Қыз бен жігіт айтысы той-думанда, үлкен жиында айтылған. Айтыс қыз бен жігіттің арасындағы әзіл-қалжыңға құрылған. Қыз бен жігіт айтысына «Омарқұл мен Тәбияның», «Біржан мен Сараның», «Жамбыл мен Салиханың», «Кенен мен Ләтипаның», «Сүйінбай мен Күнбаланың» айтыстары жатады.
Салт айтысының ерекше түрі – ақындар айтысы. Ақындар айтысының маңызын академик-жазушы М.Әуезов: «Айтыс – сөз барымтасы» деген сөзбен ерекше бағалаған. Ақындар айтысына «Сүйінбай мен Тезектің», «Құлмамбет пен Түбектің», «Шөже мен Балтаның», «Шөже мен Кемпірбайдың», «Шөже мен Орынбайдың», «Жанақ пен Шөженің», «Біржан мен Сараның» айтыстары жатады.
Ақындар әр уақытта халыққа арқа сүйеген, себебі айтыс ақындары халықтың сөзін сөйлеген, елдің мұң-мүддесін жоқтаған. Елге, халыққа арқа сүйеген ақындар өз ойын ашық айта білген, сол кезеңдегі үстем тап өкілдерінің іс-әрекеттерін батыл әшкерелеген. Мысалы, айтыс ақыны Шөже Қаржаубайұлының көзі соқыр болған екен. Соны айтысқа түскен ақындар бетіне баса берген. «Шөже мен Балта» айтысында үстем тап өкілдерінің сөзін сөйлеп отырған Балтаға Шөже:
Кем-кетік толып жатыр таз бен соқыр,
Жемтік молда алдияр құран оқыр, –
дей келе:
Соқыр-соқыр дейсің де еш тынбайсың,
Соқыр десең құтылсаңшы Құнанбайдан, –
деп, Құнанбайдың соқырлығын, Алшынбайдың таздығын өлтіре сынайды.
Айтыстың мәні мен маңызы туралы С.Мұқанов: «Айтыс – ат бәйгесімен пара-пар», – деп ерекше бағалаған.
Қазақ халқының ақындар айтысының ішіндегі ең үздігі – «Біржан мен Сара» айтысы. «Біржан – Сара» айтысы айтыстың екі түрін де: қыз бен жігіт айтысын да, ақындар айтысын да қамтиды. Айтыс ақындары Біржан да, Сара да тарихтан белгілі, көпке мәлім адамдар болған.
Достарыңызбен бөлісу: |