Шетелдік тарихнама және Көшім Есмағамбетов. Ұзақ жылдар бойы шетелдік тарихнамадағы Қазақстан, одан қалса Орталық Азия туралы ғылыми ақпараттарды К.Л.Есмағамбетовтің зерттеумен шұғылдандығын білеміз. Оны ғылыми орта бірінші кезекте осы бағыттың кәсіби әрі білгір маманы ретінде таниды. Зерттеушінің әріптестері тарапынан мұндай баға алуына оның ең алдымен бірнеше ғылыми ізденістерінің жарыққа шығуы себепкер болды деп айта аламыз. Ғалым шетелдік советологтардың ізденістерін бірнеше еңбектерінде қамтыды. Ғылыми мақалаларын, конференциялардағы баяндамаларын айтпағанда оның шетелдік тарихнамадағы қазақ елі туралы бірнеше іргелі еңбектері бар. Олардың арасынан «Действительность и фальсификация» [7], «Көне Қазақстанды көргендер (көне дәуірден ХVІІІ ғ. орта кезіне дейін)» [8], «Что писали о нас на Западе» [9], «Қазақтар шетел әдебиетінде» [10] сынды іргелі еңбектерді атауға болады. Бұлардан басқа ғылыми форумдарда осы тақырып бойынша салиқалы баяндамаларды өмірінің соңына дейін жариялап отырды. Зерттеуші осы бағыттағы ізденістерді әрдайым қаперінде ұстап, оларға үнемі тың серпін беруге тырысты. Мәселен, шетелдік басылымдардағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысты ғылыми және ғылыми-көпшілік ақпараттарды «Желтоқсан жаңғырығы» атты қызықты мақаласында жүйелеп шықты [11]. Бұл мақалада кеңес заманындағы шетелдік советологтардың желтоқсан оқиғасы жайлы жазған еңбектерін таразылады да, бірқатар авторлардың негізгі пайымдауларын бір ізге түсірді. Сондай-ақ шетелдік ғалымдардың ислам туралы тұжырымдарын, тіл саясаты туралы ойларын, қазақ ағартушылары жайлы шетелдік мамандардың пайымдауларын, диаспорология жөніндегі пікірлерін, шет елдермен байланыстар (Қазақстан-АҚШ, т.б.) тарихи бастауларын, шетелдік интервенция, Қазақстанның Ресейге қосылуы, тың және тыңайған жерлерді игеру тарихын өзінің кесек-кесек мақалаларында сөз етті. Джон Кэстль секілді зерттеушілер еңбектері негізінде қазақ хандары (Әбілқайыр хан, т.б.) мен сұлтандарының тарихи портреттерін жаңғыртты. Батыс деректері мен әдебиеттері негізінде Қазақстанның ежелгі, орта ғасырлар мен жаңа және қазіргі замандағы тарихына сараптама жасады. Қазақ тәлімі жөніндегі шетел ғалымдарының ойларын 10 томдық «Қазақстан тәлімдік ойлар антологиясының» 8-томында (2008) жарыққа шығарып, қалың бұқара көпшілікпен таныстырды.
Соңғы жылдары ғылым айналымға енген бірқатар ғылым ақпараттарды да Көшім Лекерұлы көпшілікке жеткізуде мол еңбек сіңірді. Ол құрастырған және редакциялаған еңбектердің бірі де бірегейі «Жарияланбаған құжаттар» деп аталынады [12]. Бұл кітапта Ватикан мұрағаттарынан, Франция Сыртқы істер министрлігі Елшілігі мұрағатынан алынған құжаттар түзілген еді. Кітапқа қазақ еліне қатысты сүбелі мәліметтер енген болатын. Қазіргі таңда бұл мәліметтердің ғылыми құндылығы зор екендігі көпшілікке кеңінен мәлім болып отыр.