«ФИЛОЛОГИЧЕСКИЕ НАУКИ В ОБРАЗОВАТЕЛЬНОМ ПРОСТРАНСТВЕ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН» 153
Жансүгіровтің «Қолбала» поэмасы», «Ілияс және фольклор», «Ілияс – әдебиет
зерттеушісі», «Ілиястың Фатимасы», «Рухани сабақтастық ізденістері» атты жеке
тарауларда Ілияс Жансүгіровтің сан-салалы шығармашылығы барынша тұтас жүйеде,
дамыта зерделенген ғылыми мазмұнда қисындалуымен бағалы.
Автор Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық өмірбаянын осы бағыттағы
еңбектердегі мәнді деректермен, ақын Ілиястың шығармашылық қалыптасу кезеңдерін
ықпалды өмір фактілері ауқымында, дәуір, кезеңдік ахуалдардың ғұмырбаяндық айқын
таңбаларын әсерлі психологиялық толғамдармен толықтыра жазған. Ілиястың әуелде азан
шақырып қойған атының Қызырілияс болғандығы, оны әйгілі Молықбай күйшінің
қойғандығын құлаққағыс ете отырып, басталған өмірбаян көзкөргендер естелігімен, елең
еткізердей өмір деректерімен ширақ баяндау мақамында ынтықтырып, ілестіріп отырады.
Шара Кыяхметова қаламының қысқа, нұсқа, әрі сол қысқа ақпараттарға қажетті
мәнді мазмұн сыйғыза отырып, ғылыми тоқтамдарды да ұтымды кіріктіріп отыру мәнері
шығармашылық тұлға ғұмырбаянын жазудағы қалыпты қасаң академизімге бой
алдырмайды. Шығармашылық тұлға ғұмырбаянын өмір құбылыстарымен мейлінше
жанды байланыста қамтып жазудың әдеби таным қалыптастырудағы әлемдік, отандық
озық тәжірибелері үдерісінде жазылған Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық өмірбаянына
автор ақынның жан құбылыстарын, жеке бас тағдыр иірімдерін, қатпар-қатпар өмір
қабаттарының астарын аңғарта, бүктеуін жаза отырып жеткізуге ден қойған.
Ілиястың атасы Берсүгірдің сөз ұстаған, елге ұлтқа жақсылармен араласып жүргені,
ХІХ ғасырдың орта тұсында Жетісудың Ресейге қосылу актісіне қатысқан ортада
болғандығы, Шоқан Уәлихановтың Қашқар сапарында Ақсу бойында қарсы алып, ілтипат
көрсеткені, Жетісу өңірінің игі жақсыларының ішінде жүргендігі – былайғы көпшілік
қауым үшін беймәлім, қызық деректер.
Ақынның өз әкесі де ел білген, өнерлі адам. Оның зергерлік - ұсталық, саятшылық
– салдық, ісмерлік өнеріне қоса айтулы молда болғандығы да – Ілияс ақынның
шығармашылық зертханасын, қаламгерлік тұлғалық әлеуетін танытудағы тағы бір мәнді
дерек.
Кеңестік кезеңде, тіпті кейініректе де жазылған ақын ғұмырбаянында әкесінің
молдалық дәрежесі туралы қаншалықты мағлұмат болғандығы - бір басқа. Саяси
қысымнан азат ендігі зерттеу еңбектері үшін маңызды дерек. Зерттеуші Шара Кыяхметова
осы бағытта Ілияс ақындығының бастауында ғасырлар бойы аса зор рухани кеңістік
түзген дін негіздерінен тарайтын ұлы мұраның болғандығын қадап айтады.
«Жансүгір сол кездің дәрежесімен салыстырғанда сауатты, бармағынан бал тамған
өнерлі жан болған екен. Темірден тебен соғып, ағаштан өрнек шапқан, етік тігіп, тон
пішкен зергер болыпты. Бұған саятшы, салдығын қосып алғанда Жансүгірдің қалың елдің
қадірлісі болғанын көреміз. Ел арасында айтулы молда, атақты зергер атанса да, соның
біреуін де нәпақа айырар кәсіп етіп, мал жинап көрмеген.
Ілиясқа көп үміт артқан. Дін кітаптары мен басқа ел ақындарының жырлары,
айтыстары мен көне ауыз әдебиет үлгілері құйма құлақ ұғымтал Ілиястың қанбай жұтар
кәусарына айналады. Ілияс аузынан уыз сүті кетпеген балаң кезінен-ақ қазақ ауыз
әдебиетінің ұлы рухымен нәрленіп, өмірді танып-білуге, оның тылсым терең сырларын
ашып, астарлы мағыналарын ұғынуға құмар болып өсті. Бұл тұрғыда Шығыс аңыздары,
поэмалары, халық әңгімелері, сондай-ақ, өзі жастайынан көріп, өз құлағымен ұйып
отырып тыңдаған Молықбай, Шөже, Әсет, Бақтыбай, Сүйінбай, Майра, Сара, тағы басқа
әйгілі ақындардың өміршең дәстүрі мен әсер-ықпалы да оның жанын жадырата түсіп,
ақындыққа қарай үйіріп, баурай береді. Ілияс күллі «Еңлік - Кебек» дастанын, «Қозы
Көрпеш – Баян сұлу» жырын жатқа айтып беретін болған, ол жырлардың бірнеше
нұсқасын білген. Бұл «ақынның құлағын қырға түріп жүрген кезі».
Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген әкесі бойындағы барлық жақсы қасиетін,
білімі мен өнерін Ілиясқа үйретуден танбайды [3, 5]. Ілиястың бірер ай ғана оқығанымен,