабылданған ақпараттардың логикалық шешіммен байланысуы, тілдік білім деңгейінде қалмай, өзге де дүниетанымдық біліктермен ұштасуы.
Абай өлеңіндегі мына ойды қалайша қабылдап, түсінер едік:
Достарыңызбен бөлісу: |