1 Қазіргі кездегі эстетикалық тәрбиенің басты мәселесі – жастардың эстетикалық талғамдарының қалыптасуына теріс әсерін тигізетін келеңсіздіктерді жойып, олардың санасына эстетика мен этика қағидаларына негізделген, адамдар арасындағы қарым-қатынастың көркем бейнесін орнықтыру. Бұл ретте балалар мен жастар арасында ХVІІІ – ХІХ ғасырдағы ақын-жыраулардың эстетикалық көзқарастарын эстетиканың санаттарымен ұштастыра отырып насихаттау, осыған орай, арнайы дәрістер мен тәрбиелік іс-шараларды жоспарлы, жүйелі түрде ұйымдастырудың ұтымды болатыны белгілі болды.
2 Зерттеу жұмысының мақсаты, міндеттері мен белгілеген болжамына қол жеткізу мақсатында, алдымен, ХVІІІ – ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларында эстетикалық тәрбие беру туралы ойлардың қалыптасуының алғышарттары анықталды, олар: а) сол кезде қалыптасқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар; ә) оған дейінгі халық ауыз әдебиетінің ықпалы болып табылады.
3 ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармалары арқылы эстетикалық тәрбие беру дегеніміз – ақын-жыраулардың шығармалары мен өміріндегі көркемдікті ұштастыра қабылдау, түсіну, сол арқылы қабілеттерінің дамуына шарт түзу, эстетикалық білім мен талғамдарын қалыптастырып, эстетикалық іс-әрекет нышандарына қозғау салып, түрткі беру.
4 ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие туралы ойларды талдау олардың үлкен тәрбиелік әлеуетке ие екендігін көрсетті.
5 Зерттеліп отырған хронологиялық кезеңде өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармашылығын әдеби-педагогикалық талдау олардың шығармаларын эстетикалық санаттар тұрғысынан былайша топтастыруға болатынын көрсетті: қасірет; махаббат сезімін дәріптеу; әсемдікті суреттеу; ұсқынсыздықты шенеу; асқақтықты марапаттау; төмендікті жерлеу; табиғат сұлулығын сипаттау; адамдардың мінез-құлқы мен қарым-қатынасы; үйлесім мәселесіне арналған туындылар.
6 Сөз болып отырған кезеңдегі жыраулар мен ақындардың шығармаларын олардың эстетикалық тәрбие берудегі әлеуетін басты критерий етіп ала отырып талдау осы кезеңдегі ақындар мен жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбиенің өзіндік жүйесінің қалыптасқандығын көрсетті.
7 ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың шығармаларының эстетикалық тәрбие берудегі әлеуетін талдай отырып, тарихи-педагогикалық зерттеулер логикасына сәйкес біз оларды тәрбие процесінде қолдану мүмкіндіктерін анықтадық. Бұл мүмкіндіктер біздің бірқатар әдістемелік ұсыныстарымызда өз көрінісін тапты.
Зерттеу жұмысы барысында алынған нәтижелер мен қорытындылар мынадай ұсыныстар беруге мүмкіндік туғызады:
1 XVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың шығармалары арқылы эстетикалық тәрбие берудің тиімділігін арттыру үшін алдымен ақын-жыраулар шығармашылығындағы эстетикалық санаттарды танып білу, содан соң ғана олардың мұрасындағы эстетикалық санаттар сипатын балалар мен жастарға жеткізу және оның болашақ мұғалімдердің мектеп практикасында пайдалану мүмкіндігін көрсету – мақсатқа жетудің басты жолдарының бірі болуы қажет.
2. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойларының талдау барысында анықталғандай, мол тәрбиелік мүмкіндіктерін ескере отырып, оларды оқу-тәрбие процесі барысында қолданудың тиімділігі көрінеді. Бұл ұсынысты жүзеге асыру үшін оқытушыларға арналған «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойларын тәрбие процесінде пайдалану» арнайы семинарын және орта және жоғары мектепте оқытылу үшін «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойлары» атты арнайы курсты ұсынамыз.
3 Ұсынылған арнайы семинар мен арнайы курсты оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету үшін мазмұнында аталып отырған кезеңдегі ақындар мен жыраулардың эстетикалық тәрбиеге қатысты ойлары талданған «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар және олардың эстетикалық тәрбие туралы ойлары» атты монографияны оқу-тәрбие процесінде қолдануды ұсынамыз.
4 Аталған зерттеу жұмысының қорытындылары негізінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарында оқытылатын «Педагогика тарихы» пәніне осы кезеңге байланысты материалдар енгізілуі керек.
Біз өзіміздің зерттеу жұмысымыздың барысында ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар мұраларындағы эстетикалық тәрбие туралы ойларын талдадық, оны қазіргі оқу-тәрбие процесінде пайдалану мүмкіндігін қарастырдық. Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер оның мақсаты мен міндеттерінің орындалғанын, сондықтан қойылған проблеманың шешімін тапқанын көрсетеді. Дегенмен, мәселені оның басқа аспектілері тұрғысынан, мәселен, аталған кезеңдегі ақын-жыраулардың тәрбие теориясына қатысты, тәрбиенің түрлі бағыттарына қатысты ойларын, оларды оқу-тәрбие процесіне енгізу мүмкіндігін жан-жақты, толық зерттеу болашақтың ісі болып табылады.