Үшіншіден, ел тағдыры сынға түскен жаугершілік замандарда билер батыр-баһадүрлермен қатар атқа қонып, қарамағындағы тайпаластарынан жасақ құрып, мемлекет тұтастығын, ұрпақтар азаттығын қорғауға ұйытқы болған, қолбасшылық қызмет атқарған.
Төртіншіден, би атағы мұрагерлік заңымен берілетін лауазым емес. Көшпелілер мәдениетінің ерекше қыры — шешендік өнерді меңгермейінше, тек әдет жосындарын жетік біліп, әділет принципін ұстану арқылы ғана би атану, ел сенімін иелену мүмкін болмаған. Халық арасында бір ауыз сөзбен құн кешіп, жалғыз уәжбен дау шешкен ділмарлардың аты ардақталып, төрелік істері үлгі-өнеге тұтылған.
Әйтсе де, қазақ тарихында атадан балаға билік тізгінін жалғап, бірнеше ұрпағы ел ішінде би атанған әулеттер өткен. Мұндай айрықша қасиет дарып, абырой қонған әулет билігін халық шынжырқатар деп атаған. Билердің әлеуметтік-саяси статусы қазақ ұлысының тарихындағы әр қилы өтпелі кезеңдерге, алмағайып уақиғаларға байланысты өзгеріп отырған. Әсіресе, орталықтандырылған хандық биліктің пәрменін нығайтуды талап ететін әскери-жорық жылдарында плебисцитарлық, яки халықтық демократияның классикалық үлгісі ретіндегі би билігі — төрелік ету, әкімшілік басқару рөлі төмендей түскен. Мысалы, Шыңғыс ханның, сондай-ақ, хандық билікті қалпына келтіру үшін күрескен Кенесарының тұсында билер өкілеттілігін шектеп, сұлтандар мен қол бастаған батырларға басым билік берілген. Әсіресе, патшалық Ресейдің отаршылдық пиғылмен жүргізген құқықтық-әкімшілік реформалары қазақ даласындағы дәстүрлі саяси құрылымды түбірінен өзгертті.
1822 жылғы реформадан кейін хандық билік жүйесі күйреді. Ал билер институты 19 ғасырдың аяғына дейін формальді түрде өмір сүрді.
1854 жылдан бастап би атағын сұлтандар мен ауыл ақсақалдары қоғамдық сайлау арқылы, округ басшыларының бекітуімен алды.
1868 ж. 21 қазандағы “Далалық облыстарды басқару туралы ереже” бойынша, би атағы уақытша, тек қызметтік лауазымды атқару барысында ғана берілетін болды.
Ресей патшалығының қазақ даласын отарлау саясатын түбегейлі жүзеге асырған құжат — 1891 ж. 25 наурыздағы “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже” дәстүрлі потестарлы билік жүйесін толық істен шығарып, би лауазымын жойды. Тәуелсіздік алып, дербес даму жолына түскен Қазақстан жұртшылығы замана талабына сай мемлекеттік жүйе мен саяси құрылым қалыптастыру үшін дәстүрлі құқықтық мәдениеттің демократиялық-гуманистік принциптерге құрылған билер төрелігі тәрізді жекелеген институттарын қайта жаңғырту қажеттігін жақтады. Елдің сот жүйесінде билер институты қалпына келтіріп, оған жергілікті заң бұзушылық көріністеріне, неке дауы, отбасы, ағайын-туыс араздығы тәрізді келеңсіздіктерге төрелік ету функциясын беру туралы ұсыныстар жасалды.