Бөлшектеріне су сіңген (гидрофильді) бос жыныс ауырлап ыдыс төбіне шөгеді. Флотация қалдықтарын (флотация құйыршығы) түзеді.
Көбікті жинап, оны сығу арқылы байытылған кенді алады.
Көптеген кендер минералдарының гидрофобтық немесе гидрофильдік қасиеттері бір-біріне жақын (айырмашылықтары өте аз), оларды бір-бірінен жеке бөліп алу үшін суланғыштық қабілетін өзгерту керек. Осы мақсатпен флотация үдерісін жүргізгенде пульпаға флотореагенттер қосады.
Флотореагенттер атқаратын міндетіне байланысты: коллекторлар (жинаушы), көбік түзушілер, депрессерлер (басу, кеміту, төмендетушілер) болып үш топқа бөлінеді.
Коллекторлар ретінде беттік активті заттар биполярлы органикалық қосылыстар; мысалы: олеин қышқылы (С17 Н35СООН), нафтенді қышқылдар қолданылады.
Коллектор беттік активті зат молекуласының полярлы тобы ұсақталған минерал бөлшектеріне адсорбцияланып, антиполярлы радикалы суға бағытталған гидрофобты қабықша түзеді. Гидрофобты бөлшектер көбік бетіне жабысып, су бетіне шығады. Коллектор молекулалары адсорбцияланбаған ұсақ бөлшектер пульпада бастапқы күйінде қалып, бірте-бірте шөгіп, флотация қалдығын түзеді.
Көбік түзушілер – минералданған көбік берік, тығыз жəне қозғалмалы болуы керек. Осындай ауа көбіктерін түзу үшін пульпаға көбік түзушілер ретінде тас көмір майларының кейбір фракцияларын, ағаш қарамайын, үлкен молекулалы спирттерді қолданады. Аталған күрделі қосындылар ауа көбіктерінің сыртқы қабатына адсорбцияланған қабықша құратын заттар.
Флотореагенттер – флотациялау үдерісінің жылдамдығын арттырады. Егер флотация үдерісінің нəтижесінде минерал-концентрат жəне флотация қалдығына бөлінсе, жай немесе ұжымдық флотация деп атайды.
Минералды жеке жынысқа бөлуге таңдамалы флотация үдерісін жүргізеді, ол үшін флотация үдерісін арнаулы бірнеше рет қайталайды, əртүрлі таңдамалы қасиетті флотореагентерін қолданады.
Депрессерлер (басу, төмендету) – пульпаға қосылған коллекторлардың тигізетін əсерін төмендететін, яғни бөлшектердің гидрофильділігін арттыратын заттар. Олар: əктар, сілтілік металдардың циан тұздары.
Флотация тиімділігін ортаның рН өзгерту арқылы да көтеруге болады.
Флотация жүргізетін машина: камерадағы пульпаны механикалық əдіспен араластыратын жəне пневматикалық (қысылған ауамен) əдіспен араластыратын камералы машина болып екі түрге бөлінеді.
Термиялық байыту ұсатылған шикізат құрамындағы компоненттердің балқу температураларының айырмашылығына негізделген. Мысалы: гипс құрамындағы сап күкірт шикізаты 150-200оС қыздырғанда элементарлы күйінде бөлінеді.
1. Химиялық байыту шикізат құрамындағы компоненттердің химиялық реагенттермен əрекеттесулерінің айырмашылығына негізделген. Химиялық реакциялар нəтижесінде қоспа құрамындағы компоненттер тұнбаға тұнуы, газға айналуы, балқыған күйінде, т.б. құбылыстарға ұшырауы мүмкін. Мысалы: мыс кочеданын SіO2 қатысумен күйдіргенде мыс штейні бөлінеді: CuFeS2=FeSіO3+CuS. Құрамында балласт күйіндегі органикалық қоспалары бар шикізатты күйдіру арқылы балластан тазартады жəне т.б.
Сұйық материалдарды байыту. Сұйық материалдарды байыту: еріткішті буландыру, ерітіндіге пайдалы компонентті үстемелеп қосу, ерітіндіден бөгде заттарды тұнбаға түсіру немесе оларды газ күйіне ауыстыру (бөгде заттарды буландыру – десорбция) сияқты əдістерге негізделген.
Газдарды байыту белгілі бір газды бөліп алу олардың қоспа құрамындағы газдардың қайнау, сұйыққа айналу температураларының, ерігіштігінің айырмашылығына негізделген.
Газдардың конденсациялану температураларының əртүрлігіне негізделген əдіс – фракциялық конденсация деп аталады. Мысалы, кокс газының құрамында 53-60% сутек бар. Осы кокс газының құрамынан сутекті ажыратып алу үшін, газ қоспасын жоғары қысымда қысып жəне температураны төмендетіп конденсациялайды. Конденсациялау үдерісінің нəтижесінде күрделі газдар қоспасының құрамынан əр газ өзіне тəн температурада жеке сұйық күйінде бөлінеді. Ал көмірсутектері, көміртек оксиді, оттек жəне азот, сутек газ күйінде жеке қалады (сұйылту температурасы – 1960С).
Газдарды байыту əдістерінің көп қолданатын екінші түрі – сорбциялық əдісі газдардың сұйыққа немесе қатты заттарға (белгілі жағдайда төменгі температура жəне жоғарғы қысымда) таңдамалы сорбциялануына негізделген. Сорбцияланған газды температураны көтеріп, қысымды төмендетіп жеке күйінде десорбциялап бөліп алады. Мысалы, көмір қышқыл газы жəне күкірт сутек этаноламинде (NH2-CH2-CH2OH) таңдамалы түрде адсорбцияланып, көмірқышқыл газын 40-450С температурада адсорбциялап, 1200С температурада десорбциялайды.
Əртүрлі заттардың қайнау температураларының айырымына негізделген əдіс – ректификация. Бұл əдіспен ауаны азот жəне оттекке бөледі. Ауа негізінен оттек (20,95%) жəне азот (78,09%) тұрады. Сұйық оттек (-182,950С), сұйық азот -195,80С температураларда қайнайды. Сұйық жəне газ қоспаларын бөлуде аталған əдістер химия өнеркəсібінде кеңінен қолданылады.