Есімдікті тіркестер Есімдіктердің сөз тіркесінін құрамындағы анықтауыштық мағыналары бірдей емес.
Сілтеу есімдіктері заттың айтушыға алыс-жақындық бағдарын нұсқап көрсетіп анықтайды:
Ол осы өзенді жағалап Кремль жақтағы сонау көк мүйіске қарай серуендемекші еді-ау! (Ә. Әбішев.) Бұл — сонау Ұлытаудың қазағы Олжай дейтін. (Ә. Әбішев.) Бұл сөзді Сырбай қашан да кеудесін кере алған деммен айтып келеді. (С. Мұқанов.)
Сұрау есімдіктері ол құрамда заттың сұраулық сапа қатынасын білдіреді, мысалы, қай қала? нешінші мектеп?, қандай адам, қанша саулық? Мұндай құрамда айтылатын сұрау есімдіктері - қабыса байланысатын анықтауыштарға (сын есім, зат есім, сан есім, есімше және сілтеу есімдіктерінен болған анықтауыштарға) қойылатын сұрақтар. Басқалары қабыса байланысатын анықтауыштардың орнын баспайтындықтан, мұндай құрамда айтылмайды.
Жинақтау есімдіктері есімді сөз тіркесінің бағынынқы сыңары қызметінде заттың жинақталған мөлшерлік сапасын білдіреді. Мысалы: барлық жұрт, күллі ел, бүкіл дүние.
Үстеулер қатысқан есімді тіркестер Үстеулер — өздерінің лексикалық мағыналарына лайық заттың қимылдық сапасын айқындайтын сөздер. Солай болатындықтан олар көбінесе етістіктерге қатысты болып, етістікті сөз тіркесінің құрамында жиі қолданылады. (§ 26). Үстеулердің есім сөздермен тіркесуі де кездейсоқ құбылыс емес. Қазақ тілінің материалдарына қарағаида, мезгіл үстеулері сөйлем ішінде зат есім, сын есім, сан есім және бар, жоқ сөздеріне қатысты болып, солармен қабыса байланыста кеп ұшырайды. Мысалы бүгін жайлауда, енді көңілді, қазір жас, биыл жетіде, бүгін бар, ертең жоқ. Бірақ бұлар — мағыналық байланысы берік сөздердің үйлесуі негізінде жасалған бүгін келді, енді айтады, қазір барамын сияқты сөз тіркестер емес, арқауы бос тіркестер. Олай дейтін себебіміз — мезгіл үстеулері есімдермен тіркескенде, олардың тіркесу қабілеті айқын болғандықтан және мағыналық байланысы берік болғандықтан тіркеспейді, сөйлемнің жалпы мазмұны керек ететіндіктен ғана есімді сөйлемнің құрамына еніп, есім баяндауышқа мезгілдік мағына үстеу үшін тіркеседі.
Баяндауыш қызметіндегі есімдер мен үстеулердің мезгілдік қатынастағы сөз тіркесін құруына мысалдар:
Қасен қазір колхозшы. (С. Көбеев.) Біз де бүгін вахтадамыз. (X. Ерғалиев.) Ұлпа биыл жетіде. (Б. Майлин.) Бозбаламын мен де енді. (Жамбыл) Елсіздегі қарақшылар түнде бейқам, күндіз сақ. (Ғ. Мұстафин.) Осы Шыңғыстың осы қара желі өзге уақыттың бәрінде жақсы болғанмен, дәл күздігүні жайсыз-ақ. (М. Әуезов.) Қазіржалғызбын ғой, көріп отырсыз. (Ғ. Мұстафин.)
Мезгіл үстеулер сөйлемде баяндауыш болған есімдерге ғана қатысты болатындықтан, олар есімдерден қашықтап тұрып, олармен жанаса байланысуы да мүмкін. Мысалы:
Қазір ол — мал бригадирі. (Ғ. Мұстафин.) Сәрсеннің қазір екі немересі бар. (С. Қөбеев.) Бүгін онда бір түрлі сергектік, сезімділік бар. (М. Әуезов.) Жомартта әлі үн жоқ. (Ғ. Мұстафин.)