Сара Тастанбекқызы – Жетісу өңірінен шыққан, әнші, ақын, күйші, сауықшыл қауым ортасында өскен, жастайынан домбыра алып, ән салып, «домбыра ап он үшінен сөз сөйлеген» талант иесі болған. Сара Тастанбекқызы – талай ақындармен сөз жарысына түсіп, оза шауып бәйге алған ерен жүйрік ақын. Бұл туралы Сараның:
Белгілі қанша жұртқа атым – Сара,
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара.
Домбыра ап он үшімнен сөз сөйледім,
Келемін бір сүрінбей жеке-дара, –
деген сөзінен көруге болады.
Біржан сал Қожағұлұлы – Көкшетау өңірінде туып-өскен, Ақан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Естай сияқты өнерпаздарды тәрбиелеп шығарған танымал тұлға. Біржан – қазақ халқының кемеңгер, үздік әнші, ақыны. Ол ұлы Абаймен кездескен, пікірлес, сыйлас болған. Біржан Сарамен айтысында Абайды пір тұта, мақтан ете сөйлеген. Біржанның Сарамен айтысы бүкіл халық игілігі, халықтың сүйіп тыңдайтын өлеңі болған. Біржан Жетісу өңіріне аты шыққан ақын Сараны арнайы іздеп келіп айтысқан.
Бұл үйде Сара бар ма шықсын бері,
Ауылында Тұрысбектің өлер жері, –
деген Біржан сөзінен айтыстың Тұрысбек ауылында өткенін көруге болады. Өнері мен ақындығы жағынан Біржанға тең түскен Сараның осал жері ұзатылатын күйеуінің кемтарлығы еді. Біржан да Сараны осы жерден сүріндіреді. Сара ол туралы:
Арғынға дес бермеген есіл тілім,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім, –
деп, жеңілгенін мойындаған. Сара күйеуінің кемтарлығын
Көрінсін Біржан салға ай секілді,
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді
Ұсынса, қол жетпейтін арғымағым,
Біржанға баламаймын тай секілді...
деп, ирония мен сарказмды шебер пайдалана отырып тілге тиек еткен.
Айтыста екі ақын да өздерінің сөз шеберлері екенін көрсете білген. Өздерін таныстыру барысында: «Қырандай желді күнгі аспандаймын», «Мойыным сұңғағындай жүзген қудың», «Лебізім шырынындай шәрбат судың», «Тамағым жас баланың білегіндей», т.б. теңеулер мен «Ақиық мұзбалақпын жерге түспес», «Найманда екі жүзді наркескенмін», «Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын», т.б. метафораларды тиімді қолданған.
Достарыңызбен бөлісу: |