Өнерсіздің қылығы – Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге.
Авторлық интенцияда «өнер» сөзінің мағынасы қазіргі біздер түсінетін «искусства» ұғымынан тереңірек. Білім алған, оқыған адам – өнерпаз! Ойлағанын, ішкі түйгенін айта алмай, туралықты бетің бар, жүзің бар деп айта алмай, іштен тынып, қорлыққа көніп, пікірін үнсіздікпен ішке бүгіп, қорқақтау, сөйтіп қорлықпен шіру – «өнерсіздің қылығы», білімсіз наданның ісі.
Аз ақшаға жалданып, Өнбес іске алданып, Жол таба алмай жүруге.
Бұл да - өнерсіздің ісі. Абай өлеңде «Сен» деп көрсетпегенімен, етістіктің тұлғасы арқылы жақты сөйлем құрап, субъектіні нақты атайды,
Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге. Қалай сабыр қыласың, Жазықсыз күнде сөгуге? Грамматикалық жағынан осылайша әдемі ұйымдасып, орайласып келген мәтіннің ішкі композициялық бітімі де бүтін. Әрекет бірінен кейін екіншісі келіп, сенің жан-жағыңнан қамалайды, атаудың семантикалық құрылымы арқылы да, грамматикалық тұлғалардың берілуі арқылы да терістеу сені әділдікке бұрылуға, жақсылықты, еріктілікті іздеуге бастайды, тіршілік үшін күрес жамандықпен, әділетсіздікпен еншілес болу емес, «өмір сүру - тек еңбек ақы алғаныңа мәз болып қол қою емес» (Өмір сүру қол қою ма, тек қана, Еңбек ақы алғаныңа мәз болып. Қадыр М.), жанбай жатып сөнемін демесең, қалыптасып қалған жаман әдетке қарсы шық, теріске шығарып, әділдігіңе көш, шындыққа, адалдыққа қарай көш. Ал оның жолы бар ма? Әрине, бар! Мұны Абай данышпан нұсқайды, анық көрсетеді:
... Я өз бетіңмен тәуекел, Занимайся прямотой. Жеңіл көрме, бек керек Оған да ғылым, оған да ой, Қалайынша қайда енуге? Ескіден келе жатқан тіршілік-таным қалыптастырған модельді бұзу оңай емес. Санаға семсер жүрмейді. Санаға сіңген құнды да игі дәстүр бар да, артында надандықтың қолаңса исі шығатын ескілік ізі тағы бар. Абай данышпан мұның арасын ашып алып, неден бас тарту керек және не үшін бас тарту керек екенін анық жазады. Терістеу – жүйелі де уәжді. Ақылдың сәулесі дарыған адам түсінеді, келіседі. Абай жасаған модель - осы. Терістеуге де ғылым керек, оған да ой керек.
Терістеудің альтернативі – мақұлдау. Таңдау – тыңдаушыда.
Өлең шумақтарында көп қайталанып, тұжырымды да нақты ойдың көрінісі ретінде айқындалған жолдар қазіргі қолданыста тұрақталып, еркін тіркестен гөрі тұрақты тіркеске жақындағанын да айту орынды болмақ. Күнделікті қолданыста тұрақты қолданатын «пайда ойлама, ар ойла» тіркесін осы тұрғыдан да бағалау лазым.
Терістеу өлеңде негізінен «ма, ме» сөз туғызушы тұлғалар арқылы берілген. Бәлкім терістеуді эмоциялық қабылдауда бұл тұлғаның өзіндік бір ерекшелігі бар болар (мұны психолингвистердің еншісіне қалдыралық). Болымсыз етістік арқылы жасалған терістеу сөйлемде кейде предикаттық, кейде пысықтауыштық қызметте жұмсалып, ойды тиянақтап, пысықтап, негізгі ойға ерекше мән беруге жетелейді.
Өнерсіздің қылығы – Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге. Аз ақшаға жалданып, Өнбес іске алданып, Жол таба алмай жүруге.
Жүрек шымырлатар Сөздер! Шындық! Біздің кейде күйбең де күйбең, күйгелек, күйрек тіршілігіміздің шындығы! Тура сөзді айта алмай, қит етуге бата алмай, қорлыққа көніп, алған шамалы ақшаға мәз болып жүргеніміз ... Біз өзімізді наданбыз деп ойлаймыз ба? Әсте қазір оқымаған наданнан, оқып, әріп таныған надандық артып бара ма, кім білсін? Білімі бар, әйтсе де «ақылға сәуле түсіру» жетпейді-ау, шіркін. Шағын өлең жолдарында әрекеттің кеңейтілген семантикасы бар. Бахтиннің терімсөзімен айтсақ, өлеңдегі мекеншақ тек Абай заманымен, өзіміз айта беретін ескі заманның сарқыншағы ретінде ғана шектелмейді. Қай заманға да, қай елге де, қай тілге де аударып осы өлең жолдарын талдап, шындық өмірдегі кейіпкерлерін тауып алуға болар еді. Бізде жоқ деп кім айта алар? Бәлкім Абай данышпандығының бір қыры осында жатқан болар.
Мәтіндегі әрекеттің кеңейтілген семантикасында сөздердің қызметі әртүрлі өзгеріп отырады: